Аймақтар • 29 Қазан, 2019

«Жеті мың гектар жерге егін ектім...»

575 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы орақ науқаны өте ауыр болды. Бұл туралы біз «Ауа райы қолбайлау болып тұр» деген Еgemen Qazaqstan-ға шыққан мақаламызда (01.10.19) жазғанбыз. Сол қиындықты еңсеріп, астығын қырман мен элеваторға жиып алған облыстағы белгілі диқаншылардың бірі «Тоқушы-Грейн» ЖШС төрағасы Жомарт Омаровпен әңгімелескен едік.

«Жеті мың гектар жерге егін ектім...»

–Биыл күздегі ауа райы 2014 жылды еске салды, – деп бастады диқан әңгімесін. – Cол жылы біз астық ала алмай қалған едік. Жердің бәрі езіліп, жауын төпеледі де тұрды. Бір-екі күн ашық болса, жер толық кеппей жатып үшінші күні тағы да құяды. Комбайн егіске кіре алмай, көз алдымызда аққан тер, төккен еңбекпен келген халық­тың ырыздығын ала алмай қор бол­ған едік. Құдайға шүкір, биыл жауын көп болғанымен ашық күндер де жеткілікті болып, жеті мың гектар жерге еккен ас­ты­ғымызды әйтеуір жинап алдық.

Бұрын Ж.Омаров отыз бір мың гектар алқапқа астық егеді екен. Солтүстік Қазақстанға инвестор ретінде келіп, ауқымды жер алып, астық еккен ресейлік «Транс-Авто» деген кәсіпорын кейін ол жерді тастап кеткенде жергілікті азаматтар оны қолға алып, «Шағала-Агро» атты кәсіпорын құрып, өздері астық егуді бастаған. Ж.Омаров сол астық кәсіпорны басшыларының бірі болған. Ал былтырдан бері он бес жылдай бірге істеген кәсіпорынынан «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген қазақ даналығымен өз алдына жеке отау тіккен екен.

Жомарттың әкесі Жақсы­лық өмір бойы диқаншылықпен ай­на­лыс­қан, екі бірдей Еңбек Қызыл Туы орденін алған еңбек­қор жан. Үнемі жанында жүре­тін ұлына ол жасынан диқан­­шы­лық­тың қыр-сырын, комбайн­ның ұңғыл-шұңғылын әбден сіңірген. Сөйтіп ата кәсіп болып қа­лыптасқан диқаншылықпен Жо­март та алысқа кете алмады. Есеп-қисапқа жүйрік болып, қаржыгер мамандығын игер­се де, экономист, ревизор сияқ­ты қызметтерді абырой­мен ат­қар­са да жердің құдіреті оны өзіне тарта берді. Әрине, өзі ештеңе өндірмейтін, ештеңеге жауап бермейтін, жүйкесі тозбайтын, тек біреудің істеге­нін тек­се­ретін ревизор қызметі адам­ға өте жайлы. Бірақ «Қа­руың­ның барында қайрат қыл­май, қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел», демей ме Абай данышпан. Ал Жомарт Абай мен Мағжан өлеңдерін, Сәбит, Ғабит шығармаларын жатқа біле­тін, түйсігі мол, танымы терең жігіт. «Өзім өндірмесем, қай­наған еңбектің қақ ортасында жүрмесем, артымда із қал­дыр­дым – деп айта аламын ба?» деп өзін өзі қайраған жігіт қиын­дығы мен қызығы мол жер тыр­науға осылай кірісіп кетіпті. Сөй­тіп қазір облыстағы атақты ди­қан­шы­лардың біріне айналып отыр.

2016 жылы оның кәсіпорны облыстағы үздіктердің қатары­нан саналғандықтан Қызылжар мен Аққайың аудандарының аумағындағы «Шағала-Агро» кәсіп­орны облысымызға жұ­мыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа да таныстырылған. Жомарттың өзі сол жолы Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен еркін сөйлесіп, барлық жағдайды жеріне жеткізіп әңгі­мелеп бергенде Елбасы солтүс­тік қазағының шапқан аттай заулаған қазақшасына да тәнті болған екен.

Жерді сүйген, кең дала­ның тынысын бойына сіңірген жігіт астық алқабын аралап, «бастары салбырап, маужырап тұрған бидай сабағына еңкейіп, тұшынып иіскегенде, даланың иісі мен трак­тордың майы бұрқырап тұр­ған комбайншылармен, тракторшылармен әңгімелескеннен күш-қуат алады. Маған ашық теңіздің гүрілі мен жылы жағажайдың шуылынан гөрі осы араның сал­қын ауасы әлдеқайда асыл сияқ­ты көрінеді. Ерінбей еткен еңбекке, махаббатпен сүйіп істе­ген жұмысқа орай, қара жер де беріп, Жөкеңнің табысы биыл да қомақты болыпты. Үш мың тонна астығын элеваторға өткізіп қойған. Гектар берекесі  орта есеппен 25 центнерден айнал­ған. Алайда бұған диқан қана­ғат­танып тұрған жоқ, кем дегенде отыздан алу керек дейді.

Алдыңғы қатарлы комбайн­шылардың табысы миллион теңгеден айналған. Қазір жұ­мыс­шылары қоймада қалған ас­тықты құрғатып, сапасын көтеру жұмыстарын жүргізуде.

Жоғарыда айтылған «Транс-Авто» кәсіпорны өзінің уақытша келгенін шу дегеннен білдіріп, жерге тыңайтқыш себу, топырақ құнарын жақсарту  сияқты жұ­мыс­тарға көңіл бөлмеген екен. Бірнеше жыл бойы тек сеуіп тастап, бидайды жинап алу­ды ғана білген ғой. Сол жерлер­ді алғашқы жылы-ақ сапалы тыңайтқышпен асылдандыру арқылы «Тоқушы-Грейн» кей­бір учаскелерден гектарына қырық центнерге дейін астық алыпты. «Осы жұмысты талмай жалғастыратын боламыз, жерден тілесең оған беру де керек» дейді диқан. Сонымен бірге ол топырақты асылдандыру жөніндегі түрлі ғалымдардың ең­бек­терін салыстырып оқиты­нын жеткізді. Дәнді дақыл мен зығыр сияқты майлы дақылды да ауыстырып егу топырақ құна­рын арттыратынын, сондай-ақ жа­­сымықтың да қасиетін біле­ті­нін айтты. «Тұзы жоғары көтері­ліп, ақ сортаң болып жатқан жерге бұрын бір рет жасымық егіп көргенбіз. Сол жер кейін тыңайып, артынан жақсы өнім бере бастады. Сондықтан осы да­қылды жиі қолдануды жос­парлап отырмыз. Өзі сұраныс­қа да ие, әттең тым аласа өседі», дейді Жөкең.

Машина-трактор паркін жаңар­­тып, биыл Қостанайдан шыға­тын алты «Есіл» комбай­нын алған екен. Бағасына, Үкі­­мет­тің берген субсидиясына қа­­ра­­ғанда бұл комбайндар тиім­ді болып тұр. Беларусьтың «Гом­сел­ь­машының» негізінде жаса­латын бұл комбайндар Ресей­ді­кінен сапалы. Бағасы 52 мил­лион теңге болғанымен, жеті жылға берілген 25 пайыздық субси­диясы бар. Сөйтіп комбайн үшін мемлекет он алты милл­ион­дай қаржыны қайтарып береді.

Бір сағаттай әңгімелес­кені­мізде диқанның аузынан қиын­дық туралы, қолдамайды деп мемлекетке өкпелеу жөнінде бірде-бір сөз естімедік. Керісін­ше, мемлекет тарапынан жаса­лып жатқан көмекті жоғары бағалап, тек соны қолдана білу керек деген сөздер ғана айтты. Соның ішінде биылғы астықтың сатып алу бағасының тоннасына 75 мың теңгеге жетіп, жоғары бол­ға­нына ризашылығын білдір­ді. Ұтымды пайдалана алсақ, биыл­ғы баға шаруалардың жағ­дайын едәуір жақсартып тастайды дейді ол.

Алдағы уақытта мал шаруа­шы­лығымен де айналысу ойында бар екен. «Одан бас тартпаймыз, Үкіметтің қолдауы болып тұрса мал өсірмейтін несі бар. Атам қазақтың малмен көзі шық­қан жоқ па еді», дейді Ж.Омаров.

 

Солтүстік Қазақстан облысы