Әкесi орта дәулеттi шаруа адамы болған көрiнедi. Молдағали ауыл молдасынан сауат ашып, Қарасудағы орыс-қазақ мектебiн үздiк бiтiрiп шығады. 1910 жылы Орынбор орыс-қазақ мұғалiмдер мектебiн тәмамдайды. 1910-1918 жылдары қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. “Айқап” журналына, “Қазақ” газетiне еңбекшi халықтың мұң-мүддесiн көздейтiн мақалалары жарық көрiп тұрды. Орал облысындағы Қазақ съезiн ұйымдастырушылардың бiрi болды. Осы басқосуда ауыл мұғалiмдерi тобының бейресми жетекшiлiгiне сайланды. Мұнан кейiн облыс қазақтарының Қаратөбеде өткен съезiне делегат болып қатысты. “Ақ жол” саяси ұйымына кiрдi.
Азамат соғысы басталған кезде ауылда болды. 1919 жылы Орал қаласына келiп, РК(б)П қатарына өтуге өтiнiш бердi. 1920 жылы Жымпиты уездiк ревкомының уақытша құрамына төрағалық еттi. Сол жылғы қазан айында Орал облысы делегациясының тiзiмiмен ҚАКСР ОАК мүшелiгiне кандидат боп бекiтiлдi. 1921 жылдың көктемiнен бастап РК(б)П Жымпиты уездiк комитетiнiң төрағасы, 1921-1922 жылдары Орал губерниялық атқару комитетi төрағасының орынбасары болып iстедi.
М.Жолдыбаев мұнан кейiн Орынборға қызметке шақырылып, ҚАКСР Халық ағарту комиссариатының ғылым, баспасөз және әдебиет iсiн басқаратын академиялық орталығының (Қазақстан Бiлiм ордасы) төрағасы болып тағайындалады. РК(б)П қазақ өлкелiк комитетiнiң баспасөз органы – “Еңбекшi қазақ” газетiн қазақ әдебиетiнiң белдi де беделдi жазушылары Бейiмбет Майлин мен Сәкен Сейфуллин кезек-кезек басқарып тұрған 20- жылдардың ортасына таман жауапты редакторлыққа келедi. Сөйтiп ол қаламы ұшқыр журналист ретiнде танылды, белсендi газет авторлары тобын тәрбиеледi. Олардың арасынан кейiн Т.Жүргенов секiлдi мемлекет қайраткерi, С.Мұқанов, Е.Алдоңғаров сияқты танымал қаламгерлер шықты.
М.Жолдыбаев 1927 жылдан бастап шыға бастаған ұлттық педагогикалық арнаулы басылым – “Жаңа мектеп” (“Қазақстан мектебi”) журналының алғашқы редакторы. 1933-1937 жылдары БК(б)П ОК жанындағы марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының қызметкерi. Осы жерде жүргенде бұрынғы Алаш қозғалысына қатысқаны үшiн “халық жауы” деген айыппен тұтқынға алынып, 1938 жылғы ақпан айында атылды.