Руханият • 15 Қараша, 2019

Қиянатқа қарсы тұрған газет

468 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың маңдайына біткен марғасқа тұлғалары қызмет еткен «Egemen Qazaqstan» газеті биыл өзінің 100 жылдық мерейтойын барынша сән-салтанатпен атап өтіп жатыр. Еліміздің бас газеті осы кезеңдерде небір тарихи сәттерді бастан өткергені анық. Талай адамның тағдырына араласып, әділет жолында құрбан болған азаматтарға қамқор болғаны да рас. Тіпті біздің отбасымызға қиындық туған сәтте де көмекке келген еді бұл басылым. Тағдырдың жазуына қарасайшы, бүгінде марқұм болған әкемнің басына түскен ауыртпалықты жеңілдетуге септігін тигізген ел газетінде қызмет ету бақыты бізге бұйырыпты. Біз үшін бұл – зор мақтаныш һәм жауапкершілік болса керек.


Осы орайда ғасырдан ғасырларға құлаш ұрған газеттің мерейтойы қарсаңында есімізде қалған бір оқиғаны баяндап берсек деп отырмыз.

Қиянатқа қарсы тұрған газет

«Егеменмен» қара танығаннан бері жақсы таныс­пыз... 

Әкем Ғалымбек Гакашаұлы Тор­ғайдағы 1864 жылы Ыбырай бабамыз негізін қалаған мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ғалімі болып 40 жыл жұмыс іс­теді. Үйімізге күн құрғатпай бір­неше газет-журнал келіп тұ­ратын. Басылымдар бастауында «Egemen Qazaqstan» тұрғаны анық. Әкем оқып болған газет-жур­налдарын маған қарай ысырады. Әрі қарай мен оқи бастаймын... Күндегі әдет – осы. 6-сынып­тан бастап журналист болуды армандап жүргендіктен бе, әйтеуір сол кездерде әр мақа­лаға, оның қандай айдармен бе­рілгеніне ерекше назар ауда­ратын едім. Иә, 90-жылдары «Егемен»-де «Дат!» деген ай­дар­дың болғаны әлі есімде. Жадымда жатталатындай жөні де бар.

Әкем бірде мектептен көңілсіз оралды. Жұмы­сында жайсыз оқи­ға болғанын қабағынан-ақ біліп отырмыз. Сөйтсек, мектеп басшылығы жұмысынан шығарып жіберіпті. Заңсыз! Соған қапаланып келіп тұрған беті екен. Бәріміз үрпиісіп қал­дық. Сол кез нарық заманы еді ғой. Елдің күнкөрісі төмен. Енді қайт­тік?..

Әкем мектеп директорына іс­теп отырған бұл тірліктерінің заңсыз екенін айтып, қанша тү­сіндірсе де, міз бақпағанға ұқ­сайды. Шегінерге жол жоқ. Өмір бойы әділетті, ақиқатты ту етіп көтерген әкем үшін бұл оқи­ға үлкен соққы болып тигені анық. Ақыры 1999 жылы мектеп әкімшілігімен соттасып, же­ңіп шығады. Сот шешімінде: «Ы.Алтынсарин атындағы мектеп әкімшілігі Қазақстан Рес­пуб­ликасы ЕТЗК-ның 33-бабы, 1-тармағын өрескел бұзып отыр. Әбілқайыров Ғалымбекті бұрынғы Ы.Алтынсарин атын­дағы мектептегі жұмысына қай­та орналастыруға және лажсыз бос жүрген уақытына 21744 теңге өндіруге... Талап-арыз­ды қанағаттандыруға жатады», – деп жазылыпты. Бірақ ди­рек­тордың тіреуі бар ма, әлде жо­ғарыдан берілген тапсырманы орындап отыр ма, кім білген, сот шешімін орындауға да асықпапты. Осындай қиянатқа шы­дамаған әкем енді «Егемен Қазақстаннан» үлкен үміт күтті. Қорған болар деп газет редакциясына хат жазды. Ондағы Халима Өтешова есімді заңгер мектеп басшылығының әрекеті заңсыз екенін айтып, газет арқылы жауап жазып жіберіпті. Осыған қуанған әкем мектеп директорына заңгердің жауабын көрсетсе, ол мұрнын шүйіріп, «Егемен» өті­рік жаза береді» деген сарында міңгірлепті. Бұл енді шектен шыққандық еді. Әкем амалсыздан қолына қалам алып, бас басылымға шағын мақала жазып жіберді. Көп кешіккен жоқ. «Egemen Qazaqstan» өтірік жаза береді» деп, газет заңгеріне сенбейтін, сот шешімін орындамайтын директорды кім тәртіпке шақырады?!» деген мақала «Дат!» айдарымен жарқ ете қалды. Сол мақалада «...Арандатып отырғаным емес, дәл осылай деді...» деген сөйлем бар еді. Бір қызығы, бірнеше күннен кейін «Егеменде» «Дәл осылай деді» деген жаңа айдар пайда болды. Бәлкім, кездейсоқтық болар, әйтеуір, осы айдар да есімде жатталып қалыпты.

Мақала жарық көргеннен кейін көп кешікпей әкем жұмысына қайта қабылданды.

Міне, менің өмірімде «Egemen Qazaqstan» газеті осындай жарқын мысалмен жадымда жатталып қалған еді. «Егемен» дегенде жазықсыз қиянат көрген әкем туралы осы оқиға еске түседі.

Әкемнің аруағы бір аунап түскен шығар...