Бұл – ағылшын жазушысы Годфри Лайастың «Kazak Exodus» атты кітабының аудармасы. Ең қызығы, бұл туындыны әлемнің кез келген кітап дүкенінен кездестіруге болады. Ал өзімізде қазақ тарихынан сыр шертетін еңбекті тіпті кітапханалардан да табу қиын екен. Бұған дейін британдық қаламгердің кітабы орыс тіліне аударылса, енді оның қазақша нұсқасы пайда болды.
«Авторы ағылшын журналисті Годфри Лайас 1954 жылы Стамбулға барып, қазақтармен кездесіп, солардың әңгімелерін жазып алған. Содан соң екі жылдан кейін 1956 жылы әлгі ауызша естеліктер Лондонда ағылшын тілінде кітап болып шықты. Содан бері қазақ-орыс тілдеріне аударылмаған. Сондықтан бұл кітапты осы тақырыпта жарық көрген алғашқы туынды деуге әбден болады. Сосын бұл кітап анадан-мындан естіген қаңқу әңгіме емес, сол көште болған адамдармен кездесу барысында жазылған дүние. Ең маңызды құндылығы біз үшін, міне, осы жерде жатыр», – деді «Kazak Exodus» кітабының қазақ және орыс тілдеріндегі аударма авторы Бақытжан Бұқарбай.
Бұл еңбекте қытай жерін паналаған қазақтардың өткен ғасырда жергілікті биліктің қыспағы мен саяси қудалауына шыдамай Шыңжаңнан Монғолия мен Британдық Үндістанға, сондай-ақ Тибет пен Түркия елдеріне, әрі қарай Еуропаға мәжбүрлі түрде көшуі шынайы суреттелген. Жалпы тарихтан осынау көш кезінде, талай қазақтың жол ауыртпалығына шыдамай жаппай қырылғаны белгілі. Мұнымен қатар, оқырманға жол тартқан еңбекте сонау көшті бастаған қазақ батыры Оспанның өмірі мен ерлігі де баяндалған.