Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2019

Алып асулар кішкентай қадамнан басталады

636 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ жастары бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Басқалармен бәсекелестік барысында оқ бойы озық екендігі байқалады. Бірі өнер шыңын бағындырып жатса, енді бірі – кәсіпкер. Ал біздің кейіпкер – Аяжан Мұхаммедова әлемнің небір мықтылары жиналған Силикон алқабында еңбек етеді. Отандасымыздың АҚШ-тағы өмірі туралы аз-кем әңгімелескен едік. Оқырман назарына осы сұхбатты ұсынамыз.

Алып асулар кішкентай қадамнан басталады

– Аяжан, АҚШ-қа көшу туралы шешімді қалай қабылдап жүрсіз?

– Түркістан облысының Арыс қала­сында дүниеге келдім. Шымкент қала­сындағы Достық университетінде оқып жүргенде қызмет көрсету саласында жұмыс істедім. Сол кездің өзінде шетелде тұрып, сол жақта жұмыс істесем деген арманым болатын. Бір күні Work and Travel бағдарламасы арқылы Америка Құрама Штаттарына баруға мүмкіндік туды. Аталған бағдарлама студенттерге жаз айларында АҚШ-та жұмыс істеуге, ағылшын тілін жетілдіруге жол ашады. Ең бірінші Нью-Йоркке келдім, одан кейін Огайо штатына барып, сол жерде жұмыс істедім. Жұмысым да қызмет көрсету саласымен байланыс­ты еді. Бағдарламаның мерзімі аяқталған соң, бағымды сынап көрмекке АҚШ-тағы колледжге өтініш білдірдім. Сәті түсіп Калифорния штаты Сан-Франциско қала­сындағы City College of San Francisco колледжіне қабылдандым. Осылайша, АҚШ-та екінші дипломымды алдым. Мамандығым – жоба менеджменті.

– Қоныс аударғаныңызға неше жыл болды?

– АҚШ-та тұрып жатқаныма 3 жыл болды. Тынық мұхитының жанын­дағы Сан-Франциско қаласының тұрғы­нымын.

– Қай жерде жұмыс істейсіз? Қан­дай міндеттер жүктелген?

– Оқуымды тәмамдаған соң Salesforce компаниясында тағылымдамадан өттім. Тағылымдамадан кейін компания бизнес сарапшы ретінде жұмысқа тұруды ұсынды. Аталған компания расымен үз­дік­тердің бірі. Тұтынушылармен байланыс орнататын жүйелерді жасақтау­мен айналысады. Forbes, Fortune рейтинг­терінде бірінші орында. Сонымен қатар әлем бойынша ең үздік компания саналады. Қазір аталған компанияда бизнес аналист қызметін атқарамын. Нақты айтсам, мекемелердің, әсіресе мекеме басшыларының бизнеске қатысты мәселелерін зерттеп, олардың шешу жолдарын қарастырамыз. Бизнес сарапшы ретінде мәселені шешу, талаптарды саралау, оларды жақсарту, жақсы нәти­жеге қол жеткізу үшін ұсыныстарды іріктеймін. Жалпы, бұл салада жобалармен жұмыс, байланыс, ақпараттарды жинау, CRM, SAAS платформаларын білу маңызды. Оған қоса түрлі тех­ни­ка­лық жолдармен ақпараттарды өз ыңғайы­на бейімдей алу да басты талап­тардың бірі. Ең бастысы, ағылшын тілін жақсы білу керек.

– АҚШ-та қандай мамандар сұранысқа ие? Жақсы маманның бойында қандай қасиеттер болғаны жөн?

– АҚШ-та сенің кім емес, қандай маман екенің маңызды. Жобадағы мәселе­лерді қаншалықты дұрыс шешіп, түсіндіре алуыңызға баса көңіл бөледі. Ең ал­дымен өзіңіздің бағаңызды білуі­ңіз керек. Қолыңнан нақты не келеті­нін, тіпті әлсіз тұстарыңды да білген абзал. Мұнда адамдар өз қаржы-қабіле­тінен хабардар және білмейтін ісіне араласпағанды жөн санайды. Дегенмен әрқашан да білмегенін үйренуге тыры­сады. Жолым болады деп әр тол­қын­ға ілесе берген де жақсы емес. Нақ­ты нені қалайтыныңызды, не істей ала­ты­ны­ңызды білсеңіз ғана жолыңыз бол­мақ. АҚШ тынбай еңбек еткендерді мақсатына қауыштыратын ел деп санаймын. Әркімнің әр салада мықты болуға таласы бар. Сол жолда төгілген тердің ерте ме, кеш пе жемісін көресіз.

– Елде үйренген, оқығаныңыздың АҚШ-та пайдасы болды ма?

– Қазақстанда байланыс саласында оқығандықтан, бұл жақта оның аса қажеті болған жоқ. АҚШ-қа көшкен соң бәрін басынан бастадым. Дегенмен қай жақта болсақ та оқу, үйренуді жалғас­тырған абзал деп есептеймін. Мен үшін үздіксіз даму мен үйрену маңызды. Мұны анам бала кезімнен жиі айтатын. Ол 26 жыл бойы мектепте сабақ беріп келеді. Анам «Асыл арманыңа үздіксіз даму, ерінбей оқу арқылы ғана жетесің» дейтін. Арманыма жетуді де сол кісі үй­ретті. Мен де анамның сол ақылын іс жүзінде қолданып келемін.

– Арманыңызға бір қадам жақын­дағаныңызды сезінген күн, алғашқы күн есіңізде ме?

– Алғашқы сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір Сан-Францисконың өзінде миллионға жуық тұрғын бар. Әлемнің көптеген тілінде сөйлейтін түрлі ұлт өкілі бір жерде бас қосқан, көбі мен секілді арман қуып келген. Бәрі­нің ойында жақсы білім алып, үл­кен жетістіктерге жету. Әлбетте, алғаш келгендегі Аяжан мен қазіргі Аяжан – екі басқа адам. Кішкентай Арыс қалашығынан шыққан қыз мұндайды ойлай да алмайтын. Ал қазіргі саяхаттау мүмкіндігі, шетелдік достар, өзіңді жан-жақты дамыту барлығы өз қолымызда екеніне иландырады, өзіңнің бұдан да жақсы өмірге лайық екеніңе сенім мен қуат береді.

– Қандай қиындықтарды бастан кешірдіңіз?

– Алғаш келгенімде, әлбетте, қиын­дықтар болды. Ағылшын тілін жақ­сы білмейтінмін. Әсіресе жақындарым­­нан жырақта болу да қиын еді. Отбасым­нан алыста болғаныма үйренуге көп уақыт кетті. Жаңа мемлекетпен қоса, мәдение­тін, адамдарын танып-білуім керек болды. Дегенмен мұның бәрі пайдаға асты.

– Екі халықтан қандай ұқсастық немесе айырмашылық байқадыңыз?

– Біз өзімізді басқалармен салыстырып әлекпіз. Ал АҚШ-та өзіңнің кім еке­нің және нені қалайтының ғана ма­ңыз­­ды. Әркім өз шаруасымен беріле айна­лысатыны сонша, басқамен ісі жоқ, оған уақыты да жетпейді. Көбі «қайтсем бұдан да жақсы боламын» деген ойда. Бұл жақта отбасы құндылығы да бас­қаша қабылданады. Мұнда жал­ғыз­басты үлкен қарияларды жиі кездес­тіресің. Маған халықтың үнемі жақсыны ойлап, күлімдеп жүретіні ұнайды. Адам­дар қара­пайым, көмекке әзір, бос уақыт­тарын тиімді пайдалана алады.

– Нені үйрендіңіз?

– АҚШ мені өзіме жауап беруге, нені қалайтынымды түсінуге, ойымды ашық айтуға баулыды. Ойымды ашық жеткізу арқылы жасандылыққа жол бермеуге үйретті. Жақсы ойлауды да осында үйрендім. АҚШ-та өзіме ненің маңызды екенін де анықтай алдым, бос уақытымды бағалайтын болдым. Қазіргі жеткен жетістіктеріме алғысым шексіз. Мұнда әр адамның нық мақсаты болғандықтан, әрбір минутын тиімді пайдалануға тырысады. Бұл жақта жүріп үйімді, жақындарымды қадірлеуді үйрендім. Оған қоса «Өзіңе сен өзіңді алып шығар...» деп ұлы Абай айтпақшы, өзімді алып шығатын жалғыз өзім екенін де түйдім. Қазір бос уақытымды отбасыма арнауға тырысамын. Біз жақындарымыздың қадірін олардан алыстағанда ғана білеміз ғой. Бұл да осы жақта түйген ойларымның бірі. Өмір – өткінші, ертең не күтіп тұр­ғаны беймәлім. Ең бастысы, өзімнің қалауым­ды ашық, қорықпай айтуды, оған жетуді әдетке айналдырдым.

– Бизнес сарапшысы бос уақытын­да немен айналысады?

– Бос уақытымда АҚШ-тың штаттары мен қалаларын аралағанды ұната­мын. Мұндағы қалалар бір-біріне ұқса­май­ды. Әдеби кітаптар оқып, йогамен айналысқанды жаным сүйеді.

– АҚШ туралы арман қалай пайда болды?

– АҚШ туралы ойлар Голливуд фильмдерінен туды деп ойлаймын. Мұндағы жоғарғы технологиялар туралы естігенде елітесің, басқа қоғам да қызық болып тұрады ғой. Сондықтан АҚШ-та өмір сүрсем деген арман кез келген адамға тән сияқты. Егер сондай ойыңыз болса, өмірде бәрі мүмкін, әрбір тиімді пайдаланған уақытыңыз сізді арманыңызға жетелейді. Алып асулар кішкентай қадамнан басталады.

– Қазақстан туралы ойыңыз қандай?

– Қазақстанда жастардың дамуына мүмкіндіктер көп. Дегенмен ауылдағы ағайындарымыз ескерілмей қалатын секілді. Олардың қаражатынан бөлек, жақсы өмірге үміті де әлсіз сияқты көрі­неді. Әлі күнге шүкіршілігі басым, барға қанағат етіп, қиындыққа төзімділігі үлкен жетістіктерге жетуге қолбайлау болатын тәрізді. Үздіксіз дамуды жал­ғастыру үшін жастардың жалақысы да жақсы болуы керек. Олар еңбегінің еленетінін, кәсіпте жоғарылайтынын білсе, жұмыс өнімділігі де жоғары болар ма еді.

– Елге оралу жоспарда бар ма?

– Әзірге бұл сұрақтың жауабы бел­гісіз. Бар білетінім – менің әлі де бір орын­да тоқтамай самғағым келетіні. Ең бас­тысы, болашағым жарқын мемлекетте өмір сүргім келеді.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»