Басылым басшылары • 16 Желтоқсан, 2019

Басылым басшылары - Тұрар РЫСҚҰЛОВ (04.1926-06.1926)

1363 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Верный уезiне қарасты Шығыс Талғар болысының (қазiргi Алматы облысы) түлегi. Әкесi Рысқұл Жылқайдаров 1904 жылы желтоқсанда патша үкiметiнiң зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшiн он жыл каторгалық жұмысқа кесiлiп, Сахалинге жер аударылады. Он жасар Тұрар да Верныйдағы түрмеде әкесiнiң  қасында болады.

Басылым басшылары - Тұрар РЫСҚҰЛОВ (04.1926-06.1926)

Жастайынан Тұрар жалшылықта жүрiп, байлардың малын бақты. 1907 жылы Қырғызбаев деген жалған тек алып Меркiдегi бұратаналарға арналған орысша-қазақша бастауыш мектепке түседi. 1910-1914 жылдары Бiшкектегi ауылшаруашылық мектебiнде оқиды. 1916 жылы Ташкенттегi мұғалiмдер институтына қабылданады. Бiрақ оны аяқтай алмайды. Қазақстан мен Орта Азияда ұлт-азаттық көтерiлiсi бұрқ ете қалып, Т.Рысқұлов соған белсене атсалысады. Әулиеатадағы көтерiлiстiң ұйымдастырушысы  ретiнде тұтқынға түседi. Одан құтылып шыққаннан кейiн де өзiнiң идеялық мақсатынан айнымайды.

1917-1918 жылдары Әулиеата уездiк Совдепi аткомының төрағасы болады. Одан әрi Түркiстан денсаулық сақтау халкомы, Түркiстан ОАК төрағасының орынбасары, төрағасы, РСФСР Ұлт iстерi комиссариатының қызметкерi, алқа мүшесi, халкомның екiншi орынбасары болып iстейдi.

1924-1926 жылдары Коминтерн АК Орта-Шығыс бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары, сонымен қатар 1924 жылдың ортасынан 1925 жылдың шiлдесiне дейiн Коминтерннiң Моңғолиядағы уәкiлi, 1926 жылы БК(б)П қа­зақ өлкелiк комитетi  баспасөз бөлiмiнiң меңгерушiсi және өлкелiк “Еңбекшi қазақ” газетiнiң жауапты редакторы қызметтерiн атқарды. 1926 жылдың  маусымынан  1937 жылдың шiлдесiне дейiн РСФР халкомсовы төрағасының орынбасары болып, репрессияға ұшырады.