Парламент • 23 Желтоқсан, 2019

Ел игілігін көздейтін құжаттар қабылданды

105 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Палатаның кезекті отырысында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісім, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және басқа да бірқатар мәселе талқыланды.

Ел игілігін көздейтін құжаттар қабылданды

 

ЕАЭО-ға мүше мемлекет­тердің қаржы нарығы саласын­дағы заңнамасын үйлестіру тура­лы келісімді Ұлттық банк төр­ағасының орынбасары Ес­жан Біртанов таныстырды. Ол өз сөзінде құжатты ратификациялау банк, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығында қызмет көрсету секторларында қызмет түрлерін жүзеге асы­­­руға арналған лицензия­ларды өзара мойындауды қам­­тамасыз етуге ықпал ете­тінін, сондай-ақ одаққа мүше мем­лекеттердің қаржы нарық­та­рына кемсітусіз қол жеткізуге мүм­кіндік беретінін атап өтті.

Қаржы және бюджет коми­тетінің төрағасы Ольга Пере­печина Келісімнің маңызына тоқтала келіп, оның Қазақстан эко­номикасын әлемдік на­рық­­­тардағы жағымсыз үде­рістерден қорғауды күшей­те­тінін жеткізді. «Одан басқа, бұл қаржы қызметтеріне қол­же­тімділікті арттыруға, әкім­шілік кедергілерді төмен­де­туге, отандық қызмет көрсе­ту­­шілердің бәсекеге қабілет­ті­лі­гін арттыруға әкеледі», деді сенатор.

Талқылауға қатысқан сенатор Еділ Мамытбеков Келісім­де белгіленген мерзім нор­ма­тивтік-құқықтық база мен қаржы нарығы құралдарын үй­лестіруге жету-жетпеуіне орай алаңдаушылық біл­дір­ді. «Отандық мекемелер­ден әлдеқайда күшті ресейлік жә­не шетелдік жай ғана банк­тер мен өзге де қаржы ме­ке­­мелері ғана емес, қар­жы тех­­нологиясындағы инно­ва­ция­­лық құралдарымен қару­ланған ұйымдар келетін болады. Егер біз қайта лайықталып үл­гермей қалсақ, олар одақ­тың жалпы қаржы нарығы туралы айтпағанда, біздің қар­жы алаңымыздағы бәсекеге қа­білетті отандық несиелік және өзге де мекемелерге мүм­кіндік қалдырмайды», деді сенатор.

Парламент Сенатының Төр­ағасы Д.Назарбаева сенатор­дың сақтануымен келісе оты­рып, «қаржы қызметін тұты­нушыларға бәсекелестік пайдасын тигізетінін, «отандық банк­­­терді ілгерілеуге мәжбүр­лейтінін» атап өтті.

Одан әрі сенаторлар «Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарады.

Мәжілісте мақұлданған заң жобасын таныстырған Әділет министрі Марат Бекетаев әкім­шілік құқық бұзушылықтар туралы заңнаманы ізгілендіру мәселесіне тоқталды. Минис­трдің сөзіне қарағанда, реттеуші органдардың ұстанымына сәй­кес, әкiмшiлiк құқық бұзу­шы­лықтардың кейбірін азамат­тық немесе тәртiптiк iс жүргiзу ар­қылы қарауға болады.

«Қазіргі уақытта, мемле­кет­­тiк органдардың бақылау-қа­дағалау функцияларын оң­тайландыру және оларды ав­­­то­маттандыру сияқты іс-ша­­­­ралар орындалуда. Сон­дай-ақ әкімшілік құқық бұ­зу­шы­­­лық санкцияларына жүр­­гізілген талдау оларды әкім­шілік жауапкершілікті одан әрі ізгілендіру шеңберінде же­­­ңіл­детуге және төмендетуге мүм­кіндік бар екенін көрсетті. Осыған орай мемлекеттік ор­гандардың және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары не­гізінде және статистикалық де­ректерді ескере отырып, заң жобасымен 38 құрам бойынша ізгілендіру ұсынылады», деді министр.

Заң жобасының бірінші оқылымында министр сена­торларға кейбір әкімшілік жазалау құзыретін соттан уә­­кілетті органдарға беруді ұсын­ды. Оның айтуынша, рұқ­саттан айыру немесе оның қол­данылуын тоқтату, қызметті тоқтату немесе тыйым салуды көздейтін жекелеген әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарауды уәкілетті органдардың құзы­ретіне беруге болады.

Министрдің пайымдауынша, бұл бағыттағы қадам тұл­ғалардың сот органдарына дау­сыз істер бойынша жүгіну қажеттілігін алып тастаумен қатар мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырмақ.

Қосымша баяндама жа­саған сенатор Андрей Лукин азаматтардың демалу құқығын қорғауды қамтамасыз ету үшін заң жобасында тыныштықты бұзғаны үшін, сондай-ақ ӘҚБтК-нің 437-бабында көз­­дел­ген ережені қайта бұз­ғаны үшін жауапкершілікті қа­­таңдату қарастырылғанын атап өтті.

Сенаторлар ұсынған өз­ге­рістер әкімшілік құқық бұ­зушылық туралы істерді қа­рауға уәкілетті органдардағы лауазымды адамдардың құ­зы­­ретін нақтылауға және жа­за қолдануға, заң жобасын қолданыстағы заңнамаға, заң техникасы қағидаларына сәй­кес келтіруге және заң жобасы ережелерінің мәтіндерін нақ­тылауға бағытталған. Заң жобасы сенаторлардың тү­зе­­тулерімен Мәжіліске жі­бе­рілді.

Мәдениет және спорт ми­нис­трінің міндетін атқару­шы Нұрқиса Дәуешов отырыс­та «Тарихи-мәдени мұра объек­тілерін қорғау және пай­да­лану» және «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне тарихи-мә­дени мұра мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстырды. Оның айтуынша, тариxи-мәдени мұра объектілерін анықтау мен есептеу мәселелері бір жү­йеге келтірілген. Бүгінгі күні заңға сәйкес арxеология ескерт­кіштері оларды тап­қан сәттен бастап автоматты түрде тариx және мәдениет ескерткіштері саналады. Дегенмен арxеология ескерткіштерін толық зерттемей, тариx және мәдениет ескерткіштерінің қатарына бірден қосу мақсатсыз екенін атап өтті.

«Заң жобаларында та­риx және мәдениет ес­керт­­кіштерінің түрлері ке­ңей­тілген. Мәсе­лен, Мемлекет бас­­шысының «Руxани жаң­ғыру» бағдар­ламалық мақа­ла­­сында айқын­далған мін­деттерді тиімді жү­­зеге асыру үшін «Киелі объек­­тілер» жеке блокқа бө­лінді. Бұл объек­тілердің бә­ріне бір­дей қор­ғаудың айрық­ша режімі қолданылады. Сон­дай-ақ объектілердің айрықша түрі ретінде мону­ментальдық өнер құры­лысы бөлек шығарылды. Мұндай тәсіл, тариxи-мәдени мұра объектілерінің көркемдік құндылығына, сапасына және сақталуына өз әсерін тигізетіні анық», деді Нұрқиса Дәуешов.

«Сондай-ақ бастапқы есеп­­­ке алу тізіміне енгізілген объектілер сол тізімде ұзақ мер­зім бойы тіркеліп тұрға­нымен, олардың басым көп­шілігіне қатысты жылдар бойы ешқандай шара қол­дан­байтын үрдіс барлық жер­гілікті жерде орын алған. Осындай келеңсіз жайттарды бол­­дырмау үшін табылған арxео­логиялық объектілерді міндетті түрде басқа да объек­тілермен бірдей алдын ала есеп­ке алу тізіміне енгізу қа­рас­тырылып отыр. Сонымен қатар жалпы бұл тізімде болатын мерзім белгіленді (3 жыл­ға дейін, кей жағдайларда 5 жылға дейін). Алдын ала есепке алу тізіміндегі объектіге ескерткіш мәртебесін беру немесе оны тізімнен алып тас­тау туралы шешімді қосымша тариxи-мәдени сараптаманың қорытындысы негізінде жер­гілікті атқарушы органдар қа­былдайды», деді ол.

Сенаторлардың дауыс бе­ру нәтижесінде «Тарихи-мә­дени мұра объектілерін қорғау және пайдалану», «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобалары қабылданды.

Сонымен бірге Сенат отырысында «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне темір жол көлігі мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.