Қоғам • 11 Қараша, 2019

Пластиктен құтылар күн бар ма?

823 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі 4,3 млн тоннадан асты. Оның 11,2%-ын немесе 481,6 мың тоннасын пластик қалдықтары құраған. «РОП Операторы» серіктестігінің дерегіне сәйкес, 2016 жылы пластикалық қаптаманың үлесі 283 387 тоннаға жетіп, қайта өңделген қалдықтың көрсеткіші небәрі 6 066 тонна шамасында болды. 2017 жылы бұл индекс 8 994 тонна деңгейінде байқалған еді.

Пластиктен құтылар күн бар ма?

Қайта өңдеу көрсеткіші төмен

БҰҰ-дың UNEP қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының баяндамасында адамзат тарихында 9 млрд пластик қалдығы жиналып, со­ның тек 9%-ы ғана өңделгені туралы ай­тылады. Бұл ретте пластикалық өнім түр­лерінің көлемі уақыт жылжы­ған сайын өсіп бара жатқанын атап өту керек. Мәселен, жылда әлем бо­йынша 500 млрд пластикалық пакет қол­даны­лып, әр минут сайын 1 млн-ға дейін плас­тикалық шөлмек сатып алы­на­тыны ұйымның есебінде көрсе­тілген. Бұған 17 млн баррель немесе 2,7 млрд литр мұнай жұмсалатын көріне­ді. Енді бұл көрсеткішке қарап, табиғи ресурс пен қоршаған ортаға келген шы­ғынды бағамдай беріңіз. 2018 жылы Қазақ­станда 9 мың тоннаға жуық плас­тик қалдығы қайта өңделді. Бұл шамамен – 3%. Демек, тұрмыстық қалдықтың осы түрін өңдеу бағыты елімізде кен­же қалғанын байқауға болады. Мұн­дай статистикалық мәлімет бас шаһар­да өткен Қазақстандағы пластик қалдық­тарын өңдеу мәселесіне арналған дөңге­лек үстелде айтылды. «Тұрақты даму­ға жәрдемдесу» орталығының жоба­лар жөніндегі менеджері Юлия Душ­кина бұл мәселе бұрыннан белгілі екенін жә­не жаһандық көлемдегі пробле­маға айналып отырғанын жеткізді.

– Осы мәселенің зардабын жою мақсатында түрлі іс-әрекет жасалып жатыр. Заңнамалық деңгейде пластикті полигондарда қабылдауға тыйым салынды. Экология, геология және табиғи рес­урстар министрлігі пластикалық пакеттер үшін төлемді кезең-кезеңімен енгізу бойынша жұ­мысты бастады. Осы жылдың қыркүйек айында тиісті меморандумға қол қойылды. Инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар шаруа атқарылуда.

Жақында өңірлерге барып, инфрақұрылымның қалай дамып жатқанын байқадық. Компаниялар бұл салаға қаражаттарын сала бастады. Қуантарлығы, жергілікті атқарушы органдар оларға қолдау көрсетуде. «РОП операторы» ЖШС пластик қаптамасына байланысты реттеу механизмі енгізілмегеніне қарамастан, осы бағыттағы бастамаларды қолдап отыр. Бірақ әлі де проблемалар бар. Ең алдымен, заңнамалық реттеу әлсіз. Нақты нормалардың, талаптардың болмауы, тіпті пластик қалдықтарын дұрыс пайдаланбағаны үшін әкімшілік жазаның жоқтығы мәселені шатқаяқтатып тұр. Сол секілді қалдықтарды жинау мен тасымалдаудың жүйесі жолға қойылмаған. Өкінішке қарай, Қазақстандағы жағдай ауқымды аумақтарды қамтып, күрделене түсуде, – деді Ю.Душкина.

Сарапшының пікіріне сүйенсек, қоқыс жинақтаушылар мен қайта өңдеуші кәсіпорындардың ынтымақтастығы жеткілікті деңгейде дамымаған. Пластикалық қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу мәселесінде жергілікті жерлердегі жауапты органдар, әкімдіктер және бизнес арасында өзара іс-қимыл төмен. Бұған қоса аталған мәселеге халықты тарту мен ынталандыру жағы қарастырылмаған.

 Қалдықты жинау мәдениетін қалыптастыру қажет

Осы орайда адамзат пластик қалдығынан неліктен соншалықты қауіптенеді деген сауал туындайды? Өйткені, пластиктің құрамында қоршаған ортағы қауіпті заттар жетерлік. Мәселен, түрлі пластификаторлар, тіпті антипирен болуы ғажап емес. Соған қарамастан пластикалық материалдар алуан түрлі салада кең қолданылып жүр. Бұл әсіресе тамақ өнеркәсібіне қатысты. Адам баласынан бөлек, пластик жер бетіндегі басқа да тіршілік иелеріне қауіп төндіруде. Қазір мұхит, теңіз, өзен-көлдердегі микропластикте есеп жоқ. Ал бұл элементтің теңіз жануарларының өміріне айтарлықтай зиян келтіретіні мәлім. Экологтар Қазақстанда су айдындарынан өзге су құбырындағы судың сапасына да  назар аудару керектігін жеткізді. Неге десеңіз, жақында «Балқаш-Алакөл» бассейні кеңесінде, қазіргі құбырлардың дені пластикалық материалдан жасалатындықтан оның құрамынан зиянды бөлшектердің табылу ықтималдығы басым екені айтылды. Сондықтан мамандар пластикке өте мұқият қараған жөн деп есептейді. Оның үстіне қатты қалдықтың осы түрін бөліп жинау үрдісі әлі де қалыптаспаған. Бұл бүгінгі ахуалды одан сайын күрделендіріп, тиісінше қалдық өңдеуші ұйымдарға шикізат жетіспей жатыр. Күмәнсіз, пластик өнімдер бір жағынан экологиялық проблемаға әкелуі мүмкін. Әйтсе де бұл бизнес үшін де таптырмас мүмкіндік екенін ескеру қажет.

–  Жыл сайын пластик қалдықтары көбейіп жатыр. Ал оны өңдеу көлемі керісінше аз. Мамандар айтқандай, былтыр жиналған 300 мың тонна пластиктің тек 3%-ы ғана өңделген екен. «Жасыл» экономиканың тұжырымдамасына сәйкес оның санын көбейту керек. Сондай-ақ қазір полиэтилен пакеттің орнына биопакеттің көлемі біртіндеп көбейіп келеді. Полиэтилен пакеті мен биопакеттің бағасын теңестірсек, азаматтардың таңдауы соңғысына түседі деген сенім бар. Мемлекет тарапынан қолдау болса, экопакеттер алдағы уақытта тегін берілуі де мүмкін, – деді Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы төрағасының орынбасары Елдос Абақанов.

 Пластикті өңдеумен 15 компания айналысады

Теріс динамиканы ретке келтіру үшін «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығы The Coca-Cola Foundation қайырымдылық қорымен бірлесіп, «Пластикті қайта өңдеуге – «иә!» деп айт» жобасын қолға алды. Осы арқылы қоғам белсенділері пластик қалдықтарын жинау көлемін ұлғайтып, қайта өңдеудің үлесін арттыруды көздеуде. Жоба авторларының аталған сала бойынша жүргізген сараптамасының нәтижесінде Қазақстанда пластик қалдықтарын жинайтын 69 және 15 өңдеуші компания жұмыс істейтіні анықталды. 

–  Бұл жоба үш жылға жалғасады. Әзірге Қазақстанның барлық өңірін қамти алмаймыз. Жобаның аясында қанатқақты қалалардың тізімі жасалды. Атап айтқанда, Павлодар, Семей, Өскемен, Алматы, Шымкент және Тараз. Бұл шаһарлардағы жолдардың және инфрақұрылымның әлеуеті зерттелді. Соған сәйкес, ортақ желі жұмыс істейтін болады. Жобаның арнайы сайты бар. Онда барлық ақпарат көрсетілген. Межеленген жоспарды орындау үшін алдымызға 6 міндет қойдық. Сол бойынша өңдеуші кәсіпорындармен жұмыс істеуге басымдық беріледі. Сонымен қатар қазіргі инфрақұрылымды дамытуды мақсат етіп отырмыз. Қайта өңдеуші ұйымдардың ортақ проблемасы –шикізаттың жетіспеушілігі. Осы олқылықты реттеу үшін сауда желілері және заңды тұлғалармен ынтымақтастық орнатпақ ниеттеміз. Ең бастысы, халықпен тығыз жұмыс істеп, ақпаратпен қамтамасыз ету жоспарлануда, – деді Ю.Душкина.

Мамандар өзекті проблеманы шешудің тағы бір жолы ретінде бір реттік өнімдерді пайдалануға тыйым салуды, қаптамалардың сапасын арттыруды, сол секілді Қазақстандағы өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелер жүйесін жетілдіруге ұсыныс білдірді. Көптеген елдер осындай қадамға барған екен. Мысалы, былтыр 127 мемлекетте бір реттік пластикалық ыдысты қолдануға тыйым салынса, 30 елде пластик пакеттері үшін төлем енгізіліп, тағы 27 елде қоршаған ортаға зиян келтіретін материалды пайдалану заңмен шектелді.