– Бұл кездейсоқ келе салған жүлде емес. Қазіргі таңда компания технологиялық қамту көрсеткіштері бойынша әлемдегі ең озық электр желілері компанияларының деңгейінде. Ең басты фактінің бірі – «KEGOC» компаниясының өндірістік процестерін цифрландыру жөніндегі жұмысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды платформасында айтылған «Заманауи, «ақылды» технологиялар енгізу арқылы энергетикалық жүйені модернизациялау» туралы тапсырмасын жүзеге асырумен тікелей байланысты.
Қазіргі таңда «KEGOC» АҚ энергетика саласына инновация енгізіп отырған басты драйверлердің бірі болып отыр. Өйткені компанияның болашақтағы дамуы халықаралық тәжірибе мен әлемдегі электр қуаты саласындағы негізгі трендтерді, атап айтсақ интеллектуалды жүйелерді (Smart Grid) танып-білуге негізделген.
Әлемдік қуат көзі «энергетикалық алмасу» деп аталатын жаңа кезеңге, яғни бұрынғы қуат көздерімен салыстырғанда, басты айырмашылығы – жаңғырмалы энергия көздері, шексіз ресурстарды (күн сәулесі, жел және басқа да энергияларды) пайдалана отырып, таза экологиялық жарыққа қол жеткізу кезеңіне ауысып жатқаны ескерілді.
– Интеллектуалды электр желілерін құрудағы негізгі мақсат қандай және ондай желілердің негізгі құрамдас бөлігі не?
– Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық желісінің (БЭЖ) Жүйелі операторы саналатын «KEGOC» АҚ-ның бұл жұмыстағы негізгі мақсаты оның орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
«KEGOC» АҚ «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Smart Grid элементтерін бірнеше жоба арқылы енгізіп жатыр. Атап айтсақ, бұл өтпелі процестерді мониторингтеу және басқару (WAMS/WACS) жүйесін енгізу, сонымен қатар «БЭЖ жұмысының режімдерін басқарудағы апатқа қарсы орталықтандырылған жүйе мен режімді автоматика жүйесін енгізу» жобалары. Соңғы жоба өз кезегінде екі құрамдас бөліктен тұрады – апатқа қарсы автоматиканың орталықтандырылған жүйесі (АҚАОЖ) және жиілік пен қуаттылықты автоматты түрде реттеу жүйесі (ЖҚАРЖ). Атап айтқанда, WAMS/WACS дегеніміз, бұл – энергия жүйесінің берік және тұрақты жұмысын қамтып, ерте ескертудің жетілдірілген технологиясы. WAMS құрамдас бөлігі – энергия жүйесінің әртүрлі нүктесіндегі жұмыс режімін қарқынды түрде мониторингтеу мақсатында энергия жүйесінің негізгі өлшемдерін уақыт бойынша аса дәл синхронды түрде өлшеуге негізделген өлшемнің кең аумақты жүйесі.
WACS болса – апаттың алдын алу үшін және онлайн режімде тұтынушылардың жарығын сөндіріп немесе генераторды қайта қосуға көмектесу үшін WAMS-тың векторлы өлшемдерін пайдаланатын кең аумақты басқару жүйесі. Оның үстіне WACS жүйесі энергия жүйесінде апат болғаннан кейін жекелеген аймақтарды (алғашқы мүмкіндіктен-ақ) автоматты түрде жарыққа қоса алады.
– Бақытжан Төлеуқажыұлы, бұл жобаларды жүзеге асыру қандай нәтиже беретінін қысқаша айтып бере аласыз ба?
– WAMS/WACS жобаларын жүзеге асырсақ, бірқатар қосалқы станса мен электр стансасынан түсетін ақпаратты WAMS өлшемі негізінде қайта өңдеуге болады. Қандай да бір олқылық табылса, электр режімі автоматты түрде рұқсат етілген шегіне түседі. Бұл еліміздегі БЭЖ жүйесінің беріктігін арттырып, апат кезінде тұтынушылардың жарығын өшіру фактілерінің санын азайтып қана қоймай, электр тарату желілеріндегі өткізу қуатын барынша мол пайдалануға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, WAMS/WACS жобалары енгізілгеннен кейін «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр өткізу желісінің қуатын шамамен 200 МВт-қа арттырады.
Апатқа қарсы автоматиканың орталықтандырылған жүйесін (АҚАОЖ) іске қосу Қазақстанның энергия жүйесіндегі апатқа қарсы процестерді адамның әрекетінсіз оқшау басқару режімін орталықтандырылған апатқа қарсы басқаруға ауыстыра отырып, осы шаққа орнатуға мүмкіндік береді. Яғни АҚАОЖ Қазақстанның БЭЖ жүйесін мүлде басқа деңгейге көтереді.
Жиілік пен қуаттылықты автоматты түрде реттеу жүйесі (ЖҚАРЖ) Қазақстанның БЭЖ мен Ресейдің БЭЖ шекарасындағы қуат сальдоларының өтуін жоспарлы мәліметтермен нөлге дейін теңестіру мақсатында процестердің мәліметін автоматтандырады. Бұл генерация мен тұтынудың жоспарлы балансынан ауытқуды азайтып, транзитті желілерді жоспардан тыс қуат ағындарын сақтайды.
Осы аталған жүйелерді жұмысқа қоса отырып, біз заманауи «ақылды» технологияларды енгізу арқылы Қазақстан Республикасының электр желілері жүйесін жаңғырту міндеттерін орындаймыз.
– Мен дұрыс түсінсем, бұл жобалар қазір жұмыс істеп тұрған электр желілері мен шағын стансаларда іске асып жатыр ғой. Ал жаңа энергия нысандарын іске қосуға дайындық қалай жүріп жатыр?
– Жалпы, «KEGOC» АҚ-на қарасты қазір жұмыс істеп тұрған немесе салынып жатқан энергия нысандарында Ұлттық электр тораптарының белсенді-бейімдеу жүйесін құруға қажетті элементтердің бәрі қазірден бастап енгізіліп жатыр. Менің айтып тұрғаным – релелік қорғаныс пен автоматиканың цифрлы құрылғылары (РЗА), диспетчерлік бақылау мен ақпарат жинау жүйесі (SCADA), сондай-ақ электр энергиясының коммерциялық есебінің автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ).
Дәл осы элементтерді қолдану арқылы бір жыл бұрын компанияның тарихындағы ең ірі жобалардың бірі – «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитінің 500 кВ ӘЖ құрылысы» (шығыс транзит) жүзеге асқан болатын. Бұл ел экономикасы үшін аса маңызды жоба, себебі жоғары вольтті желі Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылды. Телекөпір барысында «Шүлбі СЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма» бағытындағы 500 кВ жоғары вольтты желілері іске қосылған еді.
Төрт жыл ішінде, соның ішінде 2014 жылдан бастап 2018 жыл аралығында ұзындығы 1700 шақырымнан асатын жоғары вольтты желілер, жаңадан 500 кВ класты «Семей», «Ақтоғай» және «Талдықорған» үш шағын стансасы салынды. Онымен қоса заман талабын ескере отырып, қуаты 1150 кВ «Екібастұз» шағын стансасы, қуаты 500 кВ «Өскемен» шағын стансаларында ашық бөлу құрылғылары ашылды, сондай-ақ Шүлбі СЭС қуаты 220 кВ ашық бөлу құрылғысы іске қосылған болатын. Қуаты 500 кВ «Алма» шағын стансасы кеңейтіліп, қайта құрастырудан өтті.
Басқа да жобаларға тоқталар болсам, «Павлодар энергия түйінінің Қазақстанның Бірыңғай электр энергия жүйелерімен байланысын күшейту» атты жобаның аяқталғанын айта кетейін. Осы өңірді Қазақстанның БЭЖ байланыстырып тұрған қолда бар электр қуатын тарату жүйелеріне қосымша ретінде «Өнеркәсіптік» шағын стансасы мен «ЕЭЖ» АҚ (Еуроазиялық энергия корпорациясы) ортасынан қуаты 220 кВ болатын жаңа электр қуатын беру желісі салынды. Осы жұмыстар жалпы энергиямен қамтитын және энергия тарататын кәсіпорындарға Павлодар қаласы мен осы облыста жаңадан салынып жатқан өндірістерді қуатты электр жүйесімен қамтуға мүмкіндік берді.
Биыл «KEGOC» АҚ «Ұлттық электр желілерін жаңғырту 2 кезеңі» жобасының аясында Түлкібас шағын стансасы мен Бөрлі шағын стансасының арасындағы қуаты 220 кВ ауа желісінің құрылысын сәтті аяқтады. Бұл жоба Жамбыл және Түркістан энергия түйініндегі электр қуат арттыруда аса жоғары маңызға ие. Қуаты 220 кВ Түлкібас-Бөрлі ауа желісін жұмысқа енгізу арқылы 220 кВ қуатты Кентау-Қаратау және Шымкент-Жамбыл транзиті мен қуаты 500 кВ Л-5169 Шымкент-Жамбыл желісін жөндеуге жіберген кезде туындайтын қуат мәселесін шештік. Оның үстіне, бұл жобалар Қазақстан Республикасының оңтүстік өңіріндегі электр энергия қуатын арттырды.
Сонымен қатар бұл саладағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында жаңа электр нарығы іске қосылғанын атап өту керек. Жаңа электр нарығы электр энергиясының жалпы нарығын екі түрлі сегмент – электр энергия және электр қуаты нарықтарына бөлді.
Қуат нарығы «бірыңғай сатып алушы» моделіне негізделіп, жаңа электр нысандарын салуға және қазіргі қуат өндіруші нысандарды қайта жаңғыртуға қажетті қаражат тартуға айтарлықтай ықпал етіп отыр. Яғни елдің бірыңғай электр энергия желілеріндегі электр қуатына деген сұранысын қанағаттандыра алады.
– Бақытжан Төлеуқажыұлы, өзіңіз білетіндей, осы жылдың басында қуаттылық нарығымен бірге, Биллинг жүйесі іске қосылған. Оның ерекшелігі неде?
– Бұл жүйе «Жүйелі қызмет көрсету процестерін жетілдіру» жобасының аясында жүзеге асты. Осы жүйенің арқасында жүйелі қызметтерді автоматтандырып, бүкіл мәліметтерді цифрландыруға мүмкіндік туды. Бұл клиенттермен жұмыс істеу бағытын жетілдірудегі үлкен қадамның бірі десек болады. Енгізіліп жатқан өзгерістердің ауқымын алып қарасақ, біздің компанияның Биллинг жүйесін бірегей деп атауға негіз бар. Тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету есебінен, сондай-ақ өзара есептесу процедураларының жеделдігі мен ашықтығы есебінен Компания қызметінің тиімділігі әлдеқайда артты.
Біз бұл жүйе ішіндегі үш шағын жүйенің, атап айтсақ келісімшарттарды басқару, есеп және қаржы жүйелерінің жұмысына сараптама жүргіздік. Жаңа жүйеде келісімшарттардың реестірі жасалды, оған 2018-2019 жылдардағы 2 мыңнан аса (келісімшарт, қосымша келісімдер, келісімшарттардың қосымшалары) жазба енді. Ал есеп пен баланстардың мәліметтері негізінде 2019 жылдан бастап тұтынушыларға төлем жасау үшін 7 мыңнан аса электронды құжат берілді. Жаңа жүйені енгізудің негізгі пайдасының бірі – Компания тұтынушыларының көрсетілген қызмет сапасына қанағаттану деңгейі өсті.
KEGOC тұтынушылары компания жұмысындағы жағымды өзгерістерді, атап айтсақ мәліметтерді өңдеу уақыты азайғанын, бүкіл қажетті ақпараттарды, соның ішінде, төлем құжаттарын бір орталықтан алу мүмкіндігі пайда болғанын айтады. Бұдан өзге, тұтынушының жеке кабинеті арқылы, яғни, энергия нарығындағы 300-ге жуық субъект келісімшарттардың жай-күйі мен статистикалық ақпаратына, қаржылық құжаттарға қол жеткізіп, есептерді бақылай алады. Осылайша, KEGOC-пен өзара іс-әрекет орнатады. Осының нәтижесінде Биллинг жүйесіндегі операциялардың көбі бір тетік арқылы шешіледі, компания ішінде, филиалдар ішінде құжаттарды келісу автоматты түрде жүзеге асады. Тұтынушыларға қатысты да осындай мүмкіндік бар. Сондықтан қазір біз мониторингтеу мен есепке уақыт өлтірмейтінімізді айтпаса да түсінікті шығар деп ойлаймын. Ең бастысы, қазір қате жіберу тәуекелі барынша азайды.
– Биллинг жүйесін бұдан әрі дамытуға бола ма?
– Осы жылдың соңына дейін көлемдерді сәйкестендіру актілеріне, коммерциялық есеп құрылғыларын сәйкестендіру актілеріне электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қою тетігін енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни құжаттарға қағазда қол қойып, мөр басылмайды. Бұл жұмысымызды, әсіресе арнайы филиалдардағы қызметкерлердің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді, сондай-ақ поштамен хат жіберуге кететін шығынды азайтады. Сонымен қатар, келесі жылы электр қуаты нарығымен байланысты қосымша құрамдас бөлікті енгізу арқылы жүйенің қызметін кеңейту жоспарланып отыр.
– Бақытжан Төлеуқажыұлы, әңгімеміздің негізгі тақырыбына орала отырып, елімізде интеллектуалды энергия жүйесі қашан құрылатынын сұрағым келіп отыр?
– Интеллектуалды энергия жүйесін салу өте ауқымды міндет, ол айтарлықтай ресурстарды талап етеді. Дегенмен, ұзақмерзімді болашақта мемлекеттік деңгейдегі тиісті шешімдердің арқасында ол міндетті орындауға болады. Ол үшін еліміздің интеллектуалды энергетикасын дамыту туралы мемлекеттік тұжырымдаманы жазып, қабылдау керек. Бұл тұжырымдама әлемдегі озық тәжірибені ескеріп, интеллектуалды энергия жүйесінің мақсатты архитектурасына негізделуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»