Тарих • 04 Желтоқсан, 2019

Өнегелі өмір үлгісі

752 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңір­ген мәдениет қайраткері, КСРО Журналистер одағы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ленин­град қаласының құрметті азаматы, Қазақстанда алғаш ашыл­ған Алматы телестудиясының тұң­ғыш директоры Хамза Әубәкірұлы Әбілға­зиннің өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай.

Өнегелі өмір үлгісі

Хамза Әубәкірұлы 1919 жы­лы 5 жел­тоқсанда Павлодар об­лысы Баянауыл селосында жұ­мысшы отбасында дүниеге келді. 1938 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың рабфагін бітіріп, сол жылы Қазақ коммунистік журналистика институтына түседі, оның екінші курсында оқып жүрген кезінде, 1939 жы­лы қарашада Кеңес әскерлері қата­рына шақырылады.

Екінші дүниежүзілік соғысына бірінші күнінен бастан-аяқ қаты­сып, жеңіс жолын Берлинді алу операциясымен аяқтайды. Рейхстаг қабырғасында «Баян-Бер­лин. Хам­за» деп жазып туған жерінің атауы мен өз есімін қалдырады.

Хамза Әубәкірұлының Екінші дүние­жүзілік соғы­сындағы ерлігін ерекше атап өткен жөн. Ленин­градтағы қоршауда қалған кеңес әскерлері қатарындағы Хамза өзінің көзсіз ерліктерімен халқымыздың мәр­те­бесін көтерді. Сондай сәттердің бі­рін­де «Қаланы күндіз-түні ат­қылап, үлкен шы­ғын әкелген жау­дың артиллериясын жою­ға өз еркімен кім барады?» деген полк ко­мандирінің қойған сауалына орай саптағы солдаттар ортасынан суырылып шығып «мен барамын» деп саңқ етеді. Сөйтіп жорыққа бірнеше күн дайындалып, өзіндей ерікті түрде соңынан ерген бес солдатты қа­раңғы түнде жау шебіне бастап барып, тапсырманы ойдағыдай орындайды.

Солдаттың ерліктері ізсіз кет­пей тарихи факті ретінде тіркел­ген. Өйткені Кеңес Ода­ғының Батыры, полк командирі, полковник Петров Хамза Әубәкірұлының осы ерліктерін баяндап, осындай ұл тәрбиелеген оның туған еліне арнайы хат жолдаған. Бұл хат 1942 жылдың жазында аудан ор­талығы азаматтарының жиналысында оқыл­ған. Кейіннен Хамза Әбілғазинге «Ле­нин­град қаласының құрметті азаматы» атағы берілген.

Ленинград қоршауынан кейін ол артил­лериялық батареяның командирі ретінде Курск иі­нін­дегі шайқаста көрсеткен та­банды­лығы мен ерлігі үшін «Қы­зыл Жұл­дыз» орденімен марапатталды. Днепр үшін шайқаста  артиллерия бөлімшесін басқарды. Көп­теген ерлік жасап, соңынан ерген солдаттарды жеке үлгі-өнегесімен рухтандырды. Сол үшін ол ірі әскери командирлердің еншісіне ғана бұйыратын «Алек­сандр Нев­ский» орденімен марапатталды. Бұл туралы броне­танк әскерлерінің маршалы, Ке­ңес Одағының Батыры А.Х.Бабаджанянның Екінші дүниежүзілік со­ғысы туралы естелік кітабында жазылған.

Хамза Әбілғазин Одер өзе­ні мен Зеелов биігі үшін бол­ған шайқастарда гвардиялық артил­лериялық дивизионды басқарды. Осы ұрыстар кезіндегі ерлігі үшін жауынгерлік Қызыл Ту орде­німен марапатталды.

Міне, осындай ірі шайқас опе­ра­цияларына белсене қатыс­қан майдангердің бойында та­бандылық пен  отаншылдық, туған еліне деген сүйіспеншілік қасиеттері әрдайым басым тү­сіп жатты. Бұл қасиеттер оны ер­лік көрсетуге бастады. Со­ның нә­тижесінде ірі ұрыс опера­ция­ларының бәрінде ол ордендермен марапатталып отырды.

Хамза Әбілғазиннің Берлинді алу шабуылына қатысқандығын, соғысты Рейхстаг қабырғасында аяқтағандығын жоғарыда жаздық. Бұл ұрыста ол жауынгерлік «Қы­зыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Рейхстаг қабырғасына 8 мамыр күні «Баян - Берлин. Хам­за» деп жазып таңба қалдырды. Сол Рейхстагқа жеңіс туын тік­кен қазақтың екін­ші баласы – Ра­хымжан Қошқарбаев екеуі со­ғыстан кейінгі жылдары бірін бірі сыйлайтын, өте жақын жолдастар болды. Екеуінің бірге түскен суреттері отбасыларында  сақталған.

Хамза Әубәкірұлы Кеңес әскерлерінің қатарында 1946 жыл­дың наурыз айына дейін болды. Мұнан кейінгі бейбітшілік уақытта да халық пен мемлекет үшін бар күшін салып, жан аямай қызмет етті. Атап айтқанда, 1946-1958 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінде және Қазақ КСР Министрлер кеңесінде жа­уапты қызметтер атқарды. 1958 жылдың ақпан айынан 1962 жылдың қазан айына дейін елі­мізде алғаш ашылған Алматы телестудиясының тұңғыш ди­рек­торы болып, отандық те­леа­р­наның құрылуының негі­­зін қаласты. Әрине, бұл ұмы­тылмайтын тарихи факт.

1962-1964 жылдары «Қазақ­фильм» киностудиясы ди­ректорының орынбасары, 1964-1972 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің радио­хабарлар және теледидар басқармасының бастығы, 1972-1980 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы істер басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Еңбектегі жетістіктері үшін оған 1975 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы беріліп, 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Оның еңбектері үш рет Қазақ КСР Жо­ғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, көптеген медальмен атап өтілді.

Бір өкініштісі, Хамза Әубә­кірұлы Әбіл­ғазин 1980 жылы 8 желтоқсанда бар болғаны 61 жасында дүниеден өтті.

Көп жылдар Хамза Әбіл­ғазинмен қыз­меттес болған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сі Төрал­қа­­сының хатшысы Бижамал Рама­занова ол кісінің еңбегіне, жұмыс­ты ұйымдастыру шебер­лігіне жоғары баға берді.

Замандастарының айтуына қарағанда, Хамза Әубәкірұлы өмірде өте сыпайы, көпшіл, кі­шіпейіл, ер мінезді, дархан жү­ректі, қайырымды және ақкөңіл, адал адам болды. Туған еліне деген сүйіспеншілігі жоғары еді. Оның өмірлік қағидасы – өзі атқарып отырған қызметке барынша жауап­кершілікпен қарау, адамдарға қолынан келгенінше жақсылық жасау, үлкен демей, кіші демей қарым-қатынасты түзу ұстау болды. Сондықтан Хамза Әубәкірұлының достары мен тілектес адамдары көп еді. Ол өзімен араласқан және таныс болған адамдардың есінде өзі туралы шынайы сезімнен туындайтын жақсы пікірлер қалдырды. Өмірде өте жақын араласқан достарының бірі, заңғар жазушы Ілияс Есенберлин оның зиратындағы құлпытасқа өз атынан былай деп жаздырды:

«Сен қуансаң – мен де мәз боп қостым үн,

Сен қайғырсаң – мені торлап қысты мұң,

Аяғам жоқ қолдан, бауырым, келгенін,

Аяғам жоқ жүрегімнің жылуын».

Кейіннен Хамза Әбілғазин тұрған үйге және Алматы телестудиясының ғимаратына ол кісіге арнап ескерткіш тақталар орнатылды.

Хамза Әубәкірұлы әскерден оралған соң  Гүлия Пәуенқызымен отбасын құрап, шаңырақ көтерді. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Бақыт Павлодар облысында зейнеткерлікке шыққанша абыройлы қызмет атқарды. Аудан басшыларының бірі болды. Жұбайы Гүлістан екеуі ұрпақ өрбіткен бақытты жандар. Екінші ұлы Бағдат комсомол, партия қызметінде, кейін­нен Сыртқы істер министрлігінде, елі­міздің Өзбекстан мен Әзербайжандағы ел­­шіліктерінде жауапты қызметтер ат­қарды. Зайыбы Света Асанбайқызымен ұрпақ өрбітіп, үлгілі отбасын құрды. 70-ке қараған шағында дүниеден озды. Хамза Әубәкірұлының қызы Ғайни – офтальмолог дәрігер. Жолдасы Болат Бу­тин химия ғылымдарының докторы, профессор еді, қайтыс болды. Ұрпақтары бар. Осылайша, Хамза Әубәкірұлы мен Гүлия Пәуенқызы құрған шаңырақ қанатын кең жайып, отанға адал қызмет етуде.

Хамза Әбілғазин өмірінің тағы бір үлгілі қыры – ағайын-туысқа, жора-жолдастарына, жерлестеріне аса қайырымды бола білгендігі. Ол кісінің Алматыдағы ша­ғын пәтері елден келген адамдардан, оқу іздеп келген жастардан босамайтын.  Осы жайтты інісі Қабиден Әубәкіров, жиен інісі Зайролла Дүйсенбеков еске алып, айтып отырады. Қабиден Әубәкіров кейіннен еңбек жолында жақсы жетістіктерге же­тіп, кеңшар директоры, ауданда ауыл ша­руашылығының басшысы болса, Зай­ролла Дүйсенбекұлы –  елімізге белгілі ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі атанды.

«Хамза аға өзінің өнегелі істерімен, ақыл-кеңесімен біздің алдымыздағы шамшырақтай болды. Басшылық қызметтің адам өмірінде кезеңдік қана мәні барын, ал ғылым жолының және жемісінің таусылмайтын игілікті екен­дігін айтып, мені ғылымға қарай бағыттады» дейді Зайролла Дүйсенбекұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкесінің өмірі мен қызметіне арналған «Әке туралы толғаныс» деп аталатын кітабында Хамза Әбілғазин туралы былай деп жазған екен:

«Парламенттік органда жүріп әкем Жоғарғы Кеңес Президиумының іс басқару­шысы Хамза Әбілғазинмен жақсы араласты. Қазір ойлап қарасам, екеуінің жа­қындасуына соғысқа дейінгі аш-жалаңаш балалық шақ пен майданның алғы шебіндегі сұрапыл күндер – ұқсас өмірбаян себеп болған екен. Хамза Әбілғазин әкемнің айтуына қарағанда, адал, шындықты бетке айтатын, аппарат қызметкерлерінің мұң-мұқтажын (пәтер алу мәселесі, демалыс үйлеріне жолдама, т.б.) түсіністікпен әділ шешетін адам болған секілді. Іс басқарушы бола тұра өзіне артық нәрсе сұрамаған. Бұл соғыстан кейінгі қиын өмірді көрген азаматтарға тән қасиет еді». Қ.Тоқаев «Әке туралы толғаныс», Алматы, 2005 ж., 165 бет.

Қорыта келгенде айтарымыз, мәдениет және қоғам қайраткері, майдангер Хамза Әбілғазиннің өмір жолы – қазіргі жастарымыз бен мемлекеттік қызметкерлерге, жалпы қоғамымызға қажет отан сүйгіштік пен патриотизмді, адалдық пен адамгершілікті ту етіп ұстаған   өмір жолы болды. Оның есімі ел тарихында осы қырынан қалады деп есептейміз.