Руханият • 11 Желтоқсан, 2019

Күлкі керуені № 23

4074 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Күлкі керуені № 23

*Шетел әзілі

ТАРИХИ КҮН

Фабрика қақпасында қақайып отыратын күзетші шал цех жұмысшысы Миконы желкесінен түйгіштеп, директордың алдына дедектеткен күйі бір-ақ әкелді. Итерісе-жұлқыласып енген екеуіне бастық аң-таң. Күзетші шал бір қолымен ұстаған ұрысын шеңгелдей сығымдап, екіншісімен дорбадағы балалар бұт киімін стол үстіне үйе бастады.

— Жолдас директор, ұрыны ұстадық.  Шығар есікте шап бердік, бәлемді. Өзіміздің өнім, балалар калготкиі...

Қабағын қарс түйіп, қаһар шашудың орнына — директордың жанары жайнап, өңіне қан жүгіріп, істеп отырған ісін тастай-мастай:

— Не дейді? Қателесіп тұрған жоқпысыз? — деді де жүгіре басып күзетшінің қасына жетіп келді.

Күзетші шал Миконы нұқып:

— Сенбейсіз бе? Ұрлықшының өзінен сұраңыз. Сабаздың сазайын беру керек! — деп жатыр.

Ұры не десін: «Алғаным рас еді» деп мүсәпірсіп    міңгірледі.

Директор ұрыны құдасындай дереу құшақтап маңдайынан     мейірлене     сүйді...

Бұған аң-таң болып алақтаған күзетші жүрегін ұстап, жанындағы креслоға қисая кетті.

 Директор:

— Айтыңызшы, ағасы, — деді күзетшіге күлімсіреп, — фабрика өнімін ұрлап бара жатқан суыққолдарды соңғы рет  қашан ұстап едіңіз?..

— Ұмытпасам, сірә, екі жылдан асты-ау деймін...

— Көрдіңіз бе, ұры деп ұстаған Мико бүгін бізге қандай қуаныш әкеліп тұрғанын. Бұл, білесіз бе, біздің өнімге ел-жұрттың назары ауды деген сөз. Яғни өніміміздің сапасы артқаны... Сапасыз нәрсе кімге керек? Мұндай қуаныш үшін шампан атылсын! Қанеки, бәріңіз де столға жақындаңыздар! Бүгін тарихи күн! Өніміміздің сапасы жақсарғаны үшін, жолдастар!

Тарс!..

 

Петр ГОНКОВ