Қоғам • 30 Қазан, 2019

Отандық санавиация балдырғанды елге жеткізді

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандық санавиация Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласын­да­ғы емханаcынан 2 жастағы баланы елге жеткізді. Сөйтіп биылғы 9 айда санавиация шетелдерден 69 азаматымызды елге әкелген.

Отандық санавиация балдырғанды елге жеткізді

 

Жақында отандастарымыздың бірі еліміздің Сыртқы істер министрлігіне өтініш жазып, Дубай қаласындағы «Latifa» клиникасында жасанды тыныс алу аппаратымен тыныстап жатқан 2 жастағы баласын елге жеткізуге қолғабыс жасауды сұраған. Дәлірек айтқанда, баланы санавиация ұшағы арқылы елге алып келуді өтініпті. Азаматтың өтінішін арнайы комиссия қарап, пациентті ұшақпен тасымалдауға болатын-болмайтындығы туралы сараптама әзірленген. Содан соң Денсаулық сақтау министрлігі «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен» бірлесіп баланы алып келуге шешім қабылдаған. Сөйтіп 27 қазанда санитар­лық авиацияның мобильді бригадасы арнайы ұшақ арқылы балдырғанды Қазақстанға алып келді. Қазір бала Нұр-Сұлтан қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында емделіп жатыр. Сәби биыл 15 қазанда Дубай қаласындағы бассейндердің бірінен ес-түссіз күйде табылған болатын. Шетелдік дәрігерлер кішкентай отандасымызға жедел көмек жасаған соң жүрегінің соғуы қалпына келген еді. Алайда пациенттің жағдайы тым күрделі болғандықтан баланың есін жиғызу мүмкін болмады. Дәрігерлер оның 3-дәрежелі комаға түскенін анықтаған болатын. Енді бала ем-домын елімізде жалғастыратын болды.

Биылғы 9 айдың қорытындысына қарағанда шетелдерде денсаулығы сыр берген азаматтарымызды елге алып келу үшін Қазақстан санавиациясы 16 рет сапарға шығыпты. Сөйтіп шетелдік медицина мекемелерінен 69 азаматты елге жеткізген. Ал санитарлық авиация ұшақтары мен тікұшақтары жалпы алғанда биылғы жарты жылда 1500-ден астам мәрте көкке көтеріліп, 2 мыңға жуық пациентке көмек көрсетті. Санавиация ұшақтары биылғы сапарларында 6 рет донорлық ағзаларды тасымалдағанын айрықша атап өтуге болады. Ал санитарлық авиация қызметіне жүгінетін пациенттердің көмек шақыру себептеріне келсек, жедел жәрдемнің 22,9 пайызы оқыс оқиғалардың салдарынан денсаулығына зақым келген адамдарға жәрдем көрсетуге арналыпты. Балалар патологиясы бойынша санавиация шақыртуға мәжбүр болғандар үлесі – 22 пайыз, қан айналымы жүйесінің ақауына байланысты – 20,4 пайыз, нәрестелердің патологиясы – 14,1 па­йыз, акушерлік-гинекологиялық патология бойынша 12,5 пайыз екен. Ал 8,1 пайыз пациенттер өзге жағдайларға байланысты санавиация көмегіне жүгінген.

Жалпы, отандық санавиация 2011 жылдан бері 15 мыңнан астам рейс жасаған. Қазір «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында» санитарлық авиацияның 40-қа жуық ұшағы мен тікұшағы қызмет көрсетіп жүр.