Қоғам • 31 Қазан, 2019

Әрбір азамат күніне жарты кило қоқыс тастайды

570 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Finprom.kz сарапшыларының деректеріне қарағанда әрбір қазақстандық күніне жарты килоға жуық қоқыс қалдырады екен. Сөйтіп әр отандасымыз бір жылда 167 килодан астам қалдық тас­тайды. Бұл жағдай отандастарымыз қалдықты көшеге лақтырады дегенді білдірмейді, тек күнделікті тұрмыста қолданатын заттар мен азық-түлік қалдықтарының қоқысқа тасталатын мөлшері осындай.

Әрбір азамат күніне жарты кило қоқыс тастайды

 

Сарапшылар еліміздегі ресми түр­де қоқыс төгілетін алаңдарда 47 млн тонна­дай қалдық жатқанын айтады. «KazWaste қалдықтарды басқару қауым­дастығының» деректеріне сүйенсек, біз айтқан 47 млн тонна қоқыс жылдың басын­дағы есеп бойынша анықталыпты. Дәлірек айтқанда биылғы жылдың басында еліміздегі қоқыс полигондарында 46,7 млн тонна қоқыс болған. Егер салыстырар болсақ, еліміз биыл 19,1 млн тонна астық жинаған еді. Демек біздегі қоқыс көлемі биылғы астығымыздан 2,4 есе көп.

Бірақ бұл есепке тек ресми қоқыс поли­гондарындағы қалдықтар ғана кіріп отыр. Ал қоқысты заңсыз төгетін­дер мен көзден тасада қалған қоқыс алаң­дарындағы қалдықтың нақты есебі жоқ. Мамандар жыл сайын Қазақстанда шамамен 6 млн тонна қатты тұрмыстық қал­дық жиналатынын айтады. Оның тек 11 па­йыздан астамы ғана қайта өң­деуден өтеді екен. Яғни біз қоқыс өңдеу мәселесінде тым табысты емеспіз деген сөз. Ал «жасыл экономикаға» көшуді мақсат еткен еліміз қоқысты қайта өң­деудің үлесін 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді көздеген еді. Алайда 2030 жылға дейін небары 10 жыл ғана қалғанын ескерсек, аталған 40 пайызға қол жеткізу оңай шаруа болмайтын түрі бар. Өйткені елімізде қоқысты қайта өңдеу ісі тым баяу дамып келеді. Мәселен, 2017 жылы елімізде қоқыстың 9 пайы­зы қайта өңдеуден өтсе, 2018 жы­лы бұл көрсеткіш 11,51 пайызға жет­кен. Алайда былтыр қоқысты қайта өң­деуде 2017 жылғы көрсеткішке же­те алмадық. 2017 жылы қоқысты қай­та өңдеу бірден 6,4 пайызға өсіп, 2016 жылғы 2,6 пайыздық деңгейден 9 пайыз­дық көрсеткішке қол жеткен болатын. Әри­не қоқыс өңдеу ісінде алға жылжу бол­ғанымен, көрсеткіштер бірде артып, бірде кеміп отырған жайы бар. Сон­дықтан алдағы он жылда тұрмыстық қат­ты қалдықтардың 40 пайызын өңдеуге қол жеткізу оңай-оспақ шаруа болмайын­ деп тұр. Мақсатқа қол жеткізу үшін қо­қыс­ты қайта өңдеу көрсеткішін жыл са­йын 2,9 пайызға арттырып отыруға тиіспіз. Онсыз 2030 жылы өзіміз межелеген 40 пайызға жетуіміз неғайбыл. Оның үстіне еліміз аумағындағы қоқыстың нақты үлесіне қатысты кереғар деректер бар. Сөз басында айтқан KazWaste қауым­дастығы 47 млн тонна қоқыс жат­қанын алға тартса, «Атамекен» кәсіп­керлер палатасының тапсырысы бойынша арнайы зерттеу жүргізген «DAMU RG зерттеу тобы» ЖШС-ның 2018 жылғы есебінде еліміздегі қоқыс көлемі 100 млн тоннаға жақын деп көр­сетілген. Сарапшылар 2015 жылы Энер­гетика министрлігінің қалдықтарды бас­қару департаментінің директоры қыз­метін атқарған Бейбіт Шахановтың сөзін уәж ретінде алға тартады. Осыдан төрт жыл бұрын аталған департаментті бас­қарған атқамінер масс-медиаға жа­са­ған мәлімдемесінде «Қазіргі таңда Қа­зақстанда жиналып қалған тұрмыстық қат­ты қалдықтардың жалпы көлемі шамамен 100 млн тоннаға жақындайды. Сөйте тұра біз жыл сайын 5-6 млн тонна қоқыс тастаймыз. 2025 жылға қарай бұл мөлшер жылына 8 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін» деген болатын. Әри­не «төрт жылдың ішінде біраз дүние өзгер­ген шығар» деп деректердегі қайшы­лықты жақсылыққа балауға болады. Бі­рақ қоқыс өңдеуді тек 2018 жылы ғана он пайыздан асырғанымызды ескер­сек, еліміздегі қоқыстың нақты көле­мін анықтау қиын екеніне көз жеткізе­міз. Шенеунік айтқан 100 млн мен KazWaste алға тартқан 47 млн тоннаның ара­сында бақандай 53 млн тонналық айырмашылық бар. Демек не атқамінер қателесті, не KazWaste-тің деректері өті­рік. Екінің – бірі.

Дегенмен қалай болғанда да қазақ же­рінде шашылып жатқан қоқыс аз емес екені анық. Оған бір ғана #Birge #TazaQazaqstan акциясы кезінде 40 мың тонна қоқыс жиналғанының өзі нақты дәлел болады. Бұл қоқыстың арнайы полигондардан емес, даладан, өзен-көлдің жағалауы мен айдындарынан жиналғанын назарда ұстайтын болсақ, қоқыс көлемі Бейбіт Шаханов айтқан 100 млн тоннаға жақындап қалады-ау деген күдік пайда болады. Оның үстіне KazWaste ресми тіркелген полигондардағы қоқыс көлемін көрсетті. Заңсыз қоқыс алаңдарына қатысты дерек жоқ. Ал бізде азаматтар заңсыз қоқыс төгіп жүрген алаңдар баршылық. Мысалы, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында биыл заңсыз қоқыс төгіліп келген 884 алаң анықталыпты. Жер көлемі шағын облыстың өзінде жағдай осындай болғанда, ірі аймақтар мен өндіріс орындары мол өңірлердегі жағдайды болжай беруге болады. Әрі әрбір қазақстандық жылына орта есеппен 167 килодан артық қоқыс тастайтыны белгілі болғанымен, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 400 килоға дейін жететін кездері болады.

Қоқыс демекші, біз тілге тиек етіп отырған мәселенің ішінде қалдықтардың түрлі санаттарға бөлінетіндігі тағы бар. Энергетика министрлігі былтыр полигондарға 4,3 млн тонна қоқыс тасталғанын анықтаған. Әрине бұл жерде де KazWaste алға тартқан 6 млн тонна мен  министрлік деректерінде қайшылық бар. Бірақ, бізге белгілісі – былтыр жалпы қоқыстың 2,8 млн тоннасын коммуналдық қалдық құраған. Бұл дегеніңіз, елімізде арнайы маманданған 601 мекеме жинап, тасып әкететін күнделікті қоқыс. Осыншама қоқыстың 69,3 пайызы полигондарға төгіліп, жинақталса, 18,2 пайызы сұрып­таудан өтіп, қайта өңдеуге жі­берілген. 12,5 пайызы жойылыпты. Осы тұста коммуналдық қалдықты өңдеуде азды-көпті жетістігіміз бар екенін айтпай кетуге болмайды. Өйткені статистика қоқыс өңдеуде алға басқанымызды көрсетіп тұр. Мәселен 2007 жылы полигондарға 3,35 млн тонна коммуналдық қоқыс тасталса, оның небәрі 0,7 пайызы ғана өңделген. Арадан он жыл өткен соң, 2017 жылы коммуналдық қалдық көлемі 2,98 млн тоннаны құрап, өңделген қоқыс көлемі 14,8 пайызға жетті. Бұл дегеніңіз коммуналдық қалдықты өңдеу 21 есе өскенін білдіреді. Бірақ жалпы қоқысты өңдеу 2017 жылы 9 пайыз ғана еді.

Негізі қоқысты өңдеп, одан пайдалы зат жасап шығару ісі әлемде тәуір жолға қойылған. Қазақстан да бұл бағытта шама-шарқынша әрекет жасап келе жатыр. Қоқысты сұрыптауға да айрықша көңіл бөлгенбіз. Мәселен, 2016 жылдан бері полигондарда құрамында қорғасыны бар шамдар мен ас­паптарды, металл сынықтарын, пай­даланылған май мен өзге сұйықтықтарды, батареяларды, электронды қалдықтарды көмуге тыйым салынды. Биылғы қаңтардан бастап пластмассаны, макулатура, картон мен қағаз қалдығын, әйнекті көмуге рұқсат берілмейтін болды. 2021 жылдан бастап қоқыс полигондарына азық-түлік және құрылыс қалдығын көмуге болмайды. Заңда солай көрсетілген. Бірақ азаматтардың күнделікті тұрмыста қалдықтарды сұрыптап, арнайы контейнерлерге бөліп төгу дағдысы әлі қалыптаспай жатыр. Ал мемлекет осынау дағдыны қалыптастыру үшін тек 2016-2017 жылдары құ­рамында қорғасыны бар шамдар мен батареяларға арналған 2321 контейнер, тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптап жинауға арналған 8905 контейнер, электр және электронды жабдықтарға арналған 289 контейнер сатып алып, бұқараның пайдалануына ұсынған-ды. Тек өзіміз қоқысты мидай араластырып, бір ғана жәшікке лақтыра салу әдетімізден арылған жоқпыз.