Руханият • 19 Қараша, 2019

Күлкі керуені № 16

4546 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Күлкі керуені № 16

БІРДЕ...

Фин композиторы Сибелиустан: «Сіз неғып өз әріптес-сазгерлердің ортасынан гөрі үнемі финансистердің ортасында көбірек боласыз?» деп сұрағанда, сазгер:

– Финансистердің әңгімесі үнемі музыка төңірегінде өрбиді де, ал әріптестеріммен кезіге қалсам болды айтарлары қаржылық қиындықтардан шиырлап шыға алмайды, – деген екен.

***

«Лоэенгрин» операсы аяқталған тұста бас кейіпкер соңғы сөзін айтып барып аққуға айналып, өзен бойымен жүзіп кетуге тиіс.

Бір қойылым кезінде механик қателік жіберіп, бас кейіпкердің соңғы сөзі айтылмай жатып оны аққуға айналдырып жүздіріп жібереді. Сонда бас кейіпкер саспай:

– Келесі аққу қашан жүзер екен? – деп әндетіпті.

***

Федор Шаляпин қызметшісіне:

– Мен сізді балерина Попрыгунчиковаға бірақ рет қорап кәмпитпен жұмсап едім, естуімше сен ол кісіге менің атымнан үш рет кәмпит апарып беріпсің?.. Бұны қалай түсінуге болады? – деп сұрағанда, қызметші:

– Қорап кәмпит бір сом тұрса, ал ана кісі маған үш сом «қызметің үшін» деп береді... Сол арқылы аздап табыс таптым, – деп ағынан жарылыпты.

***

Концерт жүргізушісі К.Смирнов-Сокольский пианист Яков Флиер мен скрипач Самуил Фурерді шатыстырып:

– Алдарыңызда скрипач Яков Флиер өз өнерін көрсетеді , – дегенде, Флиер оған қырсығып сахнаға шықпай тұрып алғанда, Смирнов-Сокольский дереу: – Кешіріңіздер, Яков Флиер скрипкасын үйінде ұмытып кетіпті... Сондықтан бесаспап өнерпазымыз алдарыңызда роялде өнер көрсетеді, – деп тауып кеткен екен.

***

 

Атақты суретші Гойя өзінің суреттері қойылған арнайы орынды аралап жүріп соның қожайынынан:

­–  Суреттерімді сатып алғысы келгендер болды ма? – деп сұрап қалады.

– Болды! Біреу суреттеріңіздің құны сіз қайтыс болған соң көтеріле ме деп сұрады. Мен әлбетте көтеріледі деп едім, әлгі бірден 15 суретіңізді сатып алды.

– Бәрекелді! Сатып алған кім болды екен?

­– Сіздің емдеуші дәрігеріңіз...