Егер мемлекеттік қызметші қызмет атқару кезінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса, онда оның мемлекеттік қызметі тоқтатылады. Бұл – integrity check принципінің іске асырылуының дәлелі.
Алайда, мемлекеттік қызметшілерден бөлек, азаматтық қызметшілер бар. Олар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес тағайындау тәртібімен не конкурс бойынша азаматтық қызметке кіреді.
– Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адам азаматтық қызметте басқару функцияларын орындаумен байланысты лауазымға қабылданбайды. Яғни, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық даму институттарына, ұлттық холдингтерге және ұлттық компанияларға, сондай-ақ, олардың еншілес ұйымдарына басқару функцияларын орындаумен байланысты лауазымға бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев.
Осылайша, 2018 жылы бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам басшылық лауазымға тағайындағаны үшін Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарының Білім беру бөлімдері басшылары мен облыстық Білім беру басқармасы басшысының бұрынғы орынбасарына (кейін облыстық Білім саласындағы бақылау департаменті басшысы болған) әкімшілік айыппұл салынып, қызметтерінен шеттетілді.
Жақында департамент қызметкерлері жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг бұрын қылмыс жасаған 11 адамның басшылық лауазымда қызмет атқарып жатқанын анықтаған. Бұл басшылардың үшеуі сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылған екен. Ескіру мерзiмі өтуiне байланысты оларды тағайындаған лауазымды тұлғаларды әкiмшiлiк жауаптылыққа тарту мүмкін емес. Дегенмен, мұндай фактілерге өте мұқият қарау керек деп санайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті.
Дәл қазір облыста бір орта мектеп директорының үстінен пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Сөйтсе, ол директор бұрын жымқыру фактісі бойынша жауапқа тартылған екен.
– Қазталов ауданы Богатырев жалпы орта білім беретін мектебінде болған жағдай да алаңдаушылық туғызып отыр, – дейді Рустам Ақмырзаев.
Оқиға былай болған: мектеп директоры осы білім ордасын тәмамдағалы жатқан 11 сынып оқушысының ҰБТ сынағынан жақсы нәтиже көрсетуіне ықпал ету үшін бұрынғы мектеп түлегі С.Фаизулиннен көмек сұраған. Ол С.Фаизулиннің қылмыстық ойынан хабарсыз болып, 1 млн теңге көлемінде ақша беруге ықпал еткен. Сонымен қатар мектептің екі түлегі «Алтын белгі» марапатына ие болуы үшін ҰБТ-да 100 баллдан жоғары ұпай жинауға көмек көрсетуін сұрап, есепшотына 200 000 теңге ақша аударған.
Осылайша, С.Фаизуллин бірнеше рет жасаған алаяқтығы үшін айыпты деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Ал мектеп директоры осы қылмыстық істер бойынша куә және С.Д.Фаизулиннің алдап-арбауында болған тұлға ретінде танылған. Бұл шешімді прокуратура және сот орындары тексеріп, заңды деп тапты.
– Дегенмен мектеп директоры А.Альдекешева ұлттық бірыңғай тестілеу қатаң тексеру арқылы жүргізілетінін қалайша білмеді? Неге ол алаяққа сеніп, ақша беруге ықпал жасады? Заңсыз ақша беруге ықпал еткен мектеп директорына қоғам сене ме? Осы әрекеттерден кейін өңірімізде білім сапасы жоғарылайды деп айтуға бола ма? Бұл сұрақтарға Қазталов аудандық Білім беру бөлімі және Батыс Қазақстан облыстық Білім басқармасы басшылары жауап беріп, дұрыс шешім қабылдайды деген сенімдеміз, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев.
Батыс Қазақстан облысы