Қоғам • 12 Желтоқсан, 2019

Қоныс аударушыларды қолдау деңгейі қандай?

446 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қолға алынған 2017 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына 4894 адамы бар 1428 отбасы көшіп келген.

Қоныс аударушыларды қолдау деңгейі қандай?

Соның ішінде биыл 2117 адамы бар 709 отбасы келді. Облыстық Жұ­­мыс­­пен қамтуды үйлестіру және әлеумет­тік бағдарламалар басқар­ма­сы Оралмандар және ішкі қоныс аудару­шылар жұмысын жүр­гізу бөлі­мінің басшысы Алма Ах­метова алайда 323 адамы бар 81 отбасы қайта кө­шіп кеткенін айтты. «Негізгі себеп, ауа райының денсаулықтарына сәйкес­сіздігі болды. Әйтпесе біз белгілен­ген әлеуметтік жағдайлардың бәрін жасадық», деді ол.

Көшіп келушілер облыс­тағы 13 ауданға шашырай қо­ныстандырылуда. Ал Петропавл қаласы қабылда­майды, өйткені облыс орта­лығында тұрғын үй мәселесін шешу қиын
көрінеді.

Қоныс аударушылардың әрқай­сысының көшіп келу шы­ғыны үшін 88 мың теңгеден төлен­ген. Бұл – отбасы мүшеле­рінің әрқайсысына төленетін шығын.  Оның үстіне 2018 жылдан бас­тап көшіп келушілерге аудан өкілдері тауып берген үйлерін жалдау құны төленеді. Оның көлемі бір адамға 15 АЕК-тен басталады. Егер отбасындағы жандар көбірек болса, оның көлемі де өседі. Мысалы, төрт адамдық отбасына пәтер жалдау құны 18 АЕК болады. Бұл ай сайын осы отбасының пәтер жалдауына 45450 теңге төленеді деген сөз. Ол жылдың он екі ай бойы төленеді. Төрт адамы бар отбасы үшін бір жылда барлығы 545400 теңге төленеді деген сөз. Егер көшіп келуші ауылдан өзі үй тауып, сатып алуға ақша сұраса, бір жылдық жалдау ақысы тұтастай қолына беріледі.  Егер үйі бұл ақшадан арзан болса, артығы өзінде қалады. Қазір ауылдағы үйлер арзан екенін ескерсек, бұл ақша жақсы үй алуға емін-еркін жетеді. Ал бұдан қымбатқа алса, артығын өзі төлейді. Әрине бұл ақшаны алу үшін сатып алу келісімшарты
керек.

Оның үстіне көшіп келушіге үйінің қасындағы он сотық жер тегін беріледі, ал егер бизнеспен айналысқысы келсе, «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша оқуға жіберіледі. Банктен арнаулы микронесие алуына болады.

Былтырға дейін Солтүстік Қазақстан облысына келушілер осы көлемде ақша алып келген, ал былтыр барлық келушілер 414 отбасы болса, соның ішінде 253 отбасы ғана осы қаражатты алған. Қалғаны үй алмай, тек жалдауға алғандықтан, оларға ай сайынғы жалдау ақылары әлі төленуде.

Биыл көшіп келетін азаматтарға қанатқақты жоба бойынша арнаулы үйлер салынып жатыр. 2021 жылға дейін барлық аудандар бойынша 2142 үй салу белгіленген.  Cоның ішінде 428 үй  биыл салынуда. Біразы жылдың аяғына дейін берілмек. Бірақ үйлердің маңына қора-қопсы салу қарастырылмаған. Бұл үйлер көшіп келушілерге бес жылға жалға беріледі. Ай сайынғы жалдау құны 8-10 мың теңгенің аралығында болмақ. Ал бес жылдан кейін сатып алу құқы басталады. Егер сатып алуға ақшасы болмаса, тағы да он бес жылға жалдау келісімшарты ұзартылады. Бір үйдің бағасы – 7 миллион теңге.

Көшіп келушілерге жаңа үй салу мәселесін облыстық әкімдік көтеріп, кешенді бағдарламаға енгізген. Қазір қалаға немесе басқа жерлерге қоныс аударушылардың көбеюінен ауылдағы үйлер арзандап, сатылатын үйлер көбейіп жатса да әкімдік осындай шешімге барыпты. Біз мұның мәнісін сұрағанымызда, Алма Ахметова ондай үйлердің ескі екендігін немесе бірнеше жыл сатылмай тұрғандықтан ішінің құты кетіп, үлкен жөндеуді талап ететінін айтты.

 – Сондықтан, көшіп келушінің  көңіл-күйі бірден жақсы болу үшін жақсы үйлер ұсынылады. Сонымен қатар бұл үйлер тараудың алдындағы ауылдарға емес әлеуметтік ахуалы орташа немесе жоғары мекендерге салынады. Мұндай ауылдарда жол біршама дұрыс, мектеп бар, интернет қосылған, – деді ол.

Дегенмен өзіміз көрген бір келеңсіздіктер туралы да сұрадық. Мәселен, Есіл ауданындағы Спасовка деген ауылда осындай үш үй салу қолға алыныпты. Негізінен басқа ұлт өкілдері тұрған бұл ауыл тараудың аз-ақ алдында тұр. Мектептері жабылған. Ал осы ауылдан он екі шақырым жердегі қазақ ауылы мызғымай отыр. Мектебі де бар, оқуы ана тілінде жүргізіледі, онда тек жол мәселесі шешілмей тұр. Үйлерді осындай перспективасы бар мекенге салу керек емес пе еді деген сұрағымызға «бұл жергілікті әкімдіктің шешкені, мүмкін аталған ауылға да келесі жылдары үйлер салынар» деген жауап берілді.

Жалпы, облысқа келушілердің 70 пайызға жуығы түрлі жұмыстарға орналастырылған. Ал биыл келгендердің 51 пайызына жұмыс табылыпты. Олардың көбі ауыл шаруашылығына, ал мамандығы бар мұғалімдер мен дәрігерлер мектептер мен фельдшерлік тіректерге орналастырылған. Мал, жер телімін алып, бизнеспен айналысып жатқандары да бар екен. Биыл осы бағдарламаға бюджеттен 511 млн теңге бөлінген.

Жасыратыны жоқ, мемлекеттің бөлген ақшасын алып, артынан тайып тұратын да  жалған көшіп келушілер болуы мүмкін ғой. Сондықтан қаражаттың орынды жұмсалуын бақылау қандай дәрежеде екендігін де сұрадық. Сөйтсек, көшіп келетін жандар «Жұмыспен қамту» орталығымен әлеуметтік келісімге тұрады екен. Бұл келісім бір тармағы берілген ақшаны орнымен жұмсайтындығына міндеттеме жүктеген. Сонымен қатар қаражатты алып, кетіп қалғысы келсе, адам оны қайтаруға да міндеттеме алады. Ал міндеттемесін орындамаса  құқық қорғау органдарының қудалауына ұшырайды.

Қысқаша айтқанда, солтүстікке көшіп келушілердің бүгінгі жай-күйі осындай. Әрине, қытымыр қыс оларға құшағын аша қоймас, дегенмен осында келгелі ауа-райы жағып, денсаулығым түзеле бастады дейтіндер де жоқ емес. Ал жұмысқа қабылдаған шаруа қожалықтары көшіп келушілерге қамқорлық жасауға міндеттеме алады. Оларға мемлекеттен субсидия төленеді.

Міне, бүгінгі таңда көшіп келуші ағайындарға жасалып жатқан жәрдемнің ахуалы осындай.

 

Солтүстік Қазақстан облысы