1919 жылдың 21 ақпанынан РК(б)П мүшесi. Бөкей губаткомының делегаты ретiнде қазақ АССР құрылтай съезiне қатысқан. “Киргизская правда”, “Дұрыстық жолы” газеттерi мен “Мұғалiм” журналының алқа мүшесi болған.
1919 жылы Қазақстанда маңызды оқиғалар көп болды. Кеңес өкiметiнiң В.И.Ленин қол қойған декретi бойынша қазақ өлкесiн басқару жөнiндегi революциялық комитет құрылды. Осыған орай Кирревкомның баспасөз органын ашу мәселесi күн тәртiбiне қойылды да, 1919 жылғы 17 желтоқсанда өлке астанасы – Орынборда “Ұшқын” газетiнiң бiрiншi нөмiрi жарыққа шықты.
“Егемен Қазақстанның” (“Ұшқын”) алғашқы редакторының атын анықтап табуда кезiнде осы басылымда еңбек еткен, белгiлi журналист Тiлекқабыл Боранғалиұлы көп iздендi. Ол өзiнiң 1997 жылы 22 ақпан күнгi газетiмiзде жарияланған “Ұшқынның” редакторы болдым”... деген мақаласында Халел Есенбаев туралы тың деректер келтiредi. Орал архивiнен алынған ол құжатта Х.Есенбаевтың өз қолымен толтырылған анкета жауаптары мен 1919 жылдың қазан айында өткен Кирревком мәжiлiсiнен хаттама да бар. Автор жиналыс қаулысынан үзiндi келтiре отырып, “Ұшқын” газетiн басқару үшiн бес адамнан (Халел Есенбаев, Ешмұхамед Бегалиев, Тәмимдар Сафиев, Әмiрғали Меңешев, Бернияз Күлеев) алқа мүшесi сайланғанын жазады. Әйтсе де ең басты дәлел Х.Есенбаевтың 1923 жылы өзi толтырған анкета жауаптары болса керек. Онда былай деп жазылған: “Работал чл. редколлегии орг. Букгубисполкома “Киргизская правда”, “Дурустук жолы”, журнала “Мугалим” (“Учитель”), редактором органа Киркрай Ревкома “Ушкун” (“Искра”) – в 1918 и 1919 годах, орг. Букгубкома “Энбек” (“Труд”), перевел на киргизский язык Конституцию РСФСР и т.п.”
Журналист осы деректердi дәйектей келiп, “Егемен Қазақстанның” 20-30 жылдардағы редакторлары Т.Сафиев, Ә.Байдiлдин, Т.Жүргенов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов, О.Исаев, Б.Майлин, Ғ.Тоғжанов, Ғ.Мүсiрепов сынды белгiлi азаматтар едi. Бүгiн олардың қатарына Халел Есенбаевты қосқан жөн болар”, деп жазады. Бұл ұсынысқа бiз де қол көтеремiз.
Х.Есенбаев 30-шы жылдары Алматыдағы ағарту комиссариатында жауапты қызметте болған. Одан кейiн бiрсыпыра облыстық ағарту бөлiмiн басқарды. Бүкiлқазақстандық II Кеңестер съезiнде ҚАССР Орталық Атқару комитетiне мүшелiкке кандидат, ал 1936 жылы оның мүшесi болып сайланды. Ағарту комиссариаты басқармасын басқарды.
Х.Есенбаев 1938 жылғы саяси қуғын-сүргiннiң құрбаны болды.