«Үржар ханшайымы» Тарбағатайдың тамыры тереңде екенін танытты
Сәрсенбі, 19 маусым 2013 2:20
Күн шығыстан шығады. Өркениеттің ақ таңы да шығыстан бастау алған. Қынжылатынымыз, сөзімізге өре түрегеліп, дәлел сұрайтындар табылады. Құр лепес емес, дәлел дегеніңіз соқырға таяқ ұстатқандай, дала төсінде шашылып жатыр. Әсіресе, шығыс өңірінде. Тек жинап алу керек. Әредік жақпартастарда, тау қойнауларында көзге шалынғаны бар, жер қыртысында жасырынып жатқаны қаншама?! Білгенге, шығыс – көне түркі мәдениетінің темірқазығы. Алғашқы көшпенділер дәуірінің от жаққан ошағы.
Сәрсенбі, 19 маусым 2013 2:20
Күн шығыстан шығады. Өркениеттің ақ таңы да шығыстан бастау алған. Қынжылатынымыз, сөзімізге өре түрегеліп, дәлел сұрайтындар табылады. Құр лепес емес, дәлел дегеніңіз соқырға таяқ ұстатқандай, дала төсінде шашылып жатыр. Әсіресе, шығыс өңірінде. Тек жинап алу керек. Әредік жақпартастарда, тау қойнауларында көзге шалынғаны бар, жер қыртысында жасырынып жатқаны қаншама?! Білгенге, шығыс – көне түркі мәдениетінің темірқазығы. Алғашқы көшпенділер дәуірінің от жаққан ошағы.
«Алтын шыққан жерді белден қаз»
«Бір жоқ бір жоқты табады», деген тегі рас. Осыдан екі-үш жыл бұрын Үржар ауданындағы Таскескен – Бақты автожолы күрделі жөндеуден өте бастады. Осыған орай, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми экспедициясы жол бойында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау туралы заңнамасына сәйкес, кім-кімге болсын құрылыс кезінде табылған ескерткіштерді сақтау, бүлдірмеу міндетті һәм тиісті мекемелер мен археологтарға хабарлануы қажет. Ерте замандардағы көптеген ескерткіштер туралы ешқандай жазба деректер болмайды. Археологиялық барлау арқылы анықталған ескерткіштер тізімге алынып отырады. Үржар ауданындағы қазба жұмыстары жолды кеңейту кезінде бүліну қаупі бар ескерткіштерді зерттеуден басталған еді. Жол жөндеушілерге тіркеуге алынған археологиялық ескерткіштерге зақым келтірмеу туралы алдын ала ескертілген болатын.
Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаев басқаратын Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми экспедициясы жүргізген жоспарлы зерттеулер нәтижесінде аталған жол бойында екі қорған табылды. Оның бірі жерге көмілген, бірі таспен жабылған екен. Алғашқы қорғаннан жартымды дүние кездеспеген соң археологтар екінші қорғанға ауысыпты. Екеуінің арасы шамамен жеті шақырымдай болады. Биыл осы ескерткіштерді қазу жұмыстарының екінші кезеңінде отандық ғылым қоржыны үлкен олжамен толықты.
Жалпы, Үржар өңірі археологиялық зерттеулерден мүлде тыс қалмаса да кенжелеп келе жатқаны рас. Осы жайттарды ескерген болуы керек, еліміздің Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаевтың басқаруымен арнайы экспедиция жасақталды.
Елеусіз, топырақ қабатынан көрінер-көрінбес болып жатқан тас қорғанды 2011 жылы керекулік археолог Тимур Смағұлов тізімге алып, тіркеген болатын. Биыл Ә.Марғұлан атындағы Археология институты құрған экспедицияға да осы ғалым жетекшілік етіп келеді. Зерттеуші-ғалымдар мен археологтардың аптап ыстық астында, суық жел өтінде жүргізген қажырлы еңбегі еш кеткен жоқ. Мамыр айында жасақталған экспедиция жұмыстарының арқасында тас жолдың бойындағы Лайбұлақ және Жаңатілек ауылдарының орта тұсындағы қорғаннан жас қыздың мүрдесі табылды. Қазба жұмыстарының дәл осы жерден басталуы біріншіден, тыңғылықты археологиялық барлау арқылы мүмкін болса, екіншіден, аталған ескерткішке жол жөндеу жұмыстары кезінде техногендік қауіп төнген болатын. Сондықтан, қорған кезек күттірмейтін қатардағы ескерткіш ретінде қазыла бастады. Нәтижесі барша халықты таңғалдырып отыр. Дәлірек айтқанда, қорғанның 1,7 метр тереңдігінен жас қыздың мүрдесі қойылған тас саркофаг шықты. Ең қызығы, мықты тас қабырғалармен қоршалған қорғаннан жас қызбен бірге қойылған керамикалық және ағаш ыдыстармен, қой сүйегімен қатар алтын әшекейлі бас киімнің табылуы болды. Сақ көсемдерінің салтанатты сәукелесіне ұқсас жәдігер қыз мүрдесінің билеушілер әулетінен екенін айғақтайды. Бұл ерте замандағы жерлеу, әдет-ғұрып дәстүрінен, киім мәдениетінен, діни наным-сенім жайынан құнды деректерге кенелтіп тастағаны даусыз.
Қазір барлық баспасөз осы жаңалықты жар салып, ғылыми әлеуметтен сүйінші сұрап жазуда. Дегенмен, бірқатар басылымда «Үржар ханшайымы» атанған археологиялық олжаның өмір сүрген кезеңін айтуда үлкен қателік кеткенін аңдадық. Әрине, ақпараттың жарық жылдамдығындай жедел жүйткіген заманында асығыстыққа бой алдырған әріптестерімізді кінәлаудан аулақпыз. Бірақ, бәзбіреулер тарихымыздың қайнар көзін келте қыларға кінәрат таппай отырғанында, біздің заманымызға дейінгі IV – III ғасырларда ғұмыр кешкен ханшайымның жасын миләди дәуірге телігеніміз тарихтың құнды парағын ғасырлармен қоса жыртып тастағандай әсер етті.
«Ештен кеш жақсы». Біз әңгімелескен, аталған қазба жұмыстарының басы-қасында болған тарихшы Амантай Исин:
– Қазақ баспасөзінде ханшайым өмір сүрген дәуірдің қате көрсетілгеніне қынжылдық. Оның үстіне жаңылыс деректі менің сөзім қылып келтіргені жауапсыздық деп есептеймін. Мұнда мектеп қабырғасында қалыптасатын уақытнамалық түсінікті еске алса да жетер еді. Қола ғасыры – б.з.д. үш мыңжылдықтың екінші жартысы – б.з.д. бір мыңжылдықтың басы. Ал, Үржар ескерткіші б.з.д. IV-III ғасырларға жатады деп алдын ала болжадық. Бұл – ерте темір заманының соңы. «Үржар ханшайымы» – ғұн-үйсін заманының өкілі болып шығуы да ықтимал. Осы ойларымызды әу баста қазба жұмыстары басталғанда айтып едік. Сондықтан, тарихи уақыттың баспасөзде бұрмаланып кеткенін ауыр қабылдадық. Керек десеңіз, мұның бәрі қазақ баспасөзінің беделіне, ақпаратты дәл жеткізу қабілетіне нұқсан келтіретін дүние, – деді.
Қош. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды». Басылымдарда бұл жайт қайталанбайды деп ойлаймыз.
«Тас саркофагтың бетіндегі тақта тастары алынып, биік төбелі бас киім көрінгенде қазақтың мүйіз бедерлі ою-өрнегінен аумай қалған алтын жапсырмалар көзге ыстық тартып, жарқырап шыға келді. Бәрі өз орнында, қозғалмаған десе болады. Бас сүйегінде тас орнатылған сым сырға, бас киімінен төмен қарай салбыраған алтын салпыншақтар – бәрі ғажап та әдемі көне әлемді елестетті. Ауыр салмақты алтын әшекейлер тіпті ертеде, ерте темір заманының бас кезеңіне тиесілі. Кейінірек, мына «Үржар ханшайымы» заманында жеңіл, қаңылтыр алтын қолданылған. Себебі, алтын бұл замандарда алтын ақша үшін мол қолданыла бастайды», дейді алғашқы әсерінен әлі арыла алмай жүрген ғалым.
Қазба орнынан сегіз шақырым жерде Алтыншоқы атты ауыл бар. Экспедиция мүшелері қазба жұмыстары кезінде аталған ауылда тұрған екен. Елді мекеннің Алтыншоқы аталуында да бір гәп бар сияқты. Қайбір замандарда алтын табылғандықтан аталуы да мүмкін. Қалай болғанда да, Алтыншоқының өз атын дәлелдеп шыққанына таңданбасқа болмайды.
Қазіргі кезде «Үржар ханшайымын» елімізде табылған бесінші «алтын адам» деп әспеттеушілер көп. Өйткені, бұған дейін Есік, Аралтөбе, Шілікті, Талдыдан табылған «алтын адамдар» легі Лайбұлаққа келіп тоқтады. Амантай Исиннің сөзіне сүйенсек, мұндай тұжырыммен келісуге де, келіспеуге де болады. Өйткені, ғылыми ортада мұның бірін «алтын адам» ұғымына жатқызса, екіншісін жатқызбайды. Мысалы, Шілікті мен Талдыда адам сүйектері шашыранды түрде кезіккен еді.
Тағы бір айта кетерлігі, патша әулетіне жататын билік белгісімен Есікте табылған әйгілі «алтын адам» мен «Үржар ханшайымы» өте ұқсас. Ал, Үржар ханшайымының заманы Тұмар патшайымның уақытынан кейінге жатады. Ханшайым жерленген жерде ағаштан жасалған ыдыс және табақ сақталған. Бұл – радиокөміртегі әдісімен ханшайымның өмір сүрген уақытын нақты анықтауға мүмкіндік береді.
Кемел Ақышевтан кейін Есік қорғанындағы алтын адамның 20 пайызға жуығын, Берел қорғанындағы жылқыларды түгелімен, Ресейдің Аржан қорғанындағы жолбарыс терісін жамылған киімді жаңғыртқан белгілі археолог-реставратор Қырым Алтынбеков қорғаннан алтын бас киімді мүрде табылған заматта жеткен болатын. Ол қазба жұмыстары басында бірнеше күн болып, мүрдені консервациялау және тұтас күйінде топырағымен бірге қиып алу жұмыстарына басшылық жасады. «Үржар ханшайымы» Алматыға жеткізілген соң, белгілі реставратор зертхана жұмыстарына кірісті.
Бүгінде Үржар ханшайымының денесін ғылыми сараптаудан өткізуге көз тігіп отырғандар жетерлік. Бұл жұмыстар кезек-кезегімен жүзеге асырылады дейді мамандар. Жаратылыстану ғылымдары да өз тұжырымдарын жасамақ. Жалпы, көпшілікті ханшайым мүрдесінің зерттеу жұмыстарынан соң қайтадан жер қойнына тапсырылатындығы немесе мұражайда сақталатындығы мазалайды.
– Отандық археологияда, оның тегі болып табылатын кеңестік, одан арғы патшалық заманның археологиясында қазып алып, зерттеуге әкетілген сүйекті қайта жерлеу дәстүрі жоқ. Негізінде, бұл – өзекті мәселе. Зерттеліп болған соң мұражайға қойылмаса, ерте замандардың болса да, адам сүйектері алынған жеріне қайтадан табысталса дейсің. Алайда, оған қалыптасқан ғылым дәстүрі бөгет, – дейді Амантай Исин.
Тарихшыдан «Үржар өңірінде табиғат райы бұзылды деп жатыр. Мұның шынымен осы оқиғаға қатысы бар ма?» деп сұраған едік.
– Біз ғылыми көзқарастағы адамдармыз. Ондай байланыс жоқ. Археологтар далада еңбек етеді ғой. Дауыл да, қалың нөсер де жұмысқа бөгет болып жатады. Қажыған кезде ойға әр нәрсе келе береді. Журналистер мұндайда әсірелеп жеткізуге шебер, – деді ол күліп.
Амантай Исиннің айтуынша, Лайбұлақ ауылы маңындағы қазба жұмыстары аяқталып, бұл күнде Үржар ауданының басқа да ескерткіштері зерттеле бастады. Қазір археологтар Тамды өзенінің бойында зерттеулер жүргізіп жатыр.
Осы ретте қазба жұмыстарының қаһармандарын атап өту орынды сияқты. Экспедиция жетекшісі Тимур Смағұлов пен тарихшы Амантай Исиннен өзге ғылыми қызметкерлер қатарында археолог әрі суретші Георгий Пересветов, жас археолог Талғат Айлыбаев, қазушы археологтар ретінде Семей мемлекеттік педагогикалық институтының 11 студенті, Семейдегі «Жас Ұлан» лицей-интернатының 2 оқушысы жұмыстардың бар ауыртпалығына төтеп берді. «Үржар ханшайымы» археологиялық жаңалығы ашылған соң Павлодардан 3 жас археолог келіп қосылды. Еміл өзені бойы мен Елтай ауылы маңындағы ескерткіштерді барлауға Семейден Құсмілия Нұрқасымов, Үржардан Оразамбай Бекбаев қатысты. Экспедицияның көлік жүргізушілері – Борис және Сағидолла. Ғылым жүгін арқалаған осындай ерлердің толайым еңбегіне сүйсіне білсек, қанеки?!
Көне жазулар мен қорғандар ордасы
Біз туған өлкенің әр тасының көлеңкесінде тұнған тарих таспасы жатқанын түйсіне білетін кез келді. Әйтпесе, өркениетті өзі көтеріп әкелгендей мемлекеттік тарихымызды білместік, білуге ынтасы жоқтық һәм ұлттық ұйысуымызға сына қаққысы келер әрекеттер байқалмай қалған емес.
Үржар ханшайымы туралы сүйінші хабарды естігенде ортамызда жоқ, көрнекті түрколог Алтай Аманжоловпен осыдан үш жыл бұрын кең әңгімелескеніміз еске түсті. Тіл ғылымының білгірі Сәрсен Аманжоловтың өзі баулыған бел баласы – Алтай Аманжолов түркология ғылымына өзіндік қолтаңба қалдырды. Әкелі-балалы түркологтар 1956 жылы Шығыс Қазақстанды аралап, Тарбағатайдағы Ласты өзенінің бойындағы Бұғытасқа келіпті. Бұғытаста бедерленген петроглифтер, аңдардың түрлі суреттері Мәскеу мемлекеттік университеті филология факультетінің үшінші курсында оқып жүрген жас Аманжоловтың жүрегіне от жақса керек. Бабалар өркениетіне іңкәрлігі ерте оянған көрнекті ғалымның оқыған көне түрік сөздері өте көп. Ойлап отырсақ, соның басым бөлігі шығыс өңіріндегі балбал тастарға, түрлі бұйымдарға қашап жазылған екен.
Мәселен, Марқакөлден «Ай елик юрты» деген көне түрік сөзі табылыпты. Алтай Аманжоловтың оқыған сөздеріне келсек, «Елик» – хан немесе билеуші деген мағынаны береді. «Юрты» – тұрағы, жұрты дегенге келеді. Көне түрік сөзінен қазақшаға аударғанда «Ай билеушінің жұрты» деген мағынаны білдіреді.
Сол сияқты Жарма ауданынан табылған «абам» сөзі «атам» мағынасына жақын. Бұл қазіргі «бабам» сөзінің түрленуге дейінгі түрі болуы да мүмкін.
Ертіс өзені бойынан да осы сияқты бірнеше көне жазу кезіккен екен. 1969 жылы археолог Ф.Арсланова Шемонайха ауданындағы қорымдардың бірінен қытайдың қола айнасын тапқан болатын. Қазіргі кезде Өскемендегі мұражайда сақтаулы тұрған айнада көне түркі жазуы жазылған. Мұны Алтай Аманжоловтың алдында екі-үш ғалым оқыған екен. Ғалым сәл түзетулер енгізіпті. Айнаның ішкі жиегінде «йебчі йегрен арлу» деп жазылған, мұны аударғанда «жебеуші жирен қызыл күрең айдаһар» деген сөз шығады. Бұл сол замандағы іргелес отырған түркілер мен қытай ұлысының қоян-қолтық қарым-қатынасынан хабар беретін сияқты. Өйткені, қытай жұрты айдаһарды қастерлейтіні белгілі. Ал айнаның сыртқы жиегінде «іші күнісін есер, құты басар» делінген. Бұл – «әйел күншілдігін азайтса, құты қонады» деген мағынаны береді. Бүгінгі «әйел – үйдің құты» деген қазақ мақалымен үндес.
Күршім ауданынан Жүнісов есімді мұғалім өзі тапқан тасмөрді ғалым Ақселеу Сейдімбеккке әкеліп көрсетіпті. Сол кезеңде «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының редакторы болған Ақселеу ағамыз тасмөрді Алтекеңе көрсетіпті. Оны оқығанда «сэч авын» деп жазылғаны белгілі болады. Қазіргі тілге аударса: «таңда да уан» деген сөз шығады. Демек, көне түрік сөзі «өмірден әр нәрсені тап та, соған қуан, мейірлен» дегенді меңзейді. Алтай Аманжоловпен Мәскеуде қатар оқыған көрнекті сәулетші Шота Уәлиханов аталған сөздерді Алматыдағы Республика алаңында тұрған Тәуелсіздік монументінің қасындағы мәрмәр тастарға қашап жаздырғанын білеміз.
Алтай мен Тарбағатайдың арасы қайнаған тіршілік ордасы болғанына Үржар ханшайымы, Бұғытас петроглифтерімен бірге тағы бір көне түркі жазуы дәлел бола алады. 1935 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамының экспедициясы Үржар ауданындағы Сасықбастау деген жерде қорым жанынан арық қазғанда қытайдың бүтіндей қола айнасын тапқан екен. Сол жылы Ленинградта өткен Қазақстан көрмесінен қайтарылмай, Эрмитаждың шығыс бөлімінің қорында сақтаулы тұрған айнада «ер сучук осіз өлуг» деген көне түркі жазуы жазылған. 1948 жылы Ленинградта шығатын «Эпиграфия востока» атты журналда қазақ пен қырғыз жерін көп зерттеген археолог А.Бернштам осы сөзді жариялағанымен, өзі оқи алмапты. Аталған сөзді алғаш рет оқыған Алтай Аманжолов сөздің «ер-азамат шарап (ішу) – мезгілсіз өлім (өлу)» дегенді білдіретінін жеткізеді. Бұл – ежелгі қағида, ұрпаққа мирас болып қалған сөз, өсиет сияқты. Шарапқа қарсы күрестің ертеректе болғанын, ата-бабаларымыз Қытайдан келген арақ-шарап, есірткі сияқты зиянды заттарды тұтынбауға шақырғанын білдіреді.
Іле өзенінен, Есік қаласы жанында «алтын адаммен» бірге табылған күміс тостаған сыртындағы жазулардың барлығы б.з.д. VII-V ғасырларға жатады. Яғни балбал тастарда, тау-таста, тұрмыстық бұйымдарда көрініс тапқан көне түрік әліпбиі көне грек, көне финикин әліпбилерімен аталас, тамырлас болып келеді.
Кезінде одақтық экспедицияны басқарған Сергей Черников Шығыс Қазақстан өлкесін зерттеуге көп еңбек сіңірді. Қалбатау жартастарына бейнеленген аңдар мен хайуанаттар, салт аттылы мен жаяу адамдар бейнесін жүйелі зерттеген С. Черников бұл суреттер мен таңбаларды қола дәуірінің соңғы кезі мен б.з.д. VI-І ғасырларға жатқызады. Оның «Қола заманындағы Шығыс Қазақстан» атты еңбегі де бар. Міне, осындай көне өркениеттің іздері суымайтындай тасқа қашалып тұрғанда, мәдениетіміздің мәйегін парсы, иран әлемінен іздейтіндерге, көңіліне жақпаса ұлттың тарихи бастауын жаздың қысқа таңындай шолақ қайыру білімсіздік. Ол – сананы құл етеді.
Көрнекті тарихшы, археолог Зейнолла Самашевтың еңбектерімен жұртшылық таныс. Шығыстың Берелін, батыстың Сарайшығын қайта оралтқан білікті ғалым бірде орта ғасырлық араб тарихшысы Әл-Гардизидiң жазуы бойынша, Ертіс өзенінің бойында IХ-ХI ғасырларда Қимақ мемлекетiнiң үлкен қаласы болғанын айтқанын жадыға түйіп қойғанбыз. Бұл туралы академик Болат Көмековтiң «Государство кимаков IХ-ХI вв.» деген iргелi кiтабы да жарық көрген.
Алтайдың табиғи байлықтары әлемге 3, 5-4 мың жыл бұрын танылды. Алтайдан табылған Берел, Тарбағатайдан табылған Шiлiктi мәдениетi осының көрiнiсi. Б.з.д. VIII-VI ғасырларда Шiлiктiде үлкен патшалық болыпты. Оның қорғандары табылып жатыр. Ал Берел – өте озық мәдениет. Технологиясы жоғары, металл қорыту, өндiрiс ұйымдастыруды игерген.
Бірде Зейнолла ағамызбен әңгімелескенімізде, Германияның Бохум қаласындағы Тау-кен мұражайының ғалымдарымен бiрге 5 жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргiзгенін айтқан еді. Шығыс Қазақстандағы Қызылсу өзенiнiң бойында Кiшi Қарасу атты ауылда осыдан үш жарым мың жыл бұрын болған шахталарға қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізген Зейнолла Самашев тереңдiгi 10 метрге кететiн үлкен тау-кен шахталары, қоныстары, металды қорытатын орындары табылғанын айтқан. Бір таңғаларлығы, шахтадағылардың қоныстарымен бірге қайтыс болғандардың жерленген орнында тастан жасалған барлық құрал-саймандары бiрге табылыпты. Мiне, өркениет қайда жатыр?!
Әйгілі қос өзен арасындағы Месопотамиядан табылған қалайының құрамы Ертiстiң бойынан шығарылған қалайының құрамымен бiрдей болатындығы да бүгінде біраз ғалымның басын қатырып отыр. Қалайысыз қола жасалмайды. Қола болмаса, мыстан жасалған мұқым құрал мұқалып қалады… Ендеше, күллі өркениеттің көне ошақтарына металл илеп, құрал жасауды үйретуді өткен біздің бабалар болып шығады ғой.
Көне алтайлықтар адамды бальзамдап жерлеу технологиясын да жетік меңгерген. Яғни бұл – Мысыр перғауындарына ғана тән дүние емес. Алтайдан өндірілетін бір минералды екіге айырғанда, бір жағынан қызыл бояу, бір жағынан сынап бөлінеді екен. Осы сынап арқылы түркі жұртының қаһарлы қағандарын бальзамдағаны белгілі болып жатыр. Берел қорғанынан табылған денелерді зерттеген микробиологтар, полигенетиктер де бұл жайттарды анықтады.
Әлбетте, көне Алтайдың тарих, адамзат дамуындағы ойып алар орны туралы тарихшылар, әдебиетшiлер, мәдениеттанушылар, лингвистер, тағы басқа сала өкілдері көп жазды. Олардың басым бөлігі, бұл мекеннің барша ұлысты құшағына алған үлкен орталық болғанын айтады. Күллі түркі ұлыстарының глоттогенездік, этногенездік даму барысы мыңдаған жылдар бойы жүрген атажұрт – Алтай. Тіпті, жапондар мен корейлер де өзінің түп мекені осы өңірден тарағанын айта бастады. Тувадағы – Аржан, Моңғол жеріндегі – Орхон, Алтайдағы – Берел, Тарбағатайдағы – Шілікті, Үржардағы – алтын сәукелелі ханшайым… Ғажап қой!
Шығыстан басталып, мыңжылдықтарға жалғасқан мәдениеттер жалғасы көптеген түрік халықтарының тарих сахнасына шығуына жәрдем бердi. Моңғол өлкесінен Қара теңізге дейін ұлан-ғайыр қиырды алып жатқан түркі ұлыстарының байтақ кеңістігі қаншама қоғамдық-әлеуметтік катаклизмдерге ұшыраса да түп мәдениетінің тамаша үлгілерімен таңдандырып келеді. Әлі де таңдандырады.
«Үржар ханшайымы» табылғанда ойға оралған осынау дүниелер санамыздағы рухы биік тауарихты жаңғыртып, жан-дүниемізді тағы бір сілкінтіп тастады.
Думан АНАШ,
журналист.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы.