Экология • 10 Қазан, 2019

Алматыда Орталық Азия елдерінің экологиялық форумы өтті

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жердің құнарсыздануы - бүгінде күллі әлемді алаңдатып отырған мәселе. Климаттың өзгеруі, Орталық Азиядағы әр алуандықты сақтау жайттары Алматыда өткен үш тарапты келіссөздер аясында талқыға салынды.

Алматыда Орталық Азия елдерінің экологиялық форумы өтті

Алқалы жиында жердің тозуына жол бермеудің амалдары қарастырылып, өзге ел мамандарымен тәжірибе алмасылды. 15 жыл ішінде осы процестерді жою мақсатында елімізде халықаралық ұжымдармен бірлесе жасалған 30-дан аса жоба қолға алынған. Жалпы  құны 50 миллион АҚШ долларына бағаланған жобалардың ішіндегі ең маңыздысы – Арал теңізінің мәселесі. Осыдан бірер жыл бұрын ғаламдық экологиялық қор Орталық Азия елдеріне 2 миллиард АҚШ доллар қаржы бөлген. Осы қаржы жерді тиімді пайдалану мен тозудан сақтауға бағытталмақ. Өзбекстан өз кезегінде барлық мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып, Әмудария мен Сырдария су ресурстарын пайдалану жөніндегі конвенцияны жандандыруды ұсынды.

Климаттың жаһандық өзгерісі, құрғақшылық пен ыстық ауа райы фермерлерге кері әсер етіп отыр. Сарапшылар  экономиканы экологиядан бөліп қарамауымыз керек. Сонда ғана тепе теңдік болады. Табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы жаһандық жылыну үрдісін жылдамдатуда.Осыған байланысты, мамандардың бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай  ағын суға деген сұраныс 30% артады. Сондықтан су ресуртарын тиімді пайдаланып, заманауи технологияны көбірек ендіру бағытында күш біріктіру маңызды, дейді сарапшылар.

«Осы уақытқа дейін  56 мың гектар жерге сексеуілден орман отырғыздық. Біз бұл жүмысты әрі қарай жоспарлауды жалғастырамыз. Кореяның орман қызметтерімен өткен жылы 10 мың гектер ектік, биыл 3 мың гектар отырғызу жоспарлап отырмыз», – деді Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар Вице-Министрі Ерлан Нысанбаев.

Орталық Азия елдерінің қатысуымен өткен шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінен 60-қа тарта сарапшы қатысты. Сарапшылардың пайымдауынша, Жердің құнарлығы төмендесе, өнімнің көлемі де азаяды. Бұл экономиканың дамуына кесірін тигізеді.

«Бүгін Қазақстандағы жердің 50 пайыздан 80 пайызға жуығы құнарсызданған. Бұл барлық салаға әсер етіп отырған көрінеді. Оның ішінде суды тиімді пайдалану жұмыстары да бар. Бұл проблеманы шешу жолында алда біршама жұмыстар атқарылады. Жердің құнарсыздануы – жалпы Орталық Азия елдеріне қатысты ортақ мәселе», – деді Қазақстандағы БҰҰ-ның даму бағдарламасының аға техникалық кеңесшісі Элли Кодси.