– 2017 жылғы 31 мамырдан 2019 жылғы 25 қазанға дейінгі аралықта екінші деңгейлі банктер жалпы салмағы 523,3 кило тартатын 13,2 мың алтын құймасын сатты. Оған қоса валюта айырбастау пункттері арқылы жалпы салмағы 118,1 кило болатын 4,2 мың құйма алтын өткізілді. Осылайша ел азаматтары сатып алған таза алтынның салмағы 641,2 килоны құрады, – делінген LS таратқан ақпаратта.
Таяуда World Cold Council әр елдегі алтын қоры мен оны халық санына шаққандағы көрсеткіш туралы да хабарлағанын айта кетейік. Бұл тізімге көз жүгіртсек, алтын қоры 377,3 тоннаға жеткен Қазақстан дүние жүзі бойынша 13-орынға көтерілді. Яғни, елімізде 18,6 миллионнан астам халықтың жан басына шаққанда әр азаматқа 20,2 грамм алтыннан келеді деген сөз.
Дүние жүзі бойынша бағалы металл қоры ең көп елдердің көшін Швейцария бастап тұр. Швейцарияның 1040 тонна алтын қорын жан басына шаққанда 120,7 грамнан асады. Одан кейінгі орында Италия, Германия, Португалия сынды елдер орналасқан.
Әлем бойынша алтын қоры жан басына шаққанда ең аз көлемнен келетін елдердің тізімін Жапония (6,03 грамм), Қытай (1,35 грамм), Үндістан (0,45 грамм) түйіндейді.
Қазақстанда алтын құймасын сату бағдарламасы бойынша құйманың 5 түрі ұсынылған болатын. 5, 10, 20, 50 және 100 грамм тартатын құймалардың ішінде саны бойынша ең көп сатылғаны 10 грамдық құйма – 33 пайыз. Ал салмағына келер болсақ, сатылған барлық алтынның 59 пайызы 100 грамдық құйма.
Банктер мен айырбастау пункттерінде сатылатын әрбір құйма алтынның беті сыртқы соққылардан қорғайтын қорғаныш элементпен жабылған. Бетінде бұғының суреті, құйманың тазалығын білдіретін 999,9 деген цифр, Ұлттық банктің логотипі бейнеленген.