Дәулеттi әке баласын әуелi өз ауылындағы молдаға берiп, одан кейiн Омбыдағы жоғары бастауыш училищеде оқытады. Ал 1916 жылы Чумикиннiң жекеменшiк гимназиясына ауысып, алтыншы сыныпты тәмамдайды. Мiне, осы кезден бастап Ғаббас қоғамдық-әлеуметтiк iстерге араласып, “Бiрлiк” және “Жас азамат” қауымдарының жұмысына белсене атсалысады.
Бұрынғы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi жанындағы Партия тарихы институтының, қазiргi республика Президентi мұражайында Ғаббас Тоғжановтың өз қолымен жазған толық өмiрбаяны сақталған. Онда Ғаббас “Мен 1918 жылға дейiн Омбы қаласында қазақ жастарының ұлт-азаттық қозғалысына қатыстым. 2-3 жылдай жиналыстарға қатысып, ұсақ тапсырмаларды орындап жүрдiм” (141-қор, 1313-iс, 309-бет) дейдi. С.Сейфуллиннiң “Тар жол, тайғақ кешуiнде” “жалпы қазақ жастарының съезiнде” Ғаббастың К.Кемеңгеров, С.Сәдуақасовтармен бiрге болғаны баяндалған (179-бет). “Бiр ескерте кетер жәйт, деп жазады профессор Тұрсынбек Кәкiшев, “өз кезеңiнiң перзентi” деген мақаласында (“Егемен Қазақстан”, 22 ақпан, 2000 жыл), Смағұл да 1900 жылы Сәдуақас байдың отбасында Жарқын ауылында туған түйдей құрдасы”. 1919 жылы Омбыда Кеңес өкiметi қайта орнағанда Ғаббас комсомол қатарына өтiп, РКСМ-ның Сiбiр бюросы жанындағы қазақ-татар секциясының хатшысы және қазақ жастарына арналған “Еңбекшiл жастар” газетiнiң редакторы қызметiн атқарады.
1920 жылы большевиктер партиясының мүшелiгiне қабылданады. 1920-1922 жылдары Петропавл қаласында Ақмоланың губерниялық төтенше комиссиясының (губчека) әуелi хатшысы, жалпы бөлiм бастығы, алқа мүшесi болды. Ақ бандылар көтерiлiсiн басқан кезде 1921 жылы аз ғана уақыт трибуналдың көшпелi сессиясының мүшесi де болған.
1922 жылдың күзiнде Ташкент қаласына келiп, Орта Азия университетiнiң қоғамдық бiлiмдер факультетiнiң бiрiншi курсына оқуға түседi де “Жас Алаш” (бұрынғы “Лениншiл жас”) газетiнiң жауапты редакторының орынбасары қызметiн қоса атқарады. 1923 жылдың басында Мәскеу қаласындағы Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтының Экономика факультетiне ауысып, оның екi курсын тәмамдайды. 1923-1924 жылдары институтта оқи жүрiп, Ұлттар iсi халық комиссариаты жанындағы Орталық Күншығыс баспасының қазақ секциясының хатшысы болады. Мәскеуде оқып жатқан қазақ студенттерiнiң жерлестiк ұйымының жұмысына белсене араласып, әдебиет, әлеумет мәселелерi туралы өзiнiң пiкiрлерiн сол кездегi қазақ тiлiнде Мәскеуде шыққан “Темiрқазық” журналына жазып отырған.
Ғ.Тоғжановтың идеялық-эстетикалық көзқарасының қалыптасуына РК(б)П Орталық Комитетiнiң баспасөз бөлiмiнiң нұсқаушысы болып (1924-1926 жылдары) iстеуi көп рөл атқарды. Осы кезеңде ашылған әдеби-мәдени басылымдардың (“Жаңа мектеп”, “Лениншiл жас”, “Әйел теңдiгi”) қалыптасуына да елеулi үлес қосты.
1926 жылдың екiншi жартысында өлкелiк партия комитетiнiң талабы бойынша ол республикаға қызметке ауысты. Өлкелiк комитеттiң баспасөз бөлiмiнiң меңгерушiсi (1926-1928 ж.ж.) және “Еңбекшi қазақ” газетiнiң жауапты редакторы (1925 – 1932 ж.ж.) мiндетiн қоса атқарды. Өлкелiк партия комитетiнiң мүшесi және өлкелiк комитет бюросының мүшелiгiне кандидат, Қазақстан Орталық атқару комитетiнiң мүшесi болып сайланды.
Ғ.Тоғжанов редактор болып тұрған тұста “Еңбекшi қазақ” газетiнде Жақан Сыздықов, Ғаббас Сыланов, Ғали Орманов, Бейсембай Кенжебаев, Жайық Бектұров, Жұмаш Еленов, Ахмет Елшiбеков, Құлмырза Өтепов, Зияш Алдабергенов, Қадыр Тайшықов, Несiпбай Манашев, Әйтеке Мусин, Қаскей Өтекин, Аманғали Сегiзбаев, Рахым Сүгiров, Зарап Темiрбеков, Шәймерден Тоқжiгiтов, Сейдiлда Төлешов сынды журналист-публицистер тәрбиеленiп шықты. Бұл – газет үшiн де, оның редакторы үшiн де үлкен абырой.
Ғ.Тоғжанов та 1937 жылғы қызыл қырғын құрбаны болды.