Қоғам • 17 Қазан, 2019

Кедейшіліктен шығуға көмектеседі

436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Осакаров ауданының Ошаған ауылында тұратын жалғыз басты ана атаулы әлеуметтік көмек қаржысына жеке қосалқы шаруашылығын құрып, отбасының материалдық жағдайын жақсартуға қол жеткізді.

Кедейшіліктен шығуға көмектеседі

Татьяна Еськинаның күйеуі біраз жыл бұрын өмірден өткен екен. Содан бері әйел жеті баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Ол осыған дейін өзінің жеке шаруашылығы болғанын армандағанымен қаражаттың тапшылығынан ойындағысын жүзеге асыра алмай жүрген-ді. Сондықтан отанасы биыл АӘК-тен түскен ақшаны үнем­деп жинай бастады. Біраз уақыт­тан кейін Еськиндердің ауласында үш бұзау, тоғыз қоян және торай пайда болды.

«Енді көршілерден біздің еш айырма­шы­лығымыз жоқ, өз шаруа­шы­лы­ғымыз бар. Ең бастысы, балаларым қуанып, бір­ден үй жануарларына күтім жасай бастады. Енді мал басын көбейтуді жоспарлап отырмын. Кім біледі, мүмкін балаларым болашақта фермер де болар. Барлығы да кішкентай нәрседен басталады емес пе?!», деген көп балалы ана келешегіне үміттене қарайды.

Жергілікті әкімдік өкіл­де­рінің айтуынша, Еськин­дердің табысы кедейлік ше­гінен төмен болды (жан басына шаққандағы кіріс – 8,772 теңге). Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан кейін отбасы біртіндеп кедейлік шегін еңсеріп, күрделі жағдай­дан шықты.

«Атаулы әлеуметтік көмек көп балалы отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсар­туға мүмкіндік береді. Көмек алу­шы­­лардың көпшілігі мемлекет есебінен қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтеді. Кейбірі үй жануарларын сатып алып, жеке қосалқы шаруашылықтарын дамытады. Жалпы, Қарағанды облысында 9 мың 620 отбасы немесе 46 мың 915 адам 3,3 млрд теңге көлемінде АӘК алады. Татьяна Еськинаның отбасына ай сайын 145 мың 523 теңге көлемінде жалпы сомасы 1 млн 746 мың теңгені құрайтын атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды», дейді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларды үйлес­ті­ру басқармасының бастығы Әсем Жүніс­бе­кова.

Жуырда Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­­тап енгізу жос­пар­лан­ған АӘК көрсетудің жаңа тетік­терін таныс­тыр­ға­ны белгілі.

«Ең басты қағида – мемлекет шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға, алдың­ғы кезекте балалар мен көп балалы отбасы­лар­ға көмектеседі. Еңбекке қабілетті аза­мат­­тар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұ­мыс­қа орналастыруға немесе шағын биз­нес­­пен айналы­су­ға қол ұшын созады. Мем­лекеттік көмек алуға көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы бала­ларға кепілдендірілген әлеу­меттік пакет беру кіреді», деген-ді Біржан Нұрымбетов.