Аймақтар • 07 Қараша, 2019

Ішімдік ішпейтін, шылым шекпейтін ауыл

3606 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Түкпірдегі елді мекенде кеңі­нен қанат жайған өнегелі іс өзгелерге үлгі етілмеуі қалай?! Ат басын бұрып осы ауылға келіп, ел-жұрттың берекелі тыныс-тіршілігін көргеннен кейін көкейімізге осындай сауал тірелді.

Ішімдік ішпейтін, шылым шекпейтін ауыл

Масылдықты білмейтін буын

Бір кездері бұл маңай түтіні түзу ұшқан, мыңғырған төрт түлік мал өскен, ұлттық салт-дәстүрдің қаймағы бұзыл­маған ауылдардың құтты мекені болды дегенге сену қиын. Қазір одан Бірлік пен Көзашардың орны үңірейіп, жұрты ғана қалған. Қал­ған­дары Теңдік ауылдық округы­н­ың құрамына енді. Орталығы – осы аттас елді мекен. Мұнда жүзге жуық отбасы тұрады. 11 жылдық мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, мешіт, дүкен жұмыс істейді. Ал аз үйлі Кантемир мен Котовский «болашағы жоқ ауылдар» санатына жатқызылып, білім ошақтары жабылып қалған. Оқушылар аудан орталығына қатынап оқиды. Әң­гімеміз Тайынша ауданының бір сүбелі пұшпағы туралы.

Теңдік ел аузында «Орынбай Әлжановтың ауылы» деп те аталады. «Халық айтса, қалып айтпайды» демекші, мұндай құрметке екінің бірі бөлене бермесі анық. Таңдау неге Орекеңе түскен деген сауалға келсек, өткенге аз-кем шегініс жасаған жөн секілді. Орынбай Шайханұлы – кеңестік кезеңнің темірдей тәртібін көріп, қатаң кадрлық сүзгісінен өткен «қызыл директорлардың» бірі. Осыдан жарты ғасырға жуық бұрын мал бордақылаумен арнайы айналысатын кеңшар құрылғанда жас маманға үлкен сенім артылып, осында басшылыққа жіберілді. Қыз-қыз қайнаған еңбек алаңында тәжірибесі аздау болса да, ауылда жастайынан жылқы тізгіндеп, мал қайырып өскенінің пайдасы тиді. Мамандығы агроном жігіт атакәсіптің қыр-сырын тез-ақ меңгеріп алды. Оның үстіне кіндік қаны тамып, балалық шағының ізі қалған атамекенге келгеніне қуанып, бар күш-жігерін, қажыр-қайратын ел игілігіне арнады. Ірі қара малдың саны он мың басқа дейін жетіп, облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтың біріне айналды. Жұртшылықтың тұрмысы түзеліп, әл-ауқаты артып, жаңа үлгідегі мәдени, әлеуметтік нысандар көптеп бой көтере бастағаны сол еді, Кеңес Одағы ыдырап, қуатты экономиканың арқауы сөгіле бас­тады. Билік, шаруашылық тізгінін ұстап отырған небір пысықайлардың мемлекеттің, халықтың мысқалдап жинаған ен дәулетін пышақ үсті бөлісіп қолына тиген қалтаға басып жатқанын көргенде «есіл еңбек-ай» деп іші удай ашыды. Қатты қапаланғаны соншалық, түн ұйқысы төрт бөлініп, терең ойдың құшағында жүрді. Сосын тосын шешім қабылдап, жұмысшы-қызметкерлерге тиесілі дүние-мүлікті өздеріне теңдей етіп бөліп берді. Асығыс жүргізілген жекешелендірудің ақыры жақсылық­қа соқтырмайтынын сезіп, алдын ала осындай әрекетке барып, оның түбі берекетке айналарына қапысыз сенді. Иә, аумалы-төкпелі шақта мұндай шешім қабылдау – үлкен ерлікке пара-пар. Өйткені жоғарының нұс­қауына қарсы шыққандар саусақ­пен санарлық қана болатын. Солардың бірі – Орекең үкімет мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенше көпшілік өз ризығын көріп, нәпақасын теріп жесін деген ізгі ойға тоқтады. Өзі де өтпелі кезеңнің өткелегінен қиналмай шығудың жолдарын тынбай іздестіріп, «Қаратомар» шаруа қожалығын құрды. Құстың қос қанаты секілді мал шаруашылығы мен егіншілік қатар дамып, табыстың тайқазаны қайта толды. Осылайша қиындық шеңгелінен құтыла алмай «шықпа жыным шықпамен» жүрген тұрғындардың үміт оты қайта жанып, ертеңге деген берік сенімдері нығайды. Қырда егін себіліп, ойда төрт түлік өсіріліп, жұмыссыздық азайды. Отбасын, бала-шағаны асы­раудың жайы шешілген соң ма­сылдық пиғыл да еңсерілді. Жасөспірімдер, оқушылар арасында да тоғышарлық көңіл-күйден арылту шараларын өткізу берік дәстүрге енді.

«Жаста берген тәрбие – жас қа­йың­ды игендей» демекші, маңдай термен тапқан табыстың дәмі қашанда тәтті келетінін, еңбек – әлемнің әмір­шісі, шешуші ұлттық фактор екенін ұқтыра, ұғындыра білсек, «аз жұмыс істеп көп табу», «ауадан ақша жасау» секілді қауіпті кеселдерден арыл­ту оңай. Арзан жылтыраққа елік­теу­­шілік ұлттық құндылықтарды кері ысырып, дүниеқоңыздық дерті мең­деп бара жатқан секілді», дейді көше­лі қария көңілінде әлдебір алаң, маза­сыз­дық бар екенін аңғартып.

Сонау аумалы-төкпелі кезеңде Теңдік мектебінде бала азайып, жабылу қаупі төнгенде Орекең өзге аймақтардан көп балалы отбасыларды көшіріп әкелген. Әрқайсысына баспана беріп, алдына мал салған. Мұндай жарқын мысалдар аз емес.

Қазір Теңдікке «Шоқан-Ақан ауылы» деген қосалқы ат та телініп жүр. Сексеннің сеңгірінен асқан ақса­қал көштен қалмаса да Шоқан мен Ақан атты екі ұлына шаруашылықты се­ніп тапсырған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген­дей, ата-ананың жақсы тәлім-тәр­биесін алған Шоқан асыл тұқымды мұғал­жар жылқысын, еділбай қойын өсіру­мен, ал Ақан егіншілікпен шұ­ғы­л­данады. Ауыл іргесінің шай­қал­­мауына зор үлес қосып келе жат­қан екеуіне жерлестері дән риза. Мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, тағы басқа ғимараттардың жөндеу жұмыстарын ағайынды азаматтар өз міндеттеріне алған.

Дастарқан сәні – ұлттық тағам

16 жылға жуықтапты, Теңдік ауы­лында ойын-той арақ-шарапсыз өтіп келеді. Өміршең бастама өркен жайған алғашқы кезді Орекең былай еске алады: «2003 жылы Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы Рамазан айы қарсаңында жамағатқа Оразада арақ ішуді тоқтату туралы үндеу тастады, маған оны неге қолдамасқа деген ой келді. Өз қара­жатыма салынған мешіттің ашылу рәсімінде ауыл болып ақылдасып, ішімдікті біржола доғаруға, дүкен сөрелерінен шылым, басқа да зиян­ды заттар мен тағамдарды алып тастауға пәтуаластық. Содан бері әзәзіл су дастарқанға қойылған емес. Керісінше, отырыстың сәні, берекесі саналатын ұлттық сусындар мен дәмі тіл үйіретін тағамдар самсап тұрады. Оның адам ағзасы үшін де пайдасы мол, түрлі дәрумендерге бай. Өзім қажылық парызымды бірнеше рет өтеп келдім. Өзгелерге үлгі бола берсін деген ниетпен балаларымның үйлену тойларын қымыз-қымыранмен атап өттім. Бұл рәсімді тойшылар жылы қабылдады. Араққа салынып қаншама шаңырақ ортасына түсіп, жастар ажырасып жатыр десеңші. Денсаулыққа да зияны орасан екені медицинада әлдеқашан дәлелденген. Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз /ғ.с.ғ./ өзінің хадистерінде «барлық мас қылушы – арақ hәм барлық мас қылатын нәрсе – харам» деп айтады. Өкінішке қарай, арамызда харам мен халалды шатастырып жүргендер аз емес. Мұның бәрі отбасы, ошақ қасы тәлім-тәрбиесінің кемдігінен, ақпараттың жеткіліксіздігінен дейді».

Бір сәт статистикалық деректерге жүгініп көрейік. Ресми мәлімет бо­йынша жер бетіндегі халық­тың үштен бір бөлігі ішімдікке әуес көрінеді. Демек 6 миллиардтан астам адамның 2 миллиардтайы «тентек суға» кет әрі емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққанда 8 литрден көп алкоголь өнімін тұтынатын елдердің ұлттық генофонды деградацияға ұшырайтынын анықтаған. Жүрек-қан тамырлары, обыр, басқа да аурулардың көбейіп кетуінің бір себебі осында. Бұл жағынан алғанда, Қазақстан ішімдікті көп тұтынатын мемлекеттердің қатарында екені ойландырмай қоймайды. Екі жүз мың­нан астам адам маскүнемдік кесе­ліне шалдыққан. Өңірлер бойын­ша Солтүстік Қазақстан көшбас­шылар санатында тұр.

– Арақ-шарап ішу доғарылғалы ірі қылмыстар мүлдем тіркелген жоқ. Ұрлық-қарлық, төбелес те сап тыйылды. Әлдебір ұсақ кикілжіңдер туа қалса, ақсақалдар алқасының қаты­суымен төрелігін айтып, бітім­герлікке шақырып отырамыз. Басты мақсат – ұрыс-керістің себебін анық­тау, алдағы уақытта болдырмау, алдын алу, тараптарды татуластыру. Майда-шүйде түсінбестіктерді сырттан ешкімді араластырмай-ақ, өз арамызда шешеміз. Ең бастысы, өскелең ұрпақтың санасында арақ-шарапсыз да өмір сүре аламыз, одан да өзіме, қоғамға, елге пайдалы іспен айналысайын деген жаңаша ойлау жүйесі қа­лып­тасты. Бұл – өте құптарлық, қуа­нарлық жайт. Біле білгенге саламатты өмір сүрудің тиімді бағыттары көп қой. Әр отбасы мал, құс, бау-бақ­ша өсіреді. Жазда бие байлап қы­мыз ашытады. Құрт-ірімшік, жент сияқ­ты ұлттық тағамдар жасайды. Тұр­ғын­дар түгел Орекеңнің шаруа­шылы­­ғында еңбек етеді. Тепсе темір үзетін аза­мат­тардың бос жүргенін көрмейсіз, – дейді ауыл әкімі Рүстем Жұмағұлов.

Жергілікті билік орындарына құлақ­қағыс: «Жақсыдан үйрен, жаман­нан жирен» демей ме дана халқы­мыз. Олай болса ішімдік ішпей­тін, шылым шекпейтін тұтас ауыл­дың іс-тәжірибесі өзгелерге таратыл­са, насихатталса, үлгі етілсе, өңір­де мұндай саламатты өмір салты орнық­қан әзірге жалғыз елді мекеннің өрісі кеңейіп, басқалар да жаман қылық­­тардан арылар ма деген сауал ма­­за­лайды. Ішімдіктен мүлдем тыйы­­лу арқылы ғана басқа да жат қылық­­тар­дан арылудың жолын теңдіктік­тер­дің тәжірибесі айқын байқатып отыр.

Ауыл тұрғындарын қинап тұрға­ны – тек жол жайы екен. Аудан ор­та­лығы мен Теңдік арасындағы 25 шақы­рым жол шұрқ тесік, ойдым-ойдым. Биыл жыл басында ауылға апарар грейдер жолды қарғын су шайып кеткендіктен жағдай мүлдем қиындап кеткен. Егістік алқап арасындағы сүр­леу жолмен жүруге мәжбүр. Жаң­быр­лы, лайсаң күндері қатынас үзіледі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Тайынша ауданы

 

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Тұрғындардың жанайқайын ауыл әкіміне жеткізгенімізде тендер жарияланып, үш миллион теңге қаражат бөлінгенін, мердігер ұйым жуық арада іске кірісетінін жеткізді. Бірақ теңдіктіктер оған сенгісі жоқ. Уәденің үш айдан бері айтылып, сөз жүзінде ғана қала беретініне ренішті. Биліктің жоғары тұтқасын ұстап отырған лауазым иелерінен бұған жауап күтеміз.