Қорқыт жатқан қасиетті жер өткенді түгендеп, болашаққа бағдар берді
Жұма, 21 маусым 2013 1:15
Піл сауырлы қара жер жаратылғаннан бері талай халық тарих сахнасынан сырғып түсіп қалды. Ал тамырсыз тасқа тарихын қашаған қазақ жері көне құндылыққа толы. Бір бүйірін шұқып қалсаң, өткен замандардан сыр шертіп сала береді. Бабалар өмір салтын айнытпай көз алдыңа келтіреді. Өткен күндердің тыныс-тіршілігі сайрай жөнеледі. Топырақтың қасиеттілігі де сонда болса керек. Ежелде «Тараздан шыққан лақ Сырдың бойына дейін тамның төбесімен жүріп өтеді» дейді екен. Бұл дегеніңіз, осы аралықтың барлығы қала болған деген сөз. Өркениеті өрістеген, мәдениеті дамыған аймақ болғанынан хабар береді. «Қазақ даласына өркениетті біз әкелдік» деп өрекпитіндер әсілі мұны білмесе керек. Әйтпесе, бұлай сөлемеген болар еді ғой.
Жұма, 21 маусым 2013 1:15
Піл сауырлы қара жер жаратылғаннан бері талай халық тарих сахнасынан сырғып түсіп қалды. Ал тамырсыз тасқа тарихын қашаған қазақ жері көне құндылыққа толы. Бір бүйірін шұқып қалсаң, өткен замандардан сыр шертіп сала береді. Бабалар өмір салтын айнытпай көз алдыңа келтіреді. Өткен күндердің тыныс-тіршілігі сайрай жөнеледі. Топырақтың қасиеттілігі де сонда болса керек. Ежелде «Тараздан шыққан лақ Сырдың бойына дейін тамның төбесімен жүріп өтеді» дейді екен. Бұл дегеніңіз, осы аралықтың барлығы қала болған деген сөз. Өркениеті өрістеген, мәдениеті дамыған аймақ болғанынан хабар береді. «Қазақ даласына өркениетті біз әкелдік» деп өрекпитіндер әсілі мұны білмесе керек. Әйтпесе, бұлай сөлемеген болар еді ғой.
Бүгінде өшкен жанып, ұмытылған дүниелер қайта еске түсіп жатыр. Жан-жағымызды бүтіндеп, жоғалтқанымызды іздеп, тауып жатқан жағдайымыз бар. Бұл тұста тарихшы ғалымдардың мойнына артылар жүктің салмағы зор. Осы ретте Қызылорда облысының әкімдігі елге белгілі ғалымдарды жинап, кеңес өткізді. Аталмыш кеңес облыстың тарихи-мәдени мұраларын қорғауға және насихаттауға бағытталғаны айтпаса да түсінікті. Солайша, ғылыми-әдістемелік кеңестің алғашқы отырысы өтті. Оған арнайы шақыртумен Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов қатысты. Кеңестің құрамына еліміздің танымал тарихшылары, әдебиеттанушы-ғалымдары, сәулетшілері кірді. Мәселен, Мұрат Әуезов, Карл Байпақов, Тынысбек Қоңыратбай, Бек Ыбыраев, Бауыржан Байтанаев, Мадияр Елеуов, Зейнолла Самашев, Жандарбек Мәлібеков, тағы басқалары.
Кеңес төрағасы Қырымбек Көшербаев мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ескерткіштерді қорғауға қатысты атқарылған ауқымды істерге тоқтала келіп, өңірде әлі де болса археологиялық-этнографиялық біртұтас жүйенің қалыптаспағанын алға тартты.
– Сыр елі – тарихи мұраларға бай жер. Бүгінгі кеңестің негізгі мақсаты да осы қазақ халқының мәдени мұраларын ғылыми негізде жүйелі зерттеп, соған орай облыс басшысы ретінде қажетті қаражат бөлдіріп, іске асыруға мүмкіндік алу. Өскелең ұрпақ үшін құнды жәдігерлеріміздің тәрбиелік мәні өте зор. Сондықтан Сыр жұртшылығы атынан кеңес құрамына кіруге келісім бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Біздің облысымызда археологиялық-этнографиялық біртұтас жүйе қалыптаспаған деп есептейміз. Өңірдің мәдени мұраларын ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеуді, маңызды істерді жүйелеуді алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. «Қорқытата» мемориалды кешенін рухани орталыққа айналдыру мақсатында оны халықаралық туризм маршрутына енгізу үшін құрылысын қайта жаңғырту жұмыстары жасалып жатыр. Әйгілі абыз Қорқыт бабамыздың дүние салған жері Қармақшы ауданы екенін сіздер жақсы білесіздер. Осы орайда Қорқыт бабамызды ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени-тарихи мұра тізіміне енгізуге байланысты оның қандай талаптары бар екенін біліп, соған жұмыс жасау керек. Кеңестің алғашқы отырысына Олжас Омарұлының қатысуында да зор мән бар, – деді Қырымбек Елеуұлы. Сонымен қатар, әкім «ЭКСПО-2017» көрмесіне Сыр өңірінен Қорқытата кешені мен Байқоңыр ғарыш айлағының енгізілуіне Елбасы тарапынан қолдау көрсетілгенін тілге тиек етті. Мұнан бөлек, облыс аймағындағы қандай да бір мәдени мұраға байланысты атқарылатын істер осы Кеңестің шешіміне байланысты қаржыландырылатын болады.
Басқосу барысында Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының құрметті директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов «Қазақстандағы мәдени құндылықтардың мәселелерін Арал өңірінің Шығыс жағалауына жасалған археологиялық-этнографиялық кешенінде экспедиция мысалында шешу жағдайы» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз түйіндеулерінде бүкіләлемдік мұралар адамзаттың және табиғаттың жасаған қайталанбас туындылары екенін айтты. Жыл сайын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитеті сессия өткізіп, жаңадан ұсынылған нысандарды тізімге алатынын жеткізді. Ұлы Жібек жолы адамзат өркениетінің феномені екеніне тоқталды. Бұл орайда, Қазақстан аймағы бойынша төрт бағытта зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атады. Олар: Жетісу, Сырдария, Сарыарқа және Маңғыстау аймақтары екен. Бүкіләлемдік мұраға Сырдария аймағынан Жуантөбе, Қараспан төбе, Бөріжары, Сауран, Сығанақ, Жанқала, Шірік-Рабат, Бәбіш-молла, Баланды секілді нысандар еніпті.
Кеңес отырысында сөз алған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаев ортағасырлық Сығанақ қаласына зерттеулер жүргізу жайын баяндады. Осы кезге дейін назардан тыс қалып келген ескі қаланы зерттеуді ХІХ ғасырдың соңынан бастап орыс ғалымдары қолға алған. Қазір ежелгі қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Бұл бағыттағы іске тек «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2008 жылы қаражат бөліне бастаған.
Басқосуға келген кеңес мүшелерінің бірі, мәдениеттанушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов Сыр жерінің шежіреге бай екеніне тоқталды. Қасиетті топырақта Мұстафа Шоқайдың, Ғани Мұратбаевтың, балалар хирургі, академик Камал Ормантаевтың дүниеге келуі тектен-тек еместігін айтты. Өңірдің археологиялық-этнографиялық мұраларын зерттеуде материалдық құндылықтарға емес, рухани жағына көбірек көңіл бөлуге шақырды. «Қобыз аспабының қасиеті сонда, ол тіпті өзінің иесіне де бағынбайды. Қорқыт бабаның серігіне айналған қобыздың үні де ерекше. Бұл жыраулардың мекені, Көшеней, Нұртуған, Нартай, Шығыстың дүлдүл шайыры Тұрмағанбет Ізтілеуовтің де кіндік қаны тамған жер екенін естен шығармауыз керек», деді Мұрат Әуезов.
Мұнан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Бек Ыбыраев Қармақшы ауданындағы «Қорқытата» мемориалдық кешенінің жаңа эскиздік жобасы туралы мағлұмат берді.
Қорқыт – барша түркі жамағатына ортақ тұлға. Дегенмен оның бейіті Сырдың бойында жатыр. Кеңестің құрметті қонағы Олжас Сүлейменов «Қорқыт» сөзінің шығу тарихына және баба туралы айтылған аңыздарға тоқтала келе, оның дүние салған Сырдың бойы құтты мекен екенін алға тартты. Сондықтан да «Қорқытата» мемориалды кешенін Түркі жұртының емес, бүкіл әлемнің басын біріктіретін рухани құндылыққа айналдыру үшін 2014 жылға дейін өзі өкілдік ететін беделді ұйымның тізіміне қосуға күш салатынын жеткізді.
Республикамыздың зиялы қауымы бас қосқан кеңесте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Мадияр Елеуов, белгілі ғалым Тынысбек Қоңыратбаев, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Алтай Базарбай өз пікірлерін білдірді.
Солайша, арғысы Тұран, одан Сейхұн, бүгінгі Сырдың жерінде өткенді түгендеп, болашаққа аманаттауға байланысты келелі кеңес өтті. Ал мұндай мәжілістер халық қазынасын түгендеуге зор үлес қосатыны бесенеден белгілі.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.