Арқа төсін үш күн дүбірге бөлеген айтулы додаға Моңғолия мен Қырғызстаннан және еліміздің 13 облысынан аушы құстарын көтеріп, тазыларын жетектеген 80-нен астам саятшы-спортшы бақ сынады. Нақтырақ айтар болсақ, ашық аспан астында 60-қа жуық қыран құс пен 30-дан астам құмай тазы иелерінің бұйрығын бұлжытпай орындап, жарыстың көрігін қыздырды. Осы жерде еске сала кететін бір жайт, жыртқыш құстармен аң аулау ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне 2010 жылы енгізілген екен...
Ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған халықаралық турнирдің салтанатты ашылуында Қарағанды облысы әкімінің жарысқа қатысушыларға арналған құттықтауын оның орынбасары Абзал Нүкенов оқып берді.
Қоғам және мемлекет қайраткері, «Қансонар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Оралбай Әбдікәрімовтің, Халық қаһармандары, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың бұл спорттық шараға мәртебелі мейман ретінде қатысуының өзі халықаралық деңгейдегі сайыстың салмағын арттыра түсті.
Сайыс бағдарламасына сай, бүркіт, ителгі және қаршыға сынды аушы құстар көгершіндер мен қояндарды аулап, түлкі тұлыбын ұстап алып келу және еркін ұшу сынақтары бойынша жарысты. Сонымен қатар сайыс барысында тазылардың көрмесі өтіп, артынша жүйрік иттер 350-400 метрге жарысты және қорытынды сынақ ретінде олардың ізшілдігі сыналды. Иісшіл тазылар түлкі, қоян және борсықты іздеп табудан сынға түсті.
«Ұлы дала мұрасы» халықаралық турниріне Атыраудан келіп қатысқан атақты бүркітші Арман Қошқаров бұл күнде балаларының да құсбегілік өнерге ден қойғанын мақтанышпен айтты.
– Менің балаларым кішкентай құстар мен аң аулауға әуес. Әкем бүркітші болды, осы өнердің қыр-сырын маған сол кісі үйреткен. Қазір менің қолымда бірнеше құс бар, – дейді ол.
Қазақстанның жеті дүркін және әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы бүркіттерді Моңғолия мен қырғыз елінен сатып алатынын айтты. Ал бұл құстар Қазақстанда «Қызыл кітапқа» енгізілгендіктен, бізде оларды сатуға тыйым салынған.
«Аушы құстарға ерекше көзқарас қажет, – дейді құсбегі. – Оларға басыбайлы меншігім деп қарауға болмайды. Бүркітті 10-15 жыл ғана ұстауға болады. Содан кейін оған еркіндік беріп, ұшырып жіберу керек. Бұл – ежелден қалыптасқан ереже. Қыран құс 15-20 жас аралығында кәрі деп есептелмейді, олар жабайы табиғатта өздігінен өмір сүре алады».
Қазіргі таңда жастардың ата-бабадан қалған өнерге ерекше құрметпен қарап, оны дамытуға құлшынып жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Сондай жастың бірі – ел астанасынан келген Руслан Мағзұмов. Ол бес жыл бұрын бүркіт сатып алып, өз бетінше құсбегілікпен айналысып келеді екен.
– Қазір құстың тілін бір кісідей білетін дәрежеге жетіп қалдым. Жалпы, спорттың бұл түрінде қатаң болудың қажеті жоқ, олай болған жағдайда құс сізге деген сенімін жоғалтады. Алдымен бүркіт сізге бауыр басуы керек. Ол үшін құсқа күн сайын бір немесе екі сағат уақытыңызды қиғаныңыз жөн. Оны уақытында тамақтандырып, жиі қолға алып, сылап-сипап отыру керек. Сол кезде құс пен иесінің арасында тығыз байланыс орнап, бүркітті аң аулауға үйрету оңайырақ болады, – деп өзінің тәжірибесімен бөлісті құсбегі.
Үш күнгі сайыстың қорытындысында Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы «Жанқияр» деген құсының арқасында «Үздік бүркітші» атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Атырау облысынан ат арытып жеткен Арман Қошқаровқа екінші жүлде бұйырды. Ал ел астанасы атынан сынға түскен Серікбек Күнтуған қола жүлдені қанағат етті.
Ителгі сынында Алматы облысының өкілі Медет Шәліповтің «Дауыл» атты құсына тең келер болмады. Қырғызстаннан келген Түгелбай Әбдіқадыров пен Атырау облысының тұрғыны Ерасыл Серікбек бұл сында, тиісінше, екінші және үшінші жүлдегер атанды.
Ұшқыр қаршығалар арасындағы сайыста «Бозқұш» атты құсымен өнер көрсеткен қырғыз ағайын Әбдірасұл Қуатовтың асығы алшысынан түсті. Маңғыстаулық Ержан Сахарбайдың қаршығасы күміс жүлдені қағып түссе, Жамбыл облысының құсбегісі Берікболсын Бабажан қола медальды місе тұтты.
Ал тазылар арасындағы тартысты додада керекулік Бекболат Ысқақовтың «Сарыарқа» атты құмайына жетер ит болмады.
Жарыстың жүлде қоры 2,5 миллион теңге болғандықтан, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің қанжығасы бос қайтпады. Ақшалай сыйлықтан бөлек, оларға медальдар, арнайы дипломдар мен кубоктар табыс етілді.
Дегенмен, осы жарысты ұйымдастырудың басы-қасында жүрген атақты құсбегі Тілеуқабыл Есембекұлы жүлде қорының аздау болғанына көңілі толмағанын жасырмады. «Бәйге, көкпар, ақындар айтысы, қазақ күресі дегенде жүлдеге автокөлік, алтын тайтұяқ, қомақты қаржы тігіліп жатады. Алдағы уақытта мен бұл турнирдің жүлде қорының да осылармен деңгейлес болғанын қалар едім», деген тілек айтты ол.
Жалпы, аталған сайысқа қатысушылар мен қонақтар турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. «Тас түскен жеріне ауыр» деген, спорттық шараның талапқа сай болып өтуіне, әсіресе Шет ауданы әкімдігінің еңбегі көп сіңген еді.
«Ұлы дала мұрасы» халықаралық турнирін Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Қазақстанның этноспорт қауымдастығы, Қарағанды облысының әкімдігі, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Қансонар» РҚБ және Шет ауданының әкімдігі ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы