Есімі елдің есінде
Ғажап!.. Қашан көрсең де томаға-тұйықтау мінезінен бір танбайтын, бірақ сол бір момақан кейпімен-ақ адамды өзіне баурайтын, онымен сөйлескің кеп, жақындасқың кеп тұратын тартымдылық бар-ды оның бойында. Сені іш тартатынын үндемей жүріп те сездіре білетін қасиетті содан көрдім. Көрдім де өзімде де оған деген бір ілтипаттың пайда болғанын байқадым. Басқаны қайдам, екеуміз осылай табыстық.
Бір қызығы, осы үнсіз ұғысу өмір бойы жалғасты десем, артық айтқандық емес. Бір-бі-ріміздің үйімізге қонаққа барсақ та, қызмет бабымен бірге жүрсек те, ұзақ уақыт көріспей, көшеде кездейсоқ кездесіп қалсақ та сол баяғы там-тұм, тақұл-тұқыл әңгіме, сараң сөз алмасу. Ағыл-тегіл сыр ақтарысу, шер тарқатысу деген ұғым ойымызға кіріп те шыққан емес. Бірақ бәрібір жылылық, бәрібір жақындық сезіліп тұратын арамызда.
Енді қазір ойлаймын: шамасы бұл Сейітқұлдың адалдықты, адамгершілікті айқайламай-ақ жақсы көре білуінен шығар, сірә. Оның осы мінезі шығармаларынан да байқалатын. Шығармалары демекші, мен білетін Сейітқұл шығармашылыққа студент кезінен бейім болды.
Бұлай дейтінім, Сейітқұл қашан көрсең ой үстінде жүретін. Жастыққа тән сауық-сайранға салынып, қыз-қырқынға қырындап қыдырыстап кеткен кезін көрген емеспін. Көбіне кітапхананы жағалап, не болмаса жатақханадағы бөлмесінде қағазға үңіліп, шұқшиып отырғаны. Кейде қайсыбір курстастары емтихан кезінде: “Күндіз-түні қағазға шұқшиған Сейітқұл да төрт алды, алты ай бойы кітап бетін ашпаған мен де төрт алдым”, деп қағытады. Мұндайда Сейітқұл аузын алақанымен басып күледі де қояды. Айта берсін дегені ғой. Кейін байқадық, Сейітқұл көп уақытын шығармашылыққа арнайды екен. Онысын бірақ бәзбір желөкпе жолдастары сияқты жалғанға жария етуге асықпайтыны өзіне талапшылдықтың белгісі болар.
Арада шамалы жылдар өткеннен кейін Сейітқұлдың “Бәйге”, “Ащы қауын, тәтті қауын”, “Күн көтерілген шақ” атты жинақтары баспадан бірінен кейін бірі шыға бастады. Сейітқұлдың “Уақытты дұрыс пайдалана білген жөн”, деп отыратын қағидасы осыдан байқалады. Ол өмір бойы осы қағиданы ұстануға тырысты. Үнемі бір нәрсе жетіспейтіндей болып, елегізіп жүретін.
Енді ой жүгіртсек, Сейітқұл екі оттың ортасында жүреді екен. Әлгіндей ырду-дырду тіршілікті онша жақтырмайды. Бірақ өмір болған соң жора-жолдас бар, ағайын-туыс бар, қызметтестері бар, солармен бірге кезектесіп келетін түрлі шаралар бар, олардан бас тартса, айдаладағы аралда жалғыз қалып күй кешетіндей, ыңғайсыздыққа тап болатындай көрініп, амалсыз жұрттың дегеніне құлайтын сияқты.
Сейітқұл оқуды бітіргеннен кейін бірталай мекемелерде өз мамандығы бойынша абыройлы қызметтер атқарды. Алғашқыда өзі туып-өскен Қызылорда өңірінде журналистік мамандығы бойынша еңбек етті. Дегенмен шығармашыл жүрегі әдеби ортаны аңсап, Алматы қол бұлғаумен болды. Күндердің күнінде ол арманына да қол жеткізді. “Жалын”, “Мектеп” баспаларында, “Пионер”, “Зерде”, “Парасат” журналдарында, “Жетісу” газетінде журналистік шеберлігін одан әрі шыңдады.
Ал Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан кейінгі жылдарда мемлекеттік тілді іс қағаздарын жүргізуге кеңінен енгізу мәселелерімен түбегейлі түрде шұғылданды. Әсіресе 1994-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппаратында аударма секторын басқарған және 2001 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін “Қазмұнайгаз” Ұлттық компаниясында іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізумен шұғылданған кезеңдегі қызметі жемісті болды.
Соңғы жылдары өткен тарихымыздағы көрнекті тұлғалардың бірі – Жалаңтөс баһадүр жөнінде роман жазу үшін материал жинап жүргенін жиі айтатын. Көп сөйлемесе де кей-кейде сыр шашып қалатын әдетімен “Шіркін, жағдайым көтерсе, шығармашылық жұмысқа біржола кетер едім” деп көкейінде жүрген бір арманын қылтитып қоятыны діттеген мақсатына жетуді көксеген, жүрек түкпірінде жатқан бір үмітін аңсаған сәттегі лебізі екен-ау.
Шүкір, бүгінгі заманның көкейкесті мәселелерін көркем тілмен кестелеген, республикалық бәйгелерде жүлделі орындар алған “Ағаш ат”, “Бақытты үй”, “Құлдар көтерілісі”, “Сопының ғұмыры” тәрізді біраз прозалық шығар-малары көзінің тірісінде жарық көріп, оқырманның ризашылығына бөленді. Әсіресе жазушының 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына бейжай қарай алмай, осы оқиға желісін көркем шығармаға арқау етуі (“Құлдар көтерілісі”) оның азаматтық бет-бейнесін танытып тұрған жоқ па?!
Сейітқұл қоғам өміріне де белсене араласып, зәру проблемаларға үн қосып, баспасөз бетінде қалам тербеп отырды. Бақиға аттанардан бұрынырақта туған жерін аралап келгеннен кейінгі әсерін ортаға салу үшін бүгінгі күні жандана бастаған ауыл өмірі жөнінде тізбекті материалдар жариялай бастаған еді. Сейітқұл бұл өмірде қандай сырбаз, дегдар мінезді болса, шығармаларын да сондай нә-зіктікпен, мөлдір сезіммен, жүрекпен жазатын. Бұл да сөзі мен ісін бір жерден шығаруға ұмтылған адал азаматқа тән қасиет болса керек.
Мағыналы ғұмыр кешкен Сейітқұл досымыздың отбасы да өзгелерге үлгі-өнеге. Аяулы жары Данагүл Сейітқұлдың алаңсыз жұмыс істеуіне қолынан келгенше жағдай жасап бақты. Көзінің тірісінде дастарқаны жиылмайтын Сейітқұлдың шаңырағында сол дәстүр арада жылдар өтсе де қаймағы бұзылмаған күйі. Осындай басқосулардың бәрінде де Данагүл және Сейітқұлдың аяулы қыздары Айнұр мен Айжан зыр жүгіріп, қонақтарға қызмет көрсетеді. Соңында өзінің рухын аялайтын ұрпағы бар Сейітқұл да бақытты жандардың бірі болған шығар.
Иә, оны бақытты деуімізге толық негіз бар. Өйткені оның артында аялаған жары Данагүл қалды, әлпештеген қос перзенті Айнұр мен Айжан қалды, бұдан бөлек елім деп соққан жүрегінің лүпіліндей шығармалары қалды. Оның өзі де қандай құрметке де лайықты, адамгершілігі мол азаматтың бірі еді. Осы арада есіме тағы бір нәрсе түседі. Астанаға көшіп келгеннен кейін араға бірер жыл салып Сейітқұл машина алды. Оған құтты болсын айта барып, тойладық. Сейітқұл мәз, мәре-сәре. Өзінің қуанғаны да қызық. Екі езуі екі құлағында, күле береді. Оның бала тәрізді кіршіксіз күлкісін сонда көрдім. Көп ұзамай машина айдап бара жатқан Сейітқұлды көретін болдық. Кездесе қалсақ, машина терезесінен қол көтеріп, амандасу ізетін білдіретін.
Арада зымырап жылдар өтті. Әдеттегідей үйден шығып, жұмысқа бет алдым. Бір кезде жанымнан бір машина өтіп барып, кілт тоқтады. Қарасам, Сейітқұл. Машинадан түсіп, маған қарай келе жатыр. Сәлемдестік. “Жолыңнан неге қалдың, жүре бермедің бе”, деп жатырмын. Ол болса: “Жоқ, бұдан былай кездескен жерде машинадан түсіп амандасып тұрамын”, дейді. Бетіне үңілдім. Таңырқап тұрмын. Сейітқұлдың бет-әлпетінен тұнжыраңқылықты байқадым. “Иә, солай, бұдан былай амандасып тұрамын” деп мәшинесіне беттеді. Мұнысы несі деген оймен жүріп кеттім. Үш күннен кейін Сейітқұлдың бақилыққа аттанғанын естідік. Сонда барып, алдыңғы оқиғаны есіме алдым. “Қайран азаматтың менімен қоштасқаны екен ғой, сезген екен ғой, Құдай-тағала сездірген екен ғой” деп, Тәңірге сиындым.
Орынбек Жолдыбай, филология ғылымдарының кандидаты.