Әлем • 12 Қазан, 2019

Анкарада «Тамыры терең тарихтан жарқын болашаққа Қазақстан» атты жиын өтті

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 

Үстіміздегі жылдың 10 қазанында Анкара қаласында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және Стратегиялық зерттеу орталығының (SDE) ұйымдастыруымен «Тамыры терең тарихтан жарқын болашаққа Қазақстан» атты конференция өтті.

Анкарада «Тамыры терең тарихтан жарқын болашаққа Қазақстан» атты жиын өтті

Алқалы жиынға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, SDE басшысы Мухаммет Саваш Кафкасиялы, Түркия Жоғарғы кассациалық сотының төрағасы Исмаил Рүштү Джирит, Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі (ТҰҰМ) депутаты Эркан Акчай, Сыртқы істер министрлігінің өкілі Орхан Ышык, ғалымдар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияның беташар сөзінде орталық басшысы Мустафа Саваш Кафкасиялы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бейбітшілікке қосқан үлесіне тоқтала отырып, Тұңғыш Президентіміздің өз өкілеттігін тоқтату бойынша тарихи шешімі, сондай-ақ, Астана процессі туралы ой өрбітті.

аНКАРА

Егемен еліміздің қысқа мерзімде әлемнің сыйлы мемлекеттерінің біріне айналғанына және әртүрлі салалардағы маңызды жетістіктеріне тоқталған ТҰҰМ депутаты Э.Арчай Қазақстанның түркі мемлекеттерінің қара шаңырағы және мақтанышы екенін баса айтты. Екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы қысқаша баяндаған мәжіліс депутаты Түркі әлемінің рухани орталығы Түркістан туралы да сөз қозғады.

Түркия Жоғарғы кассациалық сотының төрағасы Исмаил Рүштү Джирит Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған ел Түркия екендігін еске сала отырып, Елбасының түркі әлемі ынтымақтастығындағы роліне тоқталды.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елші А.Сапарбекұлы Қазақстанның өткенін таразылап, келешігіне көз салуға арналған жиынның ұйымдастырылуына атасалысқан баршаға ризашылығын білдірді.

Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихына қысқаша шолу жасаған Қазақстан Елшісі еліміздің жетістіктерін атап өтті. Жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев туралы мәлімет берген Елші А.Сапарбекұлы Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа жолдауы туралы егжей-тегжейлі баяндай отырып, Қазақстанның Түркі әлемімен байланысы нығая түсетінін баса айтты.                Қ-Ж.Тоқаевтың әлемге аты шыққан Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының негізін қалаушылардың бірі ретінде еліміздің теңгерімді және бейбіт сыртқы саясатын жалғастыратынын жеткізді.

Салтанатты жиын SDE төрағасының орынбасары Алпер Танның басшылығындағы Түркия СІМ өкілі Орхан Ышык, Хаджы Байрам Уәли университетінің оқытушысы Проф. Хүлия Касапоғлу Ченгел, Кырккале университетінің оқытушысы Проф. Мехмет Диккая және Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің оқытушысы, қандасымыз доцент Мәриям Хакимнің ғылыми баяндамаларымен жалғасын тапты.

ФОТО

Түркия СІМ өкілі, Елші О.Ышык Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар туралы баяндама жасады. Еліміздің Орта Азиядағы Түркияның ең маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі екендігін атап өткен Орхан Ышык, Қазақстанның Ресей мен Қытай сияқты алып мемлекеттердің ортасында орналаса отырып, өзінің теңгерімді саясаты арқылы қысқа мерзімде жоғары жетістіктерге қол жеткізгеніне назар аударды. Жаһандық саясатта заман талабына сай әрекет жасау маңыздылығына тоқталған СІМ өкілі, осы тұрғыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауы туралы әңгіме өрбітті.

Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстарға ерекше көңіл бөліп, әрдайым қолдау көрсеткені үшін Елші А.Сапарбекұлына алғысын білдірумен сөзін бастаған ғалым Х.Ченгел тамыры тереңде жатқан мәдени және әдеби байланыстарымыз туралы баяндады. Тарих бойынша түркі мемлекеттері арасында тәуелсіздік жолындағы күресте әрдайым қазақтардың алға шыққандығын баса айтқан Проф. Ченгел Алаш қозғалысы және желтоқсан оқиғаларына байланысты ақпарат берді. Қазақ-түрік әдебиеттерінің ұқсастығына назар аударып, әдебиеттің тарихтағы саяси жағдайды суреттеудегі маңызды роліне тоқталған ғалым «Рухани жаңғыру» бағдарламасының күллі түркі әлеміндегі айрықша орнын атап өтті. Қазақ тілінің өте бай тіл екендігіне назар аударған Хаджы Байрам университетінің оқытушысы ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұылының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту бастамасын қуанышпен қарсы алғандығын жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Тоқаевтың жолдауда атап өткен мәдениет саласы қызметкерлерін қолдау бастамалары да Проф. Х.Касапоғлу тарапынан оңды бағаға ие болды.

Егемен еліміздің экономикалық саясатын зерделеген Проф. Мехмет Диккая Қазақстандағы жалпы экономикалық жағдай, бизнес климат, экономикалық өзгерістер және Түркиямен сауда-экономикалық байланыстарға тоқталды. ТМД елдері арасында ең дамыған нарықтық экономикасы бар еліміздің КСРО кезеңінен кейінгі жағдайын суреттеген ғалым Қазақстанның стратегиялық орны және экономикалық дамуы туралы толыққанды ақпарат берді. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 141 елдің арасында Қазақстанның 55-ші орын иеленгендігіне назар аударған экономист-ғалым мемлекетіміздегі бизнес климатты халықаралық көрсеткіштер тұрғысынан бағалай отырып, жаһандық энергетика нарығындағы Қазақстанның орны туралы баяндады. Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымының 2 млрд. доллардан асқанына және түркітілдес мемлекеттер арасында Түркияның экспортында Қазақстанның екінші орынды иелетіндігіне, ал импортында болса бірінші екендігіне назар аудара отырып, Тоқаев кезеңіндегі Қазақстанның дамуы туралы ой өрбітті.

Түркияда туып-өскен қандасымыз Мәриям Хаким Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауы төңірегінде сөз қозғады. Жаңа Президенттің жолдау арқылы жақын келешек үшін Қазақстанның мақсаттарын айқындағанын айтқан М.Хаким Қ-Ж. Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және халықтың әл-ауқатын арттыруға айрықша көңіл бөлетінін айтты. Қоғамдық диалог, демократия мен әділеттілік Тоқаев саясатының басым бағыттарының арасында болатынын баса айтқан ғалым Қазақстан Президентінің елдегі әлеуметтік жағдайға ерекше көңіл бөлетінін алға тартты.

Жиын соңында сарапшылар конференция қатысушыларының сұрақтарына жауап берді.