Қоғам • 27 Қараша, 2019

Ауылға су қашан келеді?..

510 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Облыстағы басқа аудандар сияқ­ты Ертіс, Май аудандарының жұрт­шылығы да ауыз суға зәру. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліме­тінше, 180 ауыл жергілікті су көз­дері­нен, 55 ауыл кешенді блок моду­лінен тұтынса, 6 ауылға су тасы­мал­мен жеткізіледі. 2016 жылдан бері өңірдегі ауылдарда ұзынды­ғы 1 мың шақырымдық су құбыр­лары тартылып, 112 ауылға орта­лық­тандырылған су жүйесі жеткен.

Ауылға су қашан келеді?..

Осыдан он жыл бұрын ауылдарда кешенді блок модулін (КБМ) орнату ар­қылы су жеткізбек болғаны есте. Ке­йін Үкімет те, жергілікті әкімдіктер де КБМ-ның ауылдардың суға деген қажет­ті­лік­терін өтей алмайтынына көздері жетті.

 2010 жылы Үкіметте республикалық бюджет есебінен өңірдегі Ертіс, Май аудандарындағы топтық су құбырын қайтадан қалпына келтіру жөніндегі шешім  шықты. Бұл жобаны жүзеге асыру, яғни ауылдарға су жеткізу міндеті – тапсырыс беруші, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитетіне жүктелген-ді.

Облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мә­лі­метінше, алғашқы кез­дері Беловод топтық су құ­быры жобасына жауапты – «ОSТ-Проект» ЖШС, мер­дігер – астаналық СП «Спецпластводстрой» ЖШС болып бекітіліпті. Құрылыстың жалпы құны – мердігерлік келісім­шарты бойынша 5,7 млрд теңге. Ұзындығы 388,4 ша­қы­рым болатын су құбыры Ертіс ауданын қамтиды.

 Екінші жоба, Май ауданын­дағы топтық су құбыры бойынша бас мердігер – астанадағы «Центрстрой-комплект НС» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 6,4 млрд теңге. Екі ауданда­ғы топтық су құбыры жобалар құ­ры­лысы 2013 жылы пайда­ла­нуға беріледі деп жоспарлан­ды.

Содан бері 10 жыл өтті. Беловод және Май топтық су құбырларының құрылысы ба­ры­сындағы дау-дамайлар әлі бітпеді. Мысалы, Беловод су құбырының құрылысы 7 жылға созылса, 5 жылы жауапсыз мер­дігермен соттасуға кетіпті. Қаржы да жоқ, жұмыс та жоқ. Дау-дамайға қатысты сот барысында, кінәлілер анықталып, жауапқа тартылмақ болған-ды.

Біз бұл жайында газетіміздің бұрынғы сандарында кеңірек талдау жасап, бірқатар мақала жазғанбыз. Су ресурстары ко­ми­тетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев қазір қамауда. Өңірдегі Беловод, Май топтық су құбырларының құрылысын құрдымға кетірушілер тобы әлі де заң жүзінде жазаларын алар деп ойлаймыз.

Кейін қыруар қаражат бө­лінген, құрылысы тоқтатыл­ған қос жоба әр түрлі түзетулер­ден кейін қайта басталды. Ауыл тұрғындары да он жылдан астам уақыт «су қашан келедімен» күтумен жүр. Ал 2011 жылдан бері облыс ауылдарынан 3 мың адам көшіп кетсе, 9 ауыл қысқартылды.

Жуырда Май ауданына барып қайттық. Аудан әкімдігі осы жылдың соңына дейін ауыл­дардың барлығына дерлік ауыз су жетеді деп отыр. Биыл аудандағы топтық су жүйе­сіне жыл соңына дейін 2 мың­нан астам тұрғын қосылмақ екен. 15 ауылда орталық су жүйе­сіне қосылатын тара­ту желілерінің құрылысы жүргізі­луде. Жұмыс аяқталған соң бар­лық тұтынушылар ауданның топ­тық су жүйесіне қосылады. Тұр­ғындардың дені аудан орта­лығы Көктөбе ауылында тұрады.

Аудан әкімі Марат Ақтаев­тың айтуынша, құрылысы жүріп жатқан орталықтандырылған су жүйесінің жұмыстары аяқ­та­лып қалыпты. Көктөбе, Бас­көл, Малайсары, Кеңтүбек, Боз­ша, Ақсарай, Саты, Қызыл­еңбек, Жұмыскер, Қаратерек, Майтүбек, Ақжар ауылдары үшін бұл – қуаныш. Биыл 15 ауылдың су құбыры құры­лысына республикалық және облыстық бюджет есебінен 3 266,8 миллион теңге бөлінген. Бұл магистральдық топтық су құбырының ұзындығы 115,7 шақырым болса, оның ішін­де нақты салынғаны – 108 ша­қырым.

Біз суды тағатсыздана күтіп отырған Малайсары, Саты, Көктөбе, Қазан, Кеңтүбек ауылдарында болдық. Аудандағы құрылыс жұмыстарын жүргі­зуге қатысқан «Кен Асар», «Қыстау Қарағай», «Алвис», «СК АВС», «Ақ Мереке», «Қараша Сервис», «ЛОГОТЕК KZ», «Жарма Құрылыс Газ», «Эксперт Строй Экспо», «Нұрай Құрылыс Жолы» сияқ­ты серіктестіктер су құбыр­ларын тарту жұмыстарын жалғас­тыруда.

Құбырлар ауыл көшелеріне дейін тартылады. Су құбырын тұрғындар өздері үйге енгізіп алмақ. Орталықтандырылған су жүйесімен қамтылатын 15 ауыл­да тұтынушылардың саны 2179-ды құрайды. Оның ішінде үйдің ауласына дейін (қоршауға дейін) 1535, үйдің іргетасына дейін 1528 отбасы тапсырыс берген. Сондай-ақ шалғайдағы Ақшиман ауылындағы 58 үй мен мектеп және ауыл әкімдігіне де су жетіпті. Мамандар келіп, судан сынама алып тұрады екен.

Май ауданының ауылдарына су келді делік. «Судың да сұ­рауы бар». Тұрғындар үшін ендігі мәселе – су тұтынғаны үшін төлейтін төлем бағасы. Мысалы, Ертіс ауданындағы Беловод топтық су құбырынан су тұтынғандары үшін тариф 381 тең­ге көлемінде бекітілген-ді. Бұл облыс орталығындағы тарифтен 10 есе қымбат делін­ді. Аудан әкімдігі бұрын қолда­ныста болған ескі су қондыр­ғысын еріксіз қай­та іске қосады.

Мамандар су алудағы мұн­дай жағдайдың  туындау себебі топ­тық су құбырының мемле­кет та­рапынан субсидия­ланатын сумен жабдықтау жүйелері тізіміне енгізілмеуінен бол­ғанын айтады. Су құбыры аудан­ның 17 ауылын сумен қамтуға тиіс еді. Тарифтің жоға­рылауына орай жұмысы тоқ­тап қалған. Сондықтан, Ертіс ауданындағы су төлеміне бай­ланысты тариф мәселесі Май ауданына су енді жеткен кезде қайталанбасына кім кепіл?

Облыс әкімдігі «судың құнын төмендету нұсқаларының бірі – топ­тық сумен жабдықтау жүйе­сіне Май ауданымен көршілес Ақсу ауылдық аумағының Мә­мәйіт Омаров, Құркөл, Еңбек ауыл­дарын қосу керек. Бұл ауылдарға су құбырларын тарту үшін жобалар дайын. Осы ауылдарға Май ауданының топ­тық су жүйесінен құбыр тартыл­са, тариф көлемі арзан болады», деп алдын ала ескертіп те қойды. Бірақ, бұл ауылдардың әр­қайсысында ұңғымалар бұр­­ғылап, сорғы стансалары, инфра­құры­лымдар орнату үшін зерттеу жұмыстары жүргізіліп, арнайы қара­жат бөлгенше тағы уақыт қажет.

Екінші мәселе, орталықтан­ды­рылған су жүйесіне ауылдағы үй­лер­дің қосылу көрсеткішінің тө­мен­дігі. Түйткіл тағы да тариф мәселесіне тіреледі. Яғни, «су әне келеді, міне келеді» деген уәдеден әбден қажыған тұр­ғындар су­дың үйлеріне тұрақты түрде ке­летініне де сенімсіз деген сөз. Жер­гілікті әкімдіктер тарапынан үйге келіп тұратын суды тұтын­ғаны үшін қаладағыдай тарифке сай төлем жасау керектігі жайын­да түсіндіру жұмыстары жүр­гізіл­мейтіні байқалады.

Мысалы, Май ауданына бар­ған кезімізде кейбір тұрғын­дарға тіпті, су тегін деген бе, олар мон­ша салып, әр адамнан 500 теңге­ден алып, ақша тап­қысы келеді екен. Енді бірі үйге тартылған су­дан мал суарып, бақшаға пай­да­­ланбақшы.

Бұл жағдай 2017-2018 жылдары қолданысқа берілген су құбыр­­ларынан үйге су тартқан Ақтоғай, Успен, Баянауыл, Шар­­­бақты жә­не Тереңкөл аудан­­дарында да кез­десуде. Сон­дай-ақ биыл іске қосы­латын құбыр­лардан үйге су тар­ту көрсеткіші төмен көрінеді. Онда қыруар қаражат бөліп, су құбыр­ларын не үшін саламыз?

Сонымен бірге, әр аудан­да­ғы коммуналдық кәсіпорын­дардың тұтынған суға жина­ған қаражат, қолданысқа бе­ріл­ген су құбырларына қыз­мет көрсету мәселесі де өзек­ті. Бү­­­гінде 27 ауылдағы су құбы­ры ешкімнің иелігіне өтпе­ген. Қазір су құбырларын бірың­ғай операторға беру мәселесі қарастырылуда. Әрбір ауданға орта­лықтандырылған су құбыр­ларының жұмысын, тазалығын, сынама алу барысын қадағалап отыратын мекемелер қажет. Мамандардың айтуынша, бұлай болмаса, жаңа нысандар тиісті бақылаудың және күтімнің жоқтығынан көпке бармай, істен шығуы да мүмкін.

Мысалы, облыстық әкім­дік­тің ішкі аудит қызметі аудан ор­талықтарында, ауыл­дарда су құбырларын күтіп ұстау үшін бюджеттік қаражаттың жұм­салатынын, алайда, суды тұ­тыну үшін ақы төленбейтінін анық­таған. Мемлекеттік бюджет­тен қаржыландырылатын аудандық коммуналдық кәсіпорындар сумен қамтамасыз ету желілерін дұрыс қолданады. Бірақ олар тұты­нушылармен келісім жаса­су және көрсетілген қызмет­тер­ге уақытылы төлем жасау жұмыс­тарын нашар жүргізуде. Олардың қатарындағы «Ақ­тоғай Сервис», «Аққу Сервис», Баян­ауыл ауда­нындағы «Сер­піліс» ком­му­нал­дық кәсіп­орындарының жұ­мыс­тары тиімсіз жүргізілуде. Аудан ор­та­лықтарындағы ком­му­нал­дық кәсіпорындардың жұ­мы­сын жақсарту үшін оларды бәсе­келестік ортаға беру ұсы­нылуда.

Облыстық жер қойнауын пай­­далану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәлі­метінше, биыл су құбырын тарту бойынша 52 жоба қолға алынған. Тұрғындар саны 200 адамнан асатын ауылдарға су құбыры тартылады. Өңірде бұл талап бойынша 126 ауыл орталықтандырылған су құбы­рын тартуға, ал 98 ауыл КБМ көмегімен су ішпек. Бү­гінде осы 126 ауылдың 40-ында су құбырлары тартылуда, 17 ауыл­дың су құбыры жобасы 2020 жылы басталмақ. Басқарма бас­шысы Қадылжан Сәтиевтің ай­туынша, жобалық құжаттарды әзірлеу мүлде зерттеліп, талданбайды. Жобалық-сметалық құжаттарды сапалы дайындауға назар аударуға, бюджет қар­жы­сы­­ның тиімді игерілуін қада­ғалау, су құбырлары құрылы­сы­ның сапасын жақсарту басты назарда бо­луы керек.

Мәселен, Баянауыл ауданы, Ақсаң ауылына су құбырын жобалағанда ауылдың таулы-тасты жерде орналасқаны еске­рілмеген. Ақтоғай ауданында ауыл­дарға тартылатын су құбыр­ларының құны 2,5 млрд теңгеге жеткен.

Облыс әкімдігі 2020 жыл­ға дейін елді мекендерді орталық­тан­дырылған ауызсумен қамту көрсеткішін 40,7 пайызға жет­кізу керек деп міндет қоюда. Ауыл­дарды ауызсумен қамту бойынша өңірлік бағдарлама да жасалды. Бағдарламаға сәй­кес 125 ауылда тиісті жерасты зерттеулері жүр­гізіліп, ондағы су қоры расталды. Соңғы екі жылда су құбыр­ларының құры­лысына арналған жоба­лық құ­жаттарды әзірлеуге 500 млн теңге бөлінді.

Өңірдегі ауызсу мәселесі, 370 ауылдың 76 пайызының суға зә­ру екендігі жайлы 2018 жы­­лы Ел­басы сапары кезінде де айтыл­ды.

Облысқа жасаған сапарында Президент Қасым-Жомарт То­қаев «ауылдарды ауызсумен қам­тамасыз ету жөнінен еліміз бойынша көрсеткіші ең төмен өңір­лердің бірі. Бұл мәселені жүйелі түрде жедел шешу керек», деп тапсырма беріп кеткен еді.  Ал Үкімет елімізде 2023 жы­лы ауыл­дар түгел ауызсумен қам­та­ма­сыз етіледі деп жиын сайын ай­тады. Тіпті, Үкіметтің соңғы бір отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық да­му ми­нистрі Роман Скляр: «Павло­дар облысының ауыз сумен қам­тамасыз етудегі қолданып отыр­ған әдіс-тәсілдерін үй­рену керек» деген сөз айтты. Тұр­ғындар қан­дай «әдіс-тәсілдер» деп таң­ғалды.

Осылай деген министрдің өзі павлодарлық, бірақ өңірдегі ауыл­­дарда қалыптасқан күрделі мәселе жағдайынан хабары жоқ па деген ой келеді.

– Өңірдегі 52 ауылда кешен­ді блок-модульдер суды тазар­тып, ішуге жарамды етеді. Блок-модуль­­дердің пайда болуынан тұр­­ғындар саны өскен. Бұл ауылдың өсіп-өркендеуіне жол аша­ды, – дейді Роман Скляр.

Әрине, айтуға оңай.

 

Павлодар облысы