Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2019

Нұрлан Кенжеахмет: Кеңгір-Тұра тарихта болған қала

5026 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өскемен маңында Кеңгір деген өзен болған.

Нұрлан Кенжеахмет: Кеңгір-Тұра тарихта болған қала

 Газетіміздің биылғы 23 мамырдағы нөмірінде жарық көрген «Мыңжылдық тарихы бар қала» атты мақалада Қытайда білім алған, бүгінде Германияда тұратын, Гумбольдт сыйлығының иегері, тарихшы Нұрлан Кенжеахмет «Өскемен 1757 жылдарға дейін Кеңгір-Тұра аталған» деген тың деректі айтқан еді.

нұрлан

Жақында алыста жүрген ғалыммен телефон арқылы сөйлесіп, Өскемен тарихына қатысты құнды мәліметтерге қанықтық.

– 1760 жылы сызылған көне картада Кеңгір-Тұра белгіленген дейсіз бе? Бұл жақсы дерек екен.

Қытайды 250 жыл билеген мәнжүрлердің Цяньлун деген патшасы 104 қола тақтаға 13 қатар етіп, ойып сыздырған карта 1760 жылы баспадан шыққан (Төменгі суретте). Қола тақта 1925 жылы Пекиндегі патша ордасынан табылған соң ғана ғылым әлеміне мәлім болған.

бейжің

Бұл картада Өскемен «Орыс Кеңгір-Тұра», Семей «Орыс Сэмболат», яғни бұл қалалар орыстың иелігінде деген мағынада жазылған. Картадан Өскеменге жақын маңда орналасқан Аблай-кит қорғанын және Шар өзенін де көруге болады. Кеңгір-Тұраның алдына орыс дегенді қосқаны Кеңгір-Тұра тарихына әсер етпейді. Қытайлар жоңғарлардан парықтау үшін осы сөзді қосқан. Жалпы, бұл карта сызылмас бұрын Пекинге Франциядан ғалымдар шақырылған. Содан кейін оларды батысқа, яғни қазіргі қазақ даласына жіберген. Олар орыстардан да, жергілікті қазақтардан да мәліметтер алып, Пекинге барып, осы картаны ең әуелі мәнжүр тілінде сызған. Яғни, 1760 жылы бұл карта мәнжүр және қытай тілдерінде жарық көрген. Жалпы бұл карта архивте көп жыл құпия сақталған. Осы картаның түпнұсқасы 1966 жылы Тайваньда басылып шыққан. Менің қолымдағысы сол Тайваньдағы баспасы. Мұнда жалғыз Кеңгір-Тұра емес, Түркияға дейінгі жер аттары сызылған. Бұл картада Теке, Үйшік, Алимату, Аманқарағай қалалары да көрсетілген. Теке дегеніңіз Орал, Үйшігіңіз Атырау, Алимату Алматы, Аманқарағай Құсмұрын.  

– Нұрлан Кенжеахметұлы, сіз Мұхан Исаханұлымен сұхбатыңызда «Цяньлунь нэйфу юйту» («Цяньлун патшаның орда картасы», 1769 жылы сызылған) картасында Кеңгір-Тұра Ертіс өзені жағасында деп көрсетілгендігін және Қытай ғалымы Тан Цисян құрастырған «Қытайдың тарихи атласының» VІІІ томында Кеңгір-Тұраны Өскемен қаласы деп ескерткендігін айтасыз.

Кеңгір Тұра қаласы туралы қытай деректерінде нақты айтылады. ХVІІІ ғасырдағы қытай деректеріне талдау жасасақ, Кеңгір-Тұраның қазіргі Өскемен қаласы екенін білеміз. 1757 жылы Әмірсананың ізіне түскен Цин генералы Шуньдэна өзінің мәлімдемесінде былай жазады: «Цянлун жылнамасының 22 жылы 6-айдың 16-күні (1757 жылы) Эсюньчоцюетэ тауынан асып, Та-эргунь өзеніне жеттік. Осы арадан қарақшылардың (Әмірсананы меңзейді – Н.К.) із-дерегін білдік. Келесі күні орыс территориясындағы Кеңгер-Тұра қаласына барып, адам жіберіп жайымызды хабарладық. 18-күні орыс капитаны Ертіс бойына келіп, бізбен кездесті». Осы арадағы Та-эргунь өзені Ұлан ауданы жеріндегі Тарғын өзені. Оның пікірін басқа ғалымдар да құптайды. «Сиюй шуйдао цзи» кітабының V цзюаньында Ертіс өзені туралы: «Талигунь (Тарғын өзені – Н.К.) өзені (Ертіс өзеніне) батыстан қосылады, ... (осыдан соң) Ертіс өзені солтүстік шығысқа қарай ағады да, Кэнгэ-эр туланың шығысын жанай өтеді. Кеңгір Тұра орыстың шағын қаласы... Одан тағы солтүстік шығысқа қарай ағып, Сэнболотэ қаласынан (Семпалат, қазіргі Семей – Н.К.) өтеді» деп жазылған.

– Сонда Өскемен Кеңгір-Тұра, Семей Сэнболотэ деп аталған болды ғой бұрын.

Кеңгір-Тұра тарихта болған қала. Қазір ұмытылғанымен, кезінде атағы жайылған шаһар. Бұған күмән келтіруге болмайды. Қытайдың Әмірсананы қуып келген әскерлерінің қолбасшысының «Кеңгір Тұра орыстың шағын қаласы» деп суреттеуіне қарағанда Кеңгір-Тұра орыстар бекініс салғаннан кейін де Кеңгір-Тұра деп аталған сияқты. Ол кезде Өскемен деп аталмаған болуы мүмкін. Ал Семейге келсек, Семей көне түркі тіліндегі сүме сөзінен шыққан деп айтылып жүр. Сүме пұтхана деген мағынаны білдіреді. Орыстар Сэнболотэні Семпалат деп өзгерте салуы мүмкін. Болот қала, сэн сүменің  қысқартылған мағынасы болу мүмкін. Ол жерде кезінде түркілер әртүрлі дінге сенді ғой. Сонда Сэнболотэ храмды қала, пұтханалар шаһары дегенге келеді. Башқұрттың белгілі қоғам қайраткері Зәки Уәлиди 1941 жылғы картасында Семейді Жеті там деп атаған. Мен сізге Өскемен тарихына қатысты тағы бір дерек айтайын. Кезінде Өскеменнің маңында Кеңгір деген өзен болған. 

– Кеңгір деген өзен болған дейсіз бе? Мұндай деректі алғаш рет естуім.

Бұл дерек Ренат картасында бар. Ренат Юхан Густав деген шведтің әскери қызметкері 1716-1733 жылдары жоңғарлардың тұтқынында болған кезінде осы картаны сызған дейді. Жалпы, Ренат  Жоңғария мен Шығыс Түркістанның картасын жасаған алғашқы еуропалық. Бір ғажабы, бұл көне карта қазір Швецияда сақтаулы.

кеңгір

Айтайын дегенім, осы картада Шығыс Қазақстандағы бірқатар жер-су аттары берілген. Картаға мұқият қарасаңыз, Шүлбі, Үлбі және Бұқтырма өзендерінің ортасында Кеңгер, яғни, Кеңгір деген жазуды көресіз. Демек, Өскемен маңында Кеңгір деген өзен болған. (Жоғарыдағы суретте) Бәлкім, тартылып кеткен, бәлкім, үйінді астында қалған. Осы Ренат картасын зерттеген Алексей Макшеев деген орыс ғалымы Кеңгір өзені Үлбі өзені болуы мүмкін деп жазыпты. Бірақ картада Үлбі Кеңгірдің жоғары жағында тұр. Бұл карта ағылшын саяхатшысы Джон Бадделидің «Ресей, Моңғолия және Қытай» деп аталатын екі томдық монографиясына да енген. 1830 жылы сызылған Клапрот картасында да Семей маңындағы жер-су аттары бар. Осы картада Жетісу аймағының елді мекендері, тайпалары тайға таңба басқандай жазылған. Мысалы, картада жалайырлар, шапыраштылар, матайлар, ақ наймандар қазіргі орнында орналастырылған.

Елімізде Кеңгір ауылы, Кеңгір өзені деген секілді жер-су атаулары бар екенін білеміз. Ал тұра сөзінің мағынасын көп жұрт біле бермейді. Тұра сөзінің мағынасы қандай?

 – Тұра деген сөз көне түркі тілінде қорған, қалашық деген мағынаны білдіреді. Осман түріктері тілінде мұнара, бекініс, төртбұрышты ағаш немесе тас құрылыс, ал Сібірдегі хакас, шор қатарлы түркі тілдес ұлттар тілінде қала, төртбұрышты үй деген мағына береді. Жалпы, Ертіс өзені сағасындағы қала аттарының соңында тұра сөзі қосарлана жүреді. Тұра туралы түсініктеме қытайдың XVI ғасырда жазылған «Сучжэнь хуа-и чжи» атты географиялық еңбегінде: «Қоңыраулы мұнара қаланың солтүстік батыс бұрышындағы Цзюшэнсы монастырында. Айтуларға қарағанда, осы монастырь ежелгі Батыс Өлкедегі Тұра екен» деген дерек бар. «Мин ши» кітабында: «Тура (Тула) қытай тілінде Датай (үлкен текшелі ғимарат) деген мағына береді» делінген. XIV ғасыр соңында Батыс Сібірдегі Тобыл өзенінің бір саласы Тұра өзенінің бойында Чинги-Тұра немесе Чимги-Тұра қаласын астана еткен Шайбан әулетінің билігі орнады. Аталмыш өзен қаланың атымен Тұра өзені деп аталды. Алтын орда билік еткен тұста Барабин ойпатындағы Омь өзені алқабында Чинги-Тұра (Тюмень), Қызыл-Тұра (Краснояр), Зубар-Тұра, Кысым-Тұра (орысша Девичий город, осы аттас қаладан екеуі бар: бірі Вагайдың Ертіске құяр сағасында, енді бірі Искер қаласының маңында), Жанги-Тұра, Сібір (Искер немесе Қашлық) және Тон-Тұра (Томск), сондай-ақ Аба-Тұра (қазіргі Ресейдегі Кузнецк), Қызылжар-Тұра қалаларының болғандығы мәлім.

– Нұрлан Кенжеахметұлы, сіз көптен бері көне карталарды зерттеп келесіз. Осы карталарды академиялық тұрғыдан зерттеу ойыңызда бар ма?

Үш-төрт жыл бұрын ірі жоба жасап, Білім министрлігіне ұсынғанмын. Өкінішке қарай, олар жобамды түсінбеді ме, кері кайтарды. Бір қызығы, менің жобамнан кейін Қазақстанның киелі жерлерін зерттеу бағдарламасы басталды. Ғылым жолы ауыр жол, ол - кейінгі ұрпаққа рухани байлық жинау жолы. Өкініштісі, еліміз маңызы жоқ, бір мезеттік мән-мағынасыз конференцияларға ақша аямайды. Ал мемлекеттік маңызы бар ғылыми жобаларға келгенде сараңдық танытады. Мысалы, 17-19 ғасырлардағы орыс-батыс, еуропалық карталарда қазақ даласының жер аттары орысша аталады, ал осы тұстағы шығыс карталарында (мәнжүр-қытай, жоңғар) қазақ жерлері қазақша аталады. Шоқан еңбектеріндегі қазақ жерлеріне сәйкес келеді. Жер атауларында тарих сақталған. Оған нағыз, өз ісіне берілген білікті мамандар керек, әлемдік ғылымды дәйекті ғылыми тұжырымдармен мойындату керек. Жер аттарының тарихын дәлелдеу тарихи картографиялық, этимологиялық, археологиялық дәлелдерді қажет етеді. Германияның Гумбольдт қоры 13-17 ғасырлар аралығындағы Еуразияның тарихи географиясы туралы академиялық зерттеулеріме жақсы қолдау көрсетті. Ал осы еңбегімнің жалғасын (18-19 ғғ.) өз елімде зерттейін деп министрлікке өтініш берген едім, жобам өтпей қалды. Жобамды қараған «мамандар» қазақ тарихы үшін маңызы жоқ деген уәж айтқан секілді. Десек те, менің ғылыми жұмыстарымды қолдап, қуаттаған Бердібек Сапарбаев сияқты ел ағаларына, академик Тұяқбай Рысбековке алғысым шексіз.

– Құнды деректерге толы сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз.

– Әңгімелескен – Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»  

 

ӨСКЕМЕН