Мұның өзі, екінші жағынан алғанда, табиғи азық-түлік өнімдерінің азаюына әкелуде. Осыған орай табиғи тағамдар мен өнімдер бағасы артуда. Өйткені табиғи өнімдер өндіру оңай емес. Оларды өсіру үшін жыл он екі ай бойы күтім керек және табиғи өнімдерді өндіретіндей жер, су ресурстары, адам күші секілді үлкен әлеует қажет.
Басқа көптеген елдерден Қазақстанның бір артықшылығы, бізде жоғарыда аталған ресурстардың бәрі бар. Бастысы, табиғи азық-түлікті өндіруге жарамды ұлан байтақ жерге иеміз. Мемлекет басшылығы осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанды органикалық өнімдерді молынан өндіретін елге айналдырып, осы арқылы әлемдік азық-түлік өнімдері нарығынан жетекші орындардың бірін иелену жағдайына жеткізу мәселесін алға қойған болатын. Сөйтіп ауыл шаруашылығы органикалық өнімінің өндірісі мен айналымын дамыту үшін жағдай жасау Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым міндеттерінің бірі ретінде белгіленген еді. Ал органикалық өнім дегеніміз синтетикалық тыңайтқыштар мен пестицидтерді (өсімдіктерді қорғаудың химиялық құралдарын) және ГМА-ны қолданбай өндірілетін, былайша айтқанда табиғи түрде өсірілетін өнім болып саналады.
Еліміз әлемдік нарықтан өз орнын алуы үшін осы өнім түрі сапа стандарттары мен ветеринарлық талаптарға жауап беруі және бағасы бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Міне, осы тұрғыдан алғанда табиғи өнім мен органикалық өнім арасында да аздап та болсын өзіндік айырмашылықтар бар. Органикалық өнімді өндіруге ғылым мен қазіргі заманғы технологиялардың араласуы қажет және оның өндірісіне қойылатын талап та жоғары болып отыр. Соған сай табысы да молая түспек. Мәселен, Қазақстанда 350 мың гектар жерде органикалық өнім өндіріледі. Бұл еліміздің жалпы егіс алқаптарының 1,5 пайызы ғана. Ғалымдар өнім көлемін арттыру үшін жаңа технологияларды меңгеру қажеттігін айтады.
Органикалық өнімді тұтыну адамзат қауымы үшін өзекті бола түсуде. Оның сұранысы мен нарығының көлемі де жылмажыл артып келеді. Атап айтсақ, 2018 жылғы органикалық өнімнің әлемдік нарығының көлемі 90 миллиард еуроға жетті. Оның алдында 80 млрд еуро болатын. Бүгінде органикалық ауыл шаруашылығының ірі нарығы АҚШ-та қалыптасқан. Бұл елде оның нарығының көлемі 40 млрд еуроны құраса, Германияда 10 млрд еуроны, Францияда 7,9 млрд еуроны, Қытайда 7,6 млрд еуроны құрап отыр.
Дегенмен жан басына шаққанда органикалық өнімдерді ең көп тұтынушы ел – Швейцария. Мұнда 2017 жылы жан басына шаққандағы тұтыну көлемі 288 еуроға жетті. Германияда 278 еуроны, Швецияда 237 еуронны құрады. Сондай-ақ шағын ел Данияда органикалық өнімдер нарығының ең үлкен үлесі қалыптасуда. Сарапшылардың мәліметінше, ондағы азық-түлік нарығының жалпы көлемінің 13,3%-ын органикалық өнімдер нарығы алып жатыр.
Қазақстан органикалық өнім өндіретін ел ретінде өз ұстанымын нығайту үшін оның әлемдік нарығында болып жатқан жағдай мен жаңалықтарды жіті назарда ұстап отыруы қажет. Жуықта осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігі отандық өндірушілер, сертификаттау жөніндегі органдардың сарапшылары, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, министрліктер мен ведомстволар, өңірлер әкімдіктерінің өкілдері үшін семинар-кеңес өткізді.
Органикалық өнімді өндіру және сертификаттау саласындағы неміс сарапшысы Албрехт Бензинг органикалық өнімді сертификаттау және оның өндірісі жөніндегі стандарттардың негізгі талаптары туралы, сондай-ақ еуропалық нарыққа рұқсаты бар арнайы халықаралық танылған органдарда сертификаттау рәсімі туралы айтып береді.
Органикалық өнімдердің өндірісі және оның өнімдерін сертификаттау мәселесіне арналған семинар-кеңес отандық өндірушілерге, сертификаттау жөніндегі органдардың сарапшыларына, салалық ведомстволардың өкілдеріне техникалық кедергілерді жою және қазақстандық органикалық өнімдерді импорттаушы елдердің сертификаттау жүйесін тану үшін қандай талаптар мен шарттардың орындалуы қажеттігін түсінуге және отандық органикалық өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру жолдарын анықтауға септігін тигізетіні анық.