Қоғам • 05 Қараша, 2019

Мәулен Әшімбаев: Ұлттық мүдде бәрінен биік

1064 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Жаңадан сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық мүддеге сай жүргізіп келеді. Осы орайда Қазақстан Президентінің көмекшісі Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевпен арнайы жолығып, мемлекеттік маңызы бар бірқатар мәселе жөнінде сұхбаттасқан едік.

Мәулен Әшімбаев: Ұлттық мүдде бәрінен биік

– Мәулен Сағатханұлы, сіз Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сайлауалды штабын бас­қардыңыз. Қазіргі таңда сай­лауалды бағдарлама қалай жү­зеге асырылып жатыр? Мем­ле­кет басшысының көмек­шісі ре­тінде бұл саланы да өз назары­ңызда ұстап отырған боларсыз?

– Мемлекет басшысының сай­лау­алды бағдарламасы «Игі­лік баршаға! Сабақтастық. Әділ­дік. Өрлеу» деп аталғаны белгі­лі. Бағдарлама Nur Otan партия­сы­ның мүшелері ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппарат басшылыққа алатын маңызды құжатқа айналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы онда көрсетілген ел мүддесі жолындағы мақсат-міндеттердің толық орындалуына баса мән беріп отыр.    

Сайлаудан кейін бағдарламада көзделген іс-шараларды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітіліп, алдымызға нақты мін­деттер қойылды. Бағдарламада айтылған негізгі тұжырымдар Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында нақтылана түсті. Осы бағытта ауқымды жұ­мыс­тар атқарылып жатыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзі мен ісі бір жерден шығатынын жар­ты жылға жетпей-ақ дәлелдеді. Ол ха­лықтың мұң-мұқтажын жақсы білетінін көрсетіп, ең өзек­ті мәселелерді шешуге басым­дық беріп отыр. Қазірдің өзінде бір­қатар нәтижеге қол жеткізді. Елі­міздегі аз қамтылған отбасы­ларға көрсетіліп жатқан әлеумет­тік көмек, тұрмысы төмен отбасы­лар­дың несиесін кешіру акция­сы, шағын бизнесті үш жылға са­лықтан босату, ауыр қылмыс жасағандарға жазаны қатаңдату сияқты шаралар – соның айқын дәлелі. Осындай оң өзгерістер халықтың да көңілінен шығып, көпшіліктің қолдауына ие болды.   

Биылғы қазан айында Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын дамыту мәселелеріне арналған кеңестер өтіп, елордамызды және ең ірі қаламызды өркендетудің бағыт-бағдары талқыланды. Президент бұл жиындарда тұрғындарды алаңдатқан бірқатар түйткілді проблемаға қатысты нақты шешім қабылдап, көпшіліктің көңілінен шықты. Шаһарларымыздың экономикасын одан әрі дамытуға, инфрақұрылымын жетілдіруге, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға байланысты нақты тапсырмалар берді. 

Осының бәрі Мемлекет басшы­сы­ның сайлау алдындағы бағдар­ла­масында көрсетілді. Алдағы уақыт­та бұл жұмыстар жүйелі жалғасын табады. Бағдарламаның орындалуы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында.

– Мемлекет басшысы әл-Фа­раби мен Абайдың мерейтойларын, Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығын атап өту туралы бастама көтерді. Елдік рухты асқақтататын осындай игі іс-шаралардың қандай форматта өткені дұрыс деп ойлайсыз?

– Біздің мың жылдықтарға ұласатын тарихымыз бар. Әлем­дік өркениет биігіне көтерілген ойшыл­дарымыз аз емес. Мемлекет­ті­лігіміздің де шежіресі бай. Сон­дықтан Алтын Орданың 750 жыл­дығын, әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын атап өту туралы шешімдердің идеологиялық маңызы өте зор.   

Әйгілі Алтын Орда мемле­ке­тінің тарихы – еліміздің де тарихы.  Белгілі Талас құрылтайының біздің жерде өткені, Жошы хан кесенесінің Ұлытауда орналасқаны көп жайтты аңғартады. Орданың ірі сауда-экономикалық орталығы болған Сарайшық қаласын да ешкім қазақтан бөліп-жарып ала алмайды. Біздің мемлекеттілігіміз Алтын Орда мемлекетінен де тамыр тартатынын естен шығармауымыз керек. Осындай нақты деректер арқылы тарихи шежіреміздің бай екенін бүкіл әлемге танытқан жөн.

Әл-Фараби мен Абай – әлемдік деңгейге көтерілген ғұлама ойшылдар. Олардың шығармашылығы мен еңбектері арқылы қазақ жері­нің де үлкен өркениет ордасы бол­ғанын насихаттауымыз қажет.

Әл-Фараби бабамыз ғылым­ның бірнеше саласын дамы­туға өлшеусіз үлес қосты. Оны өр­кениетті елдер екінші ұстаз ретінде мойын­дайды. Абайдың да мұрасы ескір­мей­тінін уақыт дәлелдеді. Оның шығармалары озық ойлы жаңа ұлт қалыптастыруға қызмет етуі керек. Қоғамдық өмірдің түр­лі салаларын жаң­ғыртуға қадам басқан еліміз үшін ұлы ойшыл­дарымыздың туын­дылары рухани азық бола алады.

Сондықтан бұл бастамалардың той тойлау үшін емес, ой ойлап, өтке­німізді тану және сананы жаң­ғырту үшін қолға алынып отыр­ған дүние екенін түсінген абзал. Осындай іс-шаралар жастарды пат­­риоттық рухта тәрбиелеуге, ұлт­тық құндылықтарды дәріп­теу­ге бағытталуы керек. Бұл мемле­­кет­­тілігімізді нығайту, тәуелсіз­­дігімізді күшейту үшін қажет. Мемлекет басшысы төл тарихы­мызға байланысты мерейтойларды атап өтуде осындай жайттарға басымдық беруде.

– Бүгінде Қазақстан Прези­денті елді экономикалық және саяси тұрғыдан бір мезгілде жаңғыртуды мақсат еткені және сол бағытта жұмыс істейтіні айқын болып отыр. Бұл уақыт талабы ма, әлде мұның басқа да себептері бар ма?

Елімізді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғырту – уақыт талабы. Қазақстанды жаңа үрдістерге сай дамыту және қоғамдық өмірдің барлық саласын жаңғырту Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша қолға алынғанын білесіздер. Соңғы жылдары осы бағытта көп жұмыс атқарылды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғырту жөніндегі бас­тамасын Тұңғыш Президентіміз айқындаған саясаттың заңды жалғасы деп қабылдау керек.  

Сонымен қатар әр кезеңнің өзіне тән ерекшеліктері мен үрдістері болады.  Қазір қоғам да өзгерді, адамдар да өзгеруде. Соған сәйкес бейімделіп, лайықты саяси жүйе қалыптастыру қажет. Бұл – заман талабы. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай табыс­ты экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты.

Саяси жаңғырудың басты мақсаты – мемлекеттің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ дамып келе жатқан аза­маттық қоғамның сындарлы баста­ма­ларын жүзеге асыруға мүм­кіндік беру.  

Қазір мемлекет басқару ісінде қоғамдық пікірдің маңыздылығы арта түсті. Бұл – өркениетті жолмен өрлеудің бірден-бір көрінісі. Саяси жаңғыру үдерісі осы формула бойынша дамитын болса, экономикалық реформаларға тың серпін береді. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы бастамасы жұртшылық тарапынан қолдау тапқанын атап өткен жөн.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына бірнеше міндет негіз болды. Бірін­шіден, билік қоғамдық маңызы бар мәселе бойынша шешім қабыл­дағанда азаматтардың, үкімет­тік емес ұйымдардың ұсыныс­тары мен пікірін ескеруі керек. Бұл – «мемлекеттік биліктің бір­ден-бір бастауы – халық» деген конституциялық қағиданың іс жү­зіндегі көрінісінің бірі. Азаматтар билікпен бірге шешім шығаруға атсалысса, жауапкершілік сезімі де күшейеді. 

Екіншіден, қоғамды алаң­дат­қан мәселелерге қатысты дереу үн қату, бейқамдық таныт­пау. Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар, ең ал­дымен, халыққа қызмет ететі­нін түсінгені жөн. Сондықтан қоғам­ның сұранысына сәйкес тиісті шаралар қабылдау – мемле­кет­тік органдардың негізгі мақсат­тарының бірі.    

Үшіншіден, тұрғындардың талап-тілектеріне тез жауап беру, бюрократияға жол бермеу. Бұл әсіресе жергілікті билік өкіл­деріне қатысты мәселе. Азамат­тар құқықтық, әлеуметтік-эконо­микалық, тұрмыстық жағдайына қатысты сұрақтар бойынша көбіне әкімдіктерге жүгінеді. Әкімдер мен жауапты қызметкерлер мұн­дай өтініштерді барынша тез қарас­тырып, тиісті шешімдер қабыл­дауы қажет.     

Төртіншіден, «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасы мемлекеттік органдар жұмы­сының ашықтығын да қамти­ды. Басты талап – құжаттарға және ақпаратқа қолжетімділікті қамта­масыз ету, бюджет мәселелеріне қатысты жұмысты ашық жүргізу, шешімдерді жария түрде қабылдау.

Бесіншіден, қолға алынған бас­тамалардың мән-маңызын жан-жақты түсіндіру. Кей жағдайда қоғам үшін пайдалы шешім ха­лыққа дұрыс түсіндірілмей жа­тады. Соның салдарынан орын­сыз наразылық туындауы мүм­кін. Мемлекеттік органдар өз ше­шімдерінің маңызын түсіндіруге баса мән беруі тиіс.  

Бұл ретте Президентіміз өзі көпке үлгі көрсетіп келеді. Мы­салы, кейбір өткір мәселелерге қатыс­ты әлеуметтік желілер арқы­лы пікірін білдіріп, істеліп жатқан жұмыстар туралы халықты тікелей хабардар етіп отыр.

Тоқетерін айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасы мемлекеттің ашық­тығын қамтамасыз етіп, халық пен билік арасында сындарлы диалог орнату үшін қажет. Сон­дай-ақ халықтың билікке деген сенімін күшейтуді көздейді. Бұл, өз кезегінде, ел ішінде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келі­сімді сақтауға, экономикамызды өркендетіп, азаматтардың әл-ау­қатын арттыруға жаңа мүмкін­діктер береді.

– Сіздің ойыңызша, бүгінгі­дей әлеуметтік желі қуатты құ­ралға айналған уақытта қоғам аза­маттық белсенділік пен сая­си-по­пулистік белсенділіктің аражі­гін ажыратуы үшін не істеуі керек?

– Орынды сұрақ. Соңғы жылдары, әсіресе жаһандық қаржы дағдарысынан кейін әлемде по­пулистік идеялар мен ағымдар кең тарап келеді. Бұл үрдіске сіз айтып отырған әлеуметтік желілердің де ықпалы зор. Күрделі экономикалық және саяси мәселелерге қатысты өздерінің примитивті ойларын әлеуметтік желілер арқылы жөн-жосықсыз айта беретін адамдар аз емес.  

Жалпы, популистік ұстаным­дағы топтардың қазіргі таңда үл­кен күшке айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Мұның дәлелін әлемнің көптеген мемлекеттерінен,  Еуропадан да, Америкадан да таба аламыз.

Популистік идеяны насихат­тау­шылар көбіне күрделі жа­һан­дық мәселелерге қатысты таяз ойлап, дәйексіз шешімдер ұсы­­нады. Маңызды мәселелер ке­шенді жоспарлар, жан-жақты ойлас­ты­рылған шаралар арқылы ғана ше­шілетінін есепке алмайды. Себебі олардың мақсаты – әлеуметтік теңдік, ұлттық намыс секілді ұғым­дарды пайдалана отырып, халықтың эмоциясына әсер ету.

Осы ретте ұлы Абайдың: «Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ ырғып түсем деп, мертігеді, жатады» деген ой орамы популистердің іс-әрекетін дәл сипаттайды. Әр нәрсенің өз орны, реті бар. Кез келген жалаң ұранға ере беруге болмайды.

Сонымен қатар популизмнің артында, негізінен, белгілі бір топтардың билікке қол жеткізу сияқты жымысқы ойы тұратынын да ұмытпау керек.

Ал азаматтық белсенділік – қоғамға қажет нәрсе. Бұл құқықтық, әлеуметтік, демократиялық мемлекет ретінде дамудың бірден-бір жолы.  Азаматтық белсенділік, сөзсіз, саяси белсенділікті қам­ти­ды, бірақ оның ауқымы кең түсінік. Адамдар тек саяси мақсатта ғана емес, басқа да көптеген қоғамдық мәселелерді шешу үшін бірігеді.

Саяси популизм мен азаматтық белсенділіктің аражігін ажырату үшін азаматтар әр нәрсеге байыппен, сыни көзқараспен қарау керек. Түрлі ақпаратты немесе айтылған ойды қоғамға пайдасы бар-жоғы, шынайылығы тұрғысынан саралай білген жөн. Сонда жалаң популизмді нағыз азаматтық белсенділіктен ажырата аламыз.

– Қазіргі таңда мұқтаж жандарды қолдау үшін тың бастамалар қолға алынды. Әлеуметтік көмек көрсеткен дұрыс. Бірақ қо­ғамда масылдықтың айтар­лықтай деңгейде екені де байқа­лып жатыр. Оны жою үшін не істеу керек?

– Рас, аз қамтылған отбасылар­ға әлеуметтік қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар атқарылуда. Олар Мемлекет басшысының сай­лау алдындағы бағдарламасы мен халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген міндеттерден туындайды.

Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жұмысқа жарамды болса да мемлекеттен әлеуметтік көмек алуға ұмтылады. Бұл – масылдық психология. Кезінде Абай атамыз да мұны қатты сынаған болатын. Сол кезде ұлы ойшыл мұның алдын алу үшін халықты еңбек етуге, кәсіппен айналысуға шақырды. Қазір де бұл сөздердің өзектілігі жоғалған жоқ.

Әлеуметтік масылдық мемлекет дамуын тежейді. Азаматтар жұмыс істеп, табыс таппаса, еліміз өркендемейді. Сондықтан Үкімет жаңа жұмыс орындарын ашу үшін шағын және орта бизнес­ке жағдай жасап отыр. Жаңа кәсіп түрлерін меңгеруге мол мүмкіндік бар. Өндіріс орындарында білікті мамандарға деген сұраныс жоғары. Азаматтар осындай мүмкіндіктерді пайдалануы қажет.     

Бүгінгі заман – бәсекеге қабі­леттінің заманы. Әр адам, әсіресе жастар, білім алуға, шет тілін үйренуге, жаңа кәсіпті игеруге, өзгелерден озық болуға, тәжірибе жинақтауға, дүниетанымын кеңей­туге басымдық беруі тиіс. Сонда ғана қоғам да дамиды, мемлекет те өркендейді. Өскелең ұрпақтың санасына осы ұстанымдарды сіңі­руіміз керек. Масылдықты жою­дың бірден-бір жолы осы.  

– Қазір елімізде жас кадр­лар­дың президенттік резерві құрылып жатқанын білеміз. Бірақ кейін бұл бастама сол резерв күйінде қалып қоймай ма? Осыған қатысты ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз.

– Кез келген қоғамның қоз­ғаушы күші – жастар. Жаңа идея да, тың бастама да жастардан шығады. Қазір Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Сондықтан мемлекет басқару ісіне кадрлардың жаңа буыны келуі тиіс. Бұл – уақыт талабы. Елбасы да, Мемлекет басшысы да бұған зор мән беруде.

Әр заманның өз қайраткерлері мен өз кадрлары болады. Бүгінгі таңда билікке кәсіби білікті, хал­қына адал қызмет ететін, жаңаша ойлайтын, әділ әрі жауапкершілігі жоғары жас мамандар керек. Президент ұсынған кадрлық резерв осы мақсатпен құрылып отыр. Бұл – талапты жастар үшін үлкен мүмкіндік. 

Жалпы, қазіргі таңда өрке­ниетті мемлекеттер материалдық активтерін емес, адам капиталын дамытуға күш жұмылдыруда. Өйткені кез келген табиғи ресурстың таусылатыны белгілі. Ал азаматтарының басым көпші­лігі білімді болса, ғылыммен айналысса, жаңа технологиялар мен инновацияны меңгерсе, мұндай мемлекет озық дамыған елдердің қатарына қосыла алады. Мысалы, Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, қазіргі әлемде экономикалық өсімнің 55 пайызын адам капиталы қамтамасыз етеді екен. АҚШ-та ұлттық байлықтың 76 пайызын адам капиталы құрайды. Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш – 74 па­йыз. Жаңа Қазақстанның ұлттық мүддесі туралы айтқанда осындай құндылықты дәріптеуге мән берген жөн. 

Адам капиталы тынымсыз іздену, оқып-үйрену арқылы қалыптасады. Біз де осы көштен қалмауымыз керек. Өйткені – адам капиталы инновациялық экономиканы және білім экономикасын қалыптастырудың басты факторы.

Сондықтан Президенттің кадрлық резервін еліміздің басқару жүйесіндегі адам капиталын дамытудың бір тетігі ретінде қарастырған жөн. Жас азаматтар мемлекетті өркендетуге тың серпін береді деп үміттенеміз.

Президент Елбасының сындарлы сыртқы саясатын жалғастыратынын мәлімдеді. Дейтұрғанмен, жаңа геосаяси жағдайларға байланысты белгілі бір бағыттарға басымдық берілуі мүмкін бе?

Қазақстан сыртқы саясатта әуел бастан көпвекторлы бағытты ұстанып келеді. Бұл – ұлттық мүд­демізге, тәуелсіздігімізді сақтау­ға негізделген саясат. Мемле­кет басшысы сыртқы саясатта Ел­басы белгілеп берген осы бағыт-бағ­дарды жалғастыратынын нақты айтты.

Көпвекторлы сыртқы саясат ұлт­тық қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету, халықаралық беде­лі­міз­ді одан әрі нығайту, страте­гия­лық серіктестерімізбен сая­си, экономикалық және басқа сала­­лардағы ынтымақтастықты терең­дету үшін қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіби дипломат болғандықтан және осы салада көп жыл қызмет еткендіктен сыртқы саясаттың қыр-сырын өте жақсы біледі.

Қазақстан егемен ел ретінде толық қалыптасып, халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесіне айналды. Алдағы уақытта да тәуелсіздігімізді күшейтіп, мемле­кетімізді өркендету үшін сыртқы саясатымыз ұлттық мүддеге сай жүргізілетін болады.

Қазір әлемдік геосаяси жағдайдан туындайтын және біз­ге әсер ететін сын-қатерлер жоқ емес. Кейбір мемлекеттердің эко­номикалық және әскери әлеуетінің қарқынды дамып келе жатқанын да естен шығармауымыз қажет. Халықаралық қоғамдастық Ресей мен АҚШ, АҚШ пен Қытай арасындағы күрделі қарым-қаты­настарға, Сириядағы, Ауған­стандағы ахуалға және басқа да өзекті мәселелерге алаңдаушылық білдіріп отыр.

Жаңа геосаяси жағдайда стра­те­гиялық серіктестеріміз – Ресей, Қытай, АҚШ, Түркі және Араб әлемі, Еуропа елдерімен ынты­мақ­тастықты жалғастыра берудің маңызы өте зор. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы бағыттағы жұмыс­тарды жаңа белеске шығаратынына ешқандай күмән жоқ.

– Таяуда Мемлекет басшысы латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиіне қатысты пікір білдіріп, кейбір олқылықтардың бар екенін айтты. Демек, әліпбидің бұған дейін бекітілген нұсқасы қайта қарастырылатын болды ғой?! Осыған байланысты өз ойыңызды ортаға салсаңыз?

– Елбасының қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жөніндегі бастамасы – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Бұл тарихи шешім жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Қазірдің өзінде қоғамдық орындарда қазақша сөздерді латын қаріптерімен жазу үрдісі басталып кетті. Бірақ бірізділік жоқ. Соның салдарынан бір сөздің түрлі нұсқалары тарай бас­тады. Мемлекет басшысы осы жайтқа дер кезінде назар аударып, олқылықты түзетуді тапсырды. Бұл әліпбиді қайта жасау деген сөз емес. Тек кейбір әріптерге қатысты өзгерістер енгізілуі мүмкін. 

Жаңа әліпбиді жетілдіруге ғалымдар мен тіл мамандары жұмылдырылды. Оларға зор жауап­кершілік жүктеліп отыр. Сондықтан оны жан-жақты ойластырып шешуге тиіспіз. Кезін­де Алаш қайраткері Ахмет Байтұр­сынұлы «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек» деген еді. Дәл қазір біз осы қағидатты басшылыққа алуымыз қажет. Президентіміздің қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру туралы айтқан сөзін де естен шығармаған жөн.

Тілсіз ұлт болмайды. Латын қарпіне негізделген әліпби арқылы ана тіліміздің аясын кеңейтіп, оны заман талабына сай дамытуға жол ашамыз. Бұл – қазақ тілінің жаңа көкжиегі.

– Құрметті Мәулен Сағат­хан­ұлы, мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Мемлекетімізді дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты тұшымды жауап алдық.  

– Сіздерге де көп рахмет. Биыл «Egemen Qazaqstan» газетіне 100 жыл толып отыр. Бұл – бүкіл қазақ баспасөзі үшін ортақ қуа­ныш. Ғасыр жасаған басылымның торқалы тойы құтты болсын!

Газеттің тағылымды тарихы ұлт зиялыларының ел мүдде­сі жолындағы еселі еңбегімен басталғанын білеміз. «Егемен­дік­тер» жүз жыл бойы осы ұста­нымнан айнымай, ұлттық құнды­лықтарды дәріптеу, ел еңсесін тіктеу, мемлекеттілігімізді нығайту үшін көптеген игі бастамаларға ұйытқы болды. 

Бүгінде бас басылым қоғамды жаңғырту ісіне де атсалысып келеді. Газетіміз алдағы уақытта да тәуелсіздігімізді нығайтуға, елімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қоса береді деп сенеміз.

Ұжымдарыңызға береке-бірлік, шығармашылық шабыт және мол табыс тілеймін! 

 

Әңгімелескен

Айбын ШАҒАЛАҚ,

«Egemen Qazaqstan»