Экономика • 22 Қазан, 2019

Қарқыны бөлек «Қаламқас»

1583 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мұнайы мол Маңғыстау­дың мерейін асырып, жер қойнауынан қара алтынның тасқынын сапыра ағызған кен орындарының бірі – «Қаламқас» кен орны. Қазақ қыз баланы құр­мет­те­­ген халық, осал болмай осы пейілге лайық биік­тер­­ден көрінген қыздары бұ­рын да болған, қазір де бар.

Қарқыны бөлек «Қаламқас»

Тұмар ханшайымды ұлықтап, Бопай ханымды биік тұтатын Маңғыстауда Қаламқас арудың аты да айбармен, әрі ықыласпен айтылады. Маңғыстаудың қытымыр қысында жұттан жұтап, аштық құрсауында қалған ел-жұрт, ауыл-аймақтың қамы үшін атқа қонып, аң аулап елін асыраған, ат құлағында ой­наған қайсар, әрі мерген қыз ақыры осы ізгі істің жолында жүріп аранға құлап, мерт болады. Қиырларға керуендеп ас із­деп кеткен ерлердің орнын жоқтатпай, хал­қы­ның қазанына ас, аузына нәр салған ару­дың құрметіне ел-жұрты Бозашының боз дала­сын­дағы осы бір өңірді «Қаламқас» атандырыпты. Көзінің тірісінде ауыл-аймағын аң аулап асыраған «Қаламқас» бүгінде қара алтынымен тұтас елдің ырысын еселеп тұр.

Мұнай-газ кешені ел экономикасының негізін қалаушы сала, биыл қазақ мұнайы­ның 120 жылдығымен бірге өзінің 40 жылды­­ғын атап өткен «Қаламқасмұнайгаз» – ел мақ­­танышы. 2018 жылы Маңғыстау облысы Қазақ­станда өндірілген 77,5 млн тонна қара алтынның 23,3%-ын, яғни 18 млн тоннасын, сонымен қатар 3 млрд текше метр табиғи газ өндірді. Былтыр «Маң­ғыс­таумұнайгаз» акционерлік қоғамының өнімі (6,375 млн тонна) облыстың өндіріл­ген мұнайының 35,4% құраса, компания ішіндегі «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының үлесі – 62%. Бұл көрсеткішке «Қаламқас» қырық жыл ішіндегі тынбай даму, үнемі ізденіс нәтижесінде қол жеткізді. 40 жыл ішінде қаншама азаматтардың ғұмыры мен маңдай тері жатыр десеңізші?! 1979 жылы 22 наурызда «Комсомольнефт» өндірісі құрылып, көп ұзамай №66-шы ұңғымадан құрамында Көшербай Әлібаев, Ермұрат Қосқұлақов, операторы Орынбасар Шадияров, екінші оператор Юрий Брежнев және тағы басқа мұнайшылар бар бригада «Қаламқастың» бірінші мұнайын өндірді. Бекболат Ізтұрғанов, Дмитрий Горюнов, Ләззат Қиынов, Өрен Сағындықов, Қосай Жұбаниязов сынды азаматтар басшылық қызметте болып, әр кезеңде кен орны жұмысын үйлестіруге үлес қосты.

Ақтау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 280 шақырым жерде, Бозашы жартыаралының солтүстік бетінде, Каспий теңізінің жағалауына сұғына орналасқан Қаламқас мұнай және газ кені Солтүстік Бозашы мұнай бассейніне жатады. Кен орнының құрылымы геология ғылымына 1974 жылы белгілі болып, екі жылдан соң іздестіру-бұрғылау жұмыстары басталып, кен орны ашылды.

1979 жылы «Гипровостокнефть» инс­титуты мамандары «Қаламқасты» игерудің технологиясын жасап, кен орнының мұнай және газ қоры есептеліп шықты. Сол жылы пайдалануға беріліп, қазба байлықтары игеріле бастаған кен орны бір жылдан соң-ақ, яғни 1980 жылы алғашқы 1 млн тонна мұнай тапсырды. Мұнайы сипаты жағынан күкіртті, парафинді, шайырлылығы жоғары, сондай-ақ құрамында ванадий мен никельдің шоғырлары бар, аздаған азот пен көмірқышқыл газы бар сапалы өнімге жатады. «Қаламқас» кен орнында мұнайдың бастапқы баланстық қоры 645 млн 155 мың тонна болса, игерілетін қоры 208 млн 667 мың тоннаға негізделген, биылғы 1 қыр­кү­йек­тегі мәліметке сүйенсек, 159 млн 072 мың тонна мұнай игеріліп, қалдық қор 49 млн 594 мың тоннаны құрап отыр. Ал табиғи газдың баланстық қоры 31,5 млрд текше метр, игерілетін қоры 22 млрд текше метр деп есептеліп, бүгінгі таңда 7,4 млрд текше метр газ игерілді, қалдық қор 14,6 млрд текше метрді құрайды. Яғни «Қаламқас» кен орны қоры жөнінен Маңғыстауда Өзен кен орнынан кейінгі орынды иеленеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, Маңғыстау тұрмақ Қазақстандағы бүкіл мұнай кен орындарының 40 жыл ішінде осыншалықты телегей-теңіз мұнай өндіріп, биік көрсеткішке қол жеткізгені жоқ та шығар?! Тіпті 1986-1988 жылдары қаламқастықтар мұнай өндіру көлемін 5 млн 360 мың тоннаға жеткізіп, жоспарды асыра орындап даңқын дүбірлете түсті.

Кен орнының шежіресіне қарап отырсақ, өнім өндірумен бірге материалдық-техни­калық жағдайы уақытпен бірге жаңарып-жаң­ғы­рып келеді. Әсіресе тәуелсіздік алған­нан бергі жылдар – кен орнының жаңа тари­хы­ның бастауы деуге болады. Кен орнын қорғау қызметін атқаратын бөгеттің жаңалау жұмыстары, қабат қысымын ұстау жүйесінің ретке келтірілуі, құбырлардың шыныпластикалық құбырларға ауыстырылуы, қабаттағы мұнай көздерін үлкен қысыммен жару әдісінің жүйелі түрде жүр­гізіліп, бұрандалы сорап қондырғы­лары­ның алғаш рет қолданылуы сынды кешенді жұмыс жүргізген кен орны 2005 жылы жасалған жұмыстардың нақты нәтижесіндей мұнайдың 100 млн-шы тоннасын тапсырды. Одан әрі заманауи өндіріске қол жеткізу мақсатында өндірістік түрлі бағыттарда қайта құру жұмыстары барысында техникалық қабатқа айдалатын су мөлшерін арттырып, №1 және №2 мұнай-газ өндіру кәсіпшіліктерінде алдын ала су айыру қондырғысы іске қосылды. Кен игерудегі геологиялық-техникалық шараларды зерделеп, жоспарлауға арналған «ДельтаОйл» жән «Триас» бағдарламалары енгізіліп, ғылыми-зерттеу бағытындағы Су-бактериологиялық зертхана, екі желілі табиғи газды дайындау қондырғысы салынды.

Қаламқас кен орнындағы – «Қаламқас­мұнайгаз» өндірістік басқармасындағы өн­дірістік мақсаттағы жаңалықтарды тіз­бе­леп жату мүмкін емес. Өйткені жаңа­шылдықпен жұмыс істеуді жолға қойған мұнай мекемесінде оң өзгерістер көп-ақ. Айтпағымыз – мұнай өндірудің негізгі қиындығын көтеріп жүрген мұнайшылар жағдайының тасада қалмауы. «Қаламқас» вах­талық поселкесін айдаладағы әсем шаһар деуге болады. Қалашық аумағында соңғы жылда­ры спорттық демалыс кеше­ні мен соңғы үлгідегі жатақханалар, 250 орындық асхана салынды. Ал қалашық ішіне жол төселіп, көк желекпен көмкерілген. «Қаламқас» кен орнының өткені мен бүгінінен хабардар ететін «Еңбек даңқы» мұражайы, футбол алаңы бар, ән-жырға әуес мұнайшылар үшін «Қаламқас кештері» атты өнер ордасы да құрылған. Өнерлі мұнайшы жастардан құралған «Қаламқас» вокальды-аспаптар ансамблі – Маңғыстау түбегіне белгілі өнер ұжымы. Жастар үшін «Жастар орталығы» ашылып, мұнайшы жастардың кешкі уақытты мазмұнды өткізуіне, сондай-ақ түрлі жарыстарға дайындалуына жағдай жасалған. Спорт кешенінде тренажерлік зал, шағын футбол, күрес залы, қыздарға арнал­ған фитнес орталығы бар. Мұражайдағы мұнайшылардың өз қолымен небәрі төрт айда жасап шығарған «Қаламқас» кен орнының шағын макеті – вахтада жүрген мұнайшылардың өнерге құштарлығын, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, руханият игіліктеріне көңіл бөлетіндіктерін аңғартады. Мұнайшылар арасында теннис­тен, тоғызқұмалақтан республикалық додаларда жеңімпаз атанып жүргендері де бар. Нақты айтқанда, вахталық әдіспен екі ауысымда еңбек ететін 7 мыңға жуық адамды жайлы орынмен, азық-түлікпен қамту басшылықтың ұдайы назарында. Тұрмыстық жағдайдың еңбек ырғағына өз әсерін тигі­зетіні белгілі. Олай болса, «Қаламқастағы» жай­лы орын, жақсы жағдай жоғары еңбек өнім­ділігіне қол жеткізуге мүмкіндік берді – қазір қаламқастықтар кен орнындағы ұңғылардан тәулігіне 11 мың тонна, жылына 4 млн тонна шамасында қара алтын өндіріп, белсенділіктің биік үлгісін көрсетіп келеді.

– Қырық жылда үлкен жетістіктерге жеттік. Қазіргі таңда жылдық жоспар бойын­ша 4 млн тонна шамасында мұнай өндіру көзделіп отыр. Жылдан-жылға кен орны­ның ескіруіне байланысты мұнайдың табиғи құлау коэффициенті өсіп келе жатыр. Осыған байланысты өндіріс орнындағы екі бөлімше полимер ерітіндісін дайын­дау арқылы мұнай өндіруде. Биыл шіл­де айы­нан бастап кен орнының шығыс бөлі­гін­де 80 скважинаға әсер ете алатындай жаңа бөлімшеде полимерлі ерітінді дайын­­­дау жұмыстары басталды, – дейді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы басшысы Нұрпейіс Сәрсенбай.

Табиғатта бәрі өлшеулі, шетсіз-шексіз ешнәрсе жоқ. Жер астының сұйықтығын қырық жыл бойы тоқтаусыз өндірген кен орнының ескіруі де заңды. Алайда, әрбір қиындықтың шешімі болатыны да белгілі. Осы орайда жұмысты ұтымды ұйымдастыру, үлгілі үйлестірудің маңызы зор.

Өндіріс орнындағы су айдайтын орындарда үлкен көлемдегі су айдайтын агрегаттар бар. «Тәулігіне 15 мың тоннадай су айдаймыз. Бұл жер автоматикамен жабдықталған. Қазір тәулігіне 10850-дей тонна мұнай алсақ, орнына 134 мың текше метр су айдап жатырмыз деуге болады. Осылайша жердің астынан 123 мың текше метр су аралас сұйықтықты шығарамыз. Сол 123 мың текше метр су аралас сұйықтықты шайқап, содан 10800 тонна таза мұнай аламыз. Бізден шығып жатқан майды құтыға құйып қарасақ, майдан қыл айырғанмен бірдей болып тұр, – деп түсіндіреді басқарма басшысы жұмыс жүргізудің бір ғана сәтін.

Мұнай өндіруде су айдау мен айыру – негізгі жұмыстардың бірі. «Қаламқастағы» су айыру қондырғысы екі ірі кәсіпшіліктен келетін мұнай-газ араласқан сұйықтықты айырып, мұнайды «Мұнайды дайындау және тасымалдау» цехына, суын қабат қысымын ұстау цехына жібереді. Жұмыс көлемінің артуына байланысты жаңа қондырғылар іске қосылып, өнім көлемі артты. Кен орнының сулану көрсеткішін азайту немесе сол күйінде ұстап тұру мақсатында өндірісте полимерлі ерітінді дайындау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қазіргі таңда 11 ұңғымада полимерлі ерітіндісін айдау жүріп жатыр. Мамандар биыл қосымша мұнай көлемі 58 500 тонна жоспарланып отырғандығын айтады.

– Біз тәулігіне 1 млн 200 текше метр газ өндіреміз. Соның 900 мың текше метрін «Қаражанбас» кен орнына сатамыз. Қалған 300 мыңдай текше метр газды өндірістік басқарманың ішкі қажеттілігіне пайдаланамыз. Тәулігіне 47 мегаватт электр энергиясын тұтынатын болсақ, соның 35 мегаватт электр энергиясын ГТЭС-тен береміз. Қалғанын МРЭК-тен аламыз. Сонда біздің тоғымыздың 80 пайызы өзімізден, газдан да пайда көріп отырмыз, – дейді басқарма басшысы. Мұнай мен газды қатар өндіріп қана қоймай, пайдасын көру – жұмысты ұтымды ұйымдастырудың бір көрінісі.

 Кешенді мұнай дайындау және өткізу цехы келген мұнайдың су мен газын айырып, одан соң мұнайды сапаға сай «ҚазТрансОйл» мекемесі жүйесіне тапсырумен айналысады. Демек, «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында жұмыс өз ырғағымен жүріп жатыр және қырық жыл бойы өз қарқынынан жаңылған жоқ.

«Елде болса ерінге тиеді» демекші, «Қаламқасмұнайгаз» басқармасы Бозашы бойындағы бірқатар ауылдардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға тұрақты демеушілік жасап келеді. Сондай-ақ Маңғыстау жерін­дегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қамқорлы­ғына алып, онда тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізуді дәстүрлі қалыпқа енгізген.

– Келешекте жаңа технологияларды өндіріске тиімді әрі жаппай пайдалана отырып, мұнай игеру коэффициентін арттыру арқылы өндірілетін мұнай қорын 250 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Қолға алған жұмыстың қарқынды дамуы мен жетістікке жету бізге жауапкершілік жүгін де екі еселеп беретіні анық. Біз басқарма жұмысына өндірістік тұрғыда ғана емес, мәдени-әлеуметтік жағынан да қолдау көрсетіп келе жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы басқармасына алғыс айтамыз, – дейді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы басшысы Нұрпейіс Сәрсенбай.

Осылайша мерейтойына қарқынды қадам, толағай табыстармен жеткен кен орны­ның 40 жылдығын басшылары мен жұмыс­шылары, ардагерлері, жалпы Маңғыс­тау жұрт­шылығы қуанышпен атап өтті. Жұмыс­шылар қалашығы кіреберісіне стелла орнатылып, ардагер мұнайшыларға алғаш рет «Қаламқас кентінің құрметті азаматы» атағы мен «Қаламқас кен орнына – 40 жыл» ме­рекелік төсбелгісі табысталды. Мұнайшылар қалашығы аспанын ән мен жыр көмкерген салтанатты сәт дала төсіне жарасып тұрды.

 

Маңғыстау облысы