Руханият • 18 Қараша, 2019

Күлкі керуені № 15

4375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Күлкі керуені № 15

*Мысал-мысқыл

Алда байғұс-ай

 Гүлдердің нәрін жинап, қанаты талып, шаршаған Араға ызыңдап Маса жолықты.

 – Тырбыңдаумен күн өткізген байғұс-ай, – деп мүсіркеді ол Араны. – Сонша алысқа барып, қанат талдырып... Қорек табудың жеңіл әдісін меңгерген  мына менен үйренбейсің бе, – деп, көтеріле қалықтап, Араға естірте ызыңдап барып омарташының білегіне жабыса кетті.

 ... Күректей алақан үстінен сарт ете қалғанда тіл тартпай кеткен Масаны аяған Ара:

 – Алда, байғұс-ай! Күн көрістің жеңіл тәсілі  жетті-ау, түбіңе, – деп бал шелекке қарай бет алды.

Аю мен шошқа

 Аю: « Бал шелек болса, шіркін».

 Шошқа: «Бал шелектің керегі не,  аунап-қунап рақатқа  бататын батпақ болмаған соң...»

Қи отын мен ағаш

Қи: «Осы сенің жеңілтектігің-ай, тұтансаң болды лаулап жүріп береді екенсің».

Ағаш отын: «Қоңырсып, бықсып – қолқаны атқанша,  жанар болсаң лаулап жанғанға не жетсін».

Поршень мен шатунь

Поршень: «Мотордан дыбыс шықса, мойын-басың былқылдап жүріп береді екенсің».

Шатунь: «Жалғыз цилиндірдің ыңғайын таппай жоғары-төмен зырлап жүріп, сен де біреуге күлесің-ә!»

Жүк мәшинесі мен есек арба

Жүк мәшинесі: «Қалақтай болып қалқиып, мазутқа жарымаған байғұс-ай,  шиқылдап  мазаны алдың ғой».

Есек арба: « Мазутқа жарымаған еш нәрсе емес-ау, бәрінен де, түтінімен қолқаны  бітеп, өзгенің көзіне топырақ шашқаннан сақтасын».

Ет турағыш пен пышақ

Ет турағыш: «Жұп-жұқа болып алып, сенің осы тура кесетінің жаман екен?»

Пышақ: « Айналдыра мыжып, сөлін ағызып езгеннен де тура кескенге не жетсін».

Төс пен шеге

Төс: «Мен қандай салмақ  болса да қалқиып қарсы тұрам».

Шеге: «Ауыр балғаны көргенде, тіпті тасқа да болса кіріп кеткім келеді».

Мысық пен жылан

 Мысық: «Мен қас жауымды көрсем – тура бетін тырнаймын».

 Жылан: «Көзге көрініп  керегі не! Жымын білдірмей жылжып кеп улы тіліңді сұғып алмайсың ба?».

 

Мағрипа ЖЫЛҚЫБАЕВА