Медицина • 10 Желтоқсан, 2019

Туберкулез дерті екі сағатта анықталады

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Негізгі мақсат құрт ауруының алдын-алу және өлім-жітімді азайту. Ағымдағы жылдың 10 айында Ақмола облысында туберкулез дертінің таралу деңгейі 13,7 процентке  төмендеген. Өлім-жітім көрсеткіші  1,4 процентті құрап отыр. Сала мамандары өңірдегі дерттің таралу деңгейін саралап, емдеудің тың тәсілдерін қолданатындарын айтып отыр.    

Туберкулез  дерті  екі  сағатта  анықталады

Қазіргі уақытта туберкулезді зертхана әдісімен анықтау толықтай жетілдірілуде. Мысалы, туберкулез ауруы қоздырғышының дәріге сезімтал немесе төзімді екенін анықтау үшін бұрын 1-2 ай уақыт қажет болса, қазір G-Xpert ап­паратының көмегімен бұл сұрақтың жауабы небәрі 2 сағатта дайын болады. Озық инновациялық зертханалық технологиялар туберкулезді және көптеген дәрілерге төзімділікті жедел анықтауға мүмкіндік береді және соның нәтижесінде науқасқа қажетті ем уақытылы тағайын­далады.

–Біздің елде туберкулез дертімен күресуге серпін беріп отырған «Денсаулық» бағдарламасы бар. Эпидемиологиялық жағдайды бірқалыпты ұстап, таралу деңгейін төмендету мақсатында 2020 жылы 100 мың  адамға шаққанда  жаңа ауырғандардың саны 50-ден аспауы керек. Болашақта бұл дерттен көз жұматындар мүлдем болмауы керек,–дейді облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов.

Қазақстан Республикасының «Денсаулық» бағдарламасын  іске асыру кезеңінде  2016-2025 жылдарға арнап туберкулезді бақылаудың жаңа моделін қалыптастырған болатын. Модель бойынша  орталық қызметі бір арнаға тоғысып, аталған сала мамандарының жұмысын жеңілдеткен. Ақ халаттылардың жұмысы сараланып, әрқайсысына өзіндік міндет жүктелген. Тіпті сала мамандары енді науқастарды ұялы телефон яғни смартфон көмегімен қадағалап отыруға мүмкіндік алған. Үй жағдайында ем-дом алып жүрген науқастар  бейне байланысқа шығып дәріні қабылдау уақытында есеп беріп тұрады.     

–Туберкулездің алдын-алудың бірден бір жолы ол балаларға өмірге келісімен қойылатын екпелер. Ал есейе келе міндетті түрде дәрігердің тексеруінен өтіп тұру керек. Флюорографиялық тексеріс өте маңызды. Мемлекеттік және жекеменшік мекемелер бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Әйтсе де екпе жасатудан бас тартып жатқандар да бар. Ата-аналарға балаларына екпе жасатудан қорықпай, аурудың алдын алуға шақырамыз, дейді облыстық  бақылау және тауар қауіпсіздігі басқармасы жетекшісінің орынбасары Серік Омарханов.

Туберкулез дертін тегін емдеуге барлық жағдай жасалған. Туберкулезді жою үшін, қоғамның денсаулық сақтау жүктемесіне денсаулық сақтау қызметкерлерінің күші ғана емес, сонымен бірге бүкіл халықтың  жоғары белсенділігі, әлеуметтік міндеттемелері   қажет.