Жиынды ұйымдастырушылар бұл фактор олардың бір-бірін жақыннан тануына және тарихи құндылықтарына сыйластықпен қарауына мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.
ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі және Кластерлік бюроның директоры Криста Пиккат ханымның пайымдауынша, техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) өкілдері арасында материалдық емес мәдени мұра мен дәстүрлі білімді насихаттау тек білім беру үшін ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы және одан тыс жерлердегі мәдени әртүрлілікті сақтау үшін маңызды.
Әлем халқы ЮНЕСКО-ны жекелеген халықтардың ғасырдың сүзгісінен аман өткен мәдени, материалдық емес құндылықтарының қорғаушысы деп таниды. Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне Қазақстаннан енгізілген элементтердің қатары оннан асып қалды. 2018 жылы Қорқыт ата мұрасы мен қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары, асық ойындары, көкпар да осы тізімге енген болатын.
ЮНЕСКО жанындағы ICHCAP Бас директоры Сонг Ен Парка өзінің кіріспе сөзінде жекелеген елдердің мәдени, материалдық емес құндылықтары жыл өткен сайын толығып келе жатқанын айтты. Мысалы, тек 2018 жылы Өзбекстанның, Тәжікстанның және Қырғызстанның ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлері әлемдік маңызы бар мәдени мұра ретінде халықаралық қауымдастықтың қорғауына алынғанын, олардың әлемдік мәдени мұралардың ландшафтына өзгерістер енгізгенін айтты. Ендігі міндет – оның мектеп немесе ЖОО академиялық бағдарламаларымен интеграциялануына жол ашу. Бұл қарапайым тілмен айтқанда, әлемдік тізімге енген мәдени мұраларды мектеп бағдарламалары арқылы насихаттау. Сонг Ен Парка мырзаның айтуынша, бұл ұсыныс медианарық үшін жаңалық болмауы тиіс. Осыған дейін ЮНЕСКО-ның Бас кеңсесінде келісіп, бекітіліп, тіпті оның бағыт-бағдары да белгіленіп қойыпты. Енді жекелеген елдердің ұсыныстарын есту, қажеттілерін қаперге алу ғана қалған.
Қырғызстандағы «Унум» мәдени пікір алмасу және мәдениеттердің тоғысуы орталығының жетекшісі Айжарқын Қожобекова өз елінде бұл салада біраз тірліктердің басы қайырылып қойғанын айтты. Мектеп бағдарламаларында тарих пәні бойынша әр тақырыптарда шашылып жүрген жекелеген ұлттардың мәдени мұраларын жинастыру туралы ұсынысты қырғыз билігі де құп алған. Енді солардың басын қосып, мектеп бағдарламасына енгізу керек. «Қоғамның «бұдан кейін не болады?» деген сұраққа жауап іздеуі заңдылық. Енді осы пәндерді академиялық негіздеп беретін мамандарды дайындау да күн тәртібіне шығады. Сол себепті мұны да министрлік пен ЮНЕСКО деңгейінде бір пысықтап алу керек», деп атап өтті Айжарқын Қожобекова.
Қазақстандағы ЮНЕСКО мектептері қауымдастығының өкілі Юлия Ким де біздің еліміздің бұл бағытта қамсыз және әрекетсіз отырмағанын жеткізіп, өздері дайындап отырған қанатқақты жоба туралы айтып өтті. Әзірше ол зерттеу және талқылау деңгейінде екен.
Қырғыз еліндегі жағдай тәрізді жекелеген халықтардың мәдени мұралары туралы ақпараттар аз. Оны іздеу үшін министрліктердің, тіпті ЮНЕСКО-ның сайттарын сүзіп шығуға тура келіпті. Одан бөлек жекелеген профильді мамандардың материалдық емес құндылықтар туралы түсінігі біржақты емес. Оны ЮНЕСКО-ның қорғауына арналған тарихи ескерткіштермен шатастыру да басым. Сол себепті мұндай мемлекетаралық маңызы бар шараларды қолға алмастан бұрын, Орталық Азия елдерінің осы саладағы өкілдері тағы бір кездесіп, біраз мәселелерді пысықтап алған жөн. «Мектептерде және ЖОО мен ЮНЕСКО өкілдері, материалдық емес мәдени құндылықтарды зерттейтін сарапшылар арасында байланыс жоқ. Оны күшейту керек. Содан соң ЮНЕСКО қарауына алған мәдени мұралар туралы ақпараттарды мектеп оқушыларының түсінігіне қарап бейімдеу керек» деп атап өтті Юлия Ким. Бұл пікірді Тәжікстаннан келген сарапшы Алишер Икрамов та қолдап шықты. Бұл жайтты тереңдетіп зерттеу үшін халықаралық ұйым шеңберінде грант немесе мәртебесі соған лайықты сыйақы тағайындау кідіріп, кешеуілдеп жатқан тірліктердің дүр етіп көтерілуіне сеп болады екен.
Пленарлы сессияның түйін сөзін алған Сонг Ен Парка мырза ЮНЕСКО-да жекелеген халықтардың қорғауға алынған бөлімінде мәліметтер жеткілікті екенін түсіндіріп өтті. «Мәдени мұра сені өзгелерден ерекшелендіріп тұратын фактор. Басқаларға ұқсамайтын ерекшелігіңді жан-жағындағы елдердің мәдени мұрасын зерттегенде ғана танисың. Бұл процесті жеделдету саны аз немесе өркениет көшіне енді қосылған елдердің өзіндік ерекшелігімен танылуына ықпал етеді» деп сөзін түйіндеді Сонг Ен Парка.