Медицина • 18 Қазан, 2019

Қатерлі ісіктің алдын алуға болады

1439 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Адам баласы кейде қасаң, таптаурын ойдың құрбаны болып жатады. Мәселен, дәрігер онкологиялық сырқат туралы диаг­ноз қойса, бойды үрей билеп, бұл дүниемен қоштасуға дайындала бастайды. Ал уақытында скринингтен өту арқылы аурудың алдын алуға, жазылуға болатынын ескере бермейді.

Қатерлі ісіктің алдын алуға болады

Сау жасушаларды обырлана жеп, ағзаны кеулейтін бұл дерттің ең бір қауіпті тұсы – алғашқы кезеңде ауру белгілерінің мүлде байқалмауында. Сондықтан науқас сырқаттанғанын сезбей уақыт оздырып алып, тек ауру жанына бата бастағанда ғана дәрігердің алдына келеді. Ал дер кезінде скринингтен өтіп, аурудың алғашқы даму өрісін анықтаған жағдайда, одан толық жазылуға болады. Өйткені бүгінде қатерлі ісік дертін көптеген созылмалы аурулар тәрізді бақылауда ұстауға мүмкіндік көбейіп келеді.

ТМД елдері ішінде алғаш рет Қазақстанда Дүниежүзілік онкологиялық саммит өтті. Елордаға әлемнің түкпір-түк­пірі­нен жиналған белгілі онколог­тар аталған аурумен күрес бары­сындағы тиімді әдіс-тәсілдері­мен, тәжірибелерімен бөлісті. Жа­һандық іс-шараға келген меймандар арасында бірқатар елдердің басшылары, бірінші ханымдар мен корольдік отбасы мүшелері, Сыртқы істер және Денсаулық сақтау министрлері бар. Сонымен 70-тен астам елдің өкілдері жиналып, онкологиялық ауруларды бақылау саласындағы 350 көшбасшы қатысқан саммит аясында көптеген тың мағлұмат айтылды.

Қатерлі ісік – жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі өлім-жітімі ең көп қауіпті дерт. Жер шарында былтыр бұл аурудан 9,6 млн адамның өмірі қиылды. Әлемде 18 млн-нан астам адамға аталған диаг­ноз қойылыпты. Бұл еліміз тәрізді бір мемлекеттің халқының санымен бірдей. Ал 2040 жылға қарай әлемде жылына 30 млн обыр ауруы тіркеледі деген болжам бар.

Бұл саммит – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды тарихи оқиға десе артық айтқандық емес. Денсаулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов Дүниежүзілік Онкология көшбас­шы­лары саммитін өткізу платформасы ретінде Қазақстанды таңдаған Халықаралық одаққа алғысын білдіріп, еліміздің 10 жылдан бері UICC мүшесі екенін және онкологиялық аурулармен күрес мәселесі әрқашан мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағы­ты болғанын атап өтті. «2018 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық зерттеу онкоорталығын құ­ру­ды тапсырды. Мақсат – онко­ло­гиялық ауруға шалдыққан науқас­тар­ды сапалы медициналық қызмет­пен қамтамасыз ету. Қазір орта­лық­­тың құрылысы жүріп жатыр. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі онкологиялық кешен болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді жоспар әзірленді. Оны жүзеге асыруға 35,1 млрд теңге бөлінді», деді ведомство басшысы.

Саммиттің құрметті қонақ­та­ры­ның бірі – Обырды бақылау жөніндегі халықаралық одақтың президенті (UICC), Иордания ханшайымы Дина Майред. Өз отбасында ұлы лейкозға ұшырап, оның емделіп жазылуынан кейін аталған дертпен күрес жолына түскен ханшайым Қазақстанда ауруды ерте анықтау үшін тегін скрининг жүргізуге мемлекет тарапынан қаражат бөлінетініне ризашылық білдірді.

– Алайда, адамдардың өз денсаулығына жүрдім-бардым қарауы, тегін тексеруден өтпеуінің салдарынан ауруды ерте анықтауға толық қол жетпей отыр екен. 15 жыл бұрын Иорданияда обыр дертін емдеу жолға қойылмағандықтан, науқастар шетелге емделуге баратын. Оның ішінде Қазақстан да бар еді. Елімізде білікті мамандар мен қажет жабдықтар болды. Бірақ ауру асқынып, тиімді емделе бермейтін. Менің балам АҚШ-та, Ұлыбританияда ем алды. Сол елдердің тәжірибесіне сүйене келе, біз менеджменттің ақсап тұрғанын түсіндік. Содан бағытымызды өзгертіп, емдеуді дұрыс жүргізуге қол жеткізетін менеджментке мән берген едік, нәтижесін бере бастады. Ал бұл салада алға ілгерілеген Америка мен Еуропа елдерінде науқастардың жазылуы 80 пайызға жетсе, бізде 50 пайыздан енді асып келеді, – деді ханшайым.

Бүгінде еліміз бойынша 18 мың сырқат онкологиялық есепте тұрса, жыл сайын жаңадан 35 мың науқас тіркеледі екен. Өкінішке қарай, отандық медицинада сүт безі, жатыр мойны, өңеш және асқазан, бауыр, колоректалды обыр тәрізді ауруларды ерте анықтауда ақысыз скрининг жүргізілгенімен, тұрғындардың бұл реттегі белсен­ділігі көңіл көншітпейді. Жаңа­дан басталып келе жатқан онко­ло­гиялық аурулардың шамамен 25 пайызы скрининг көмегімен анықталып, шеңгел құрсауынан жылдам босап шығуға мүмкіндік береді екен. Сол себепті елімізде онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында ерлер мен әйелдерге арналған тексеру кабинеттері ашылып, оның саны 539-дан 1284-ке дейін артты. 5 жоғары мамандандырылған радиациялық онкология орталығы, иммуногистохимия зертханалары, онкоорталықтар диагностикалық жабдықтармен қамтылған, білікті мамандарға қоса психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер де пациенттерге көмекке келеді. Ал былтырдан бастап отандық онкологтар Еуропалық медициналық онкология қоғамының (ESMO) ұсынымдары бойынша жаңар­тыл­ған хаттамалар мен стандарттарға сәйкес жұмыс істеуде.

Еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова байтақ жұртымыздың солтүстігі мен шығысында обырмен ауыру үлесінің жоғары екеніне тоқталып, Өскеменде ерте диаг­ноз қою бойынша қанатқақты жоба қолға алынып, өкпедегі дерттің алдын алу бойынша 900 адамға компьютерлі томография жүргізілгенін, олардың ішінде 25 адамда жаңадан обыр түзілісі жүріп жатқаны анықталғанын айтты. Бұл шара Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жалғасты.

Заман мен уақыт талабына сай жабдықталған клиникалар, білікті онколог дәрігерлер қата­ры көбейгенімен, адамдар өз ден­сау­­лығына жауапкершілікпен қарамаса, елімізде ауру құрығына түсетіндер азаймайды. Арнайы кешенді бағдарлама бойынша алдағы 2 жылда ПЭТ орталықтарын ашу, ядролық диагностиканы, телепатология және телеконсультация жүйесін, оңалтуды және паллиативтік көмекті дамыту, дербестендірілген молекулалық-генетикалық тестілеуді, онкологияда емдеудің инновациялық әдістерін енгізу, сәулелік терапия паркін жаңартуға бөлінген
35 млрд соманың халық игілігіне жарату көзделіп отыр. Әрине әуелі әрқайсысымыздың өз ден­сау­лығымызға жауап­кер­ші­лі­гі­міз өте маңызды.

Онколог-дәрігер Мұратжан Сақтағановтың айтуынша, скрининг жүргізілген жылдар ішінде адамдардың дәрігерге келіп қаралу мәдениетінің біршама оң өзгерісі байқалады. Нәтижесінде, сүт безі қатерлі ісігінің ерте анықталуының көрсеткіші өсіп, 80 пайыздан асты. Ал бұрын сүт безі обырына шалдыққан науқастырдың 44 пайызы ғана 5 жыл өмір сүретін. Қалған науқастар өмірімен қоштасуға мәжбүр болатын. Дәрігерлерге «скрининг ауруды анықтау үшін керек, ал оны болдырмаудың жолдары қандай?» деген көкейдегі сауалды да ірікпедік. Аурудың ерекшелігі сонда, пациент сыр­қат­тан жазылғанымен оның ағза­сын­дағы жасушаларда бұл ауру­мен ауырғаны туралы ақпарат сақталады да, бір қолайлы кезде қайта жандануы ықтимал. Ал негізінен дертке бой алдырмаудың бірнеше жолы бар. Бұл кез келген қиындықта күйзеліске түсіп кетпеу, ас ішу, тамақтану мәдениетін қалыптастыру, ауру тудыратын түрлі вирустан сақтану немесе оған қарсы екпе жасату дейді мамандар. Мәселен, асқазан обырын тудыруға хеликобактерлер, ба­уыр ісігін гепатит С, Б түрлерінің қоздырушылары, жатыр мойны обырына папиллома вирустары себепші болады. Сондықтан академик Төрегелді Шармановтың дұрыс тамақтану жөніндегі кеңестеріне бар қазақтың құлақ асқаны абазал. Халқымыз «Ауру – астан» деп бекер айтпаған, сіздер, елге дұрыс ақпарат беріп, онкоаурудың үкім еместігін жеткізіңіздерші», дейді дәрігерлер қауымы.

Саммит аясында Қазақстан, «Мерк Биофарма» және «Ацино» фир­масының өкілдері арасын­да ұзақмерзімді үшжақты мемо­ран­думға қол қойылды. Үш блок бойынша стратегиялық дамуға – денсаулық сақтау мамандарын оқыту, диагностиканың соңғы тә­сілдерін қолдану, сондай-ақ па­циент­терді заманауи және оң­тай­­лы емдеуді қарастырған мемо­рандумға еліміздің атынан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, «Мерк Биофарма» компа­ниясының ТМД елдері бойын­ша директоры Роджер Элиа, сондай-ақ «Ацино Каз» ЖШС («Ацино» компаниялар тобы) бас директоры Людмила Жангельдина қол қойды.

Е.Біртанов қатерлі ісікті диаг­ностикалау мен емдеудің халық­ара­лық, ұлттық стандарттарын қамтамасыз ету және сақтауда, ісік­терді диагностикалау мен емдеу­дің инновациялық тәсілдерін енгізу­де, сондай-ақ дәрігерлер мен онкологиялық қызметтің басқа да қызметкерлері арасында ісіктерді диагностикалау мен емдеуде синергияны қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты кеңей­туге еліміздің мүдделі еке­ні­не тоқталды.

«Қазақстанда жыл сайын онко­ло­гиялық ауруға ұшыраған нау­қас­тардың саны артып келеді. Обыр ауруына шалдыққандар бойынша 50 елдің қатарындамыз. Сондықтан да кадрлық әлеуетті дамыту және онкологияға қа­тыс­ты өзекті мәселелердің жаңа шешімдерін іздеу біз үшін ма­ңыз­ды» деді министр. Ал Р.Элиа «Мерк Биофарма» компаниясы онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бастамаларды қолдайтынын айта келе, келісімнің шарттарына сәйкес, тараптар ғылыми қоғамдастықты, жаңа проблемалармен айналысатын денсаулық сақтау мамандарын және осы патологиядан зардап шегетін пациенттерді біріктіруге бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ болашақта ынтымақтастықтың онкология саласы бойынша ғана емес, іргелі және клиникалық медицинаның басқа бағыттарында да дамуына мүдделі екенін атап өтті.