Медицина • 23 Желтоқсан, 2019

Суықтап қалудың салдары

610 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық коммуникация қызметінің алаңында Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин тұмаудан сақтануға және аурудың салдарымен күрес жайы туралы әңгімеледі.

Суықтап қалудың салдары

Елімізде жыл сайын жіті респи­ра­тор­лық аурулар мен тұмаудың 1 миллионға дейін жағдайлары тіркеледі. Яғни эпи­де­мио­логиялық маусымда халықтың 10 және одан жоғары пайызы ЖРВИ және тұмау­мен ауырады. ДДҰ деректері бо­йынша, алдағы 2019-2020 жылғы мау­сымда тұмау вирусының төрт штамы – A (H1N1) – Брисбен, A (H3N2) – Кансас, B – Колорадо, сондай-ақ В – Пхукет өзекті болады. Спикер биыл 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы жаппай иммундау науқан басталғанын жеткізді. Әрине жұртшылықты жаппай иммундау мүмкін емес, сондықтан да халықтың неғұрлым осал топтары, (созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен, иммун тапшылығымен ауыратын балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, меди­цина қызметкерлері және екінші, үшінші триместріндегі жүкті әйелдер) яғни халықтың 10%-ы егілгенін айтқан бас санитар тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі ретінде вакцинациялауды алға тартты.

Алайда, тұмауға қарсы тұру үшін жалпы қандай да бір инфекцияның таралуын шектеуде уақытында екпе алудың маңызын түсінбейтіндердің арамызда бар екені өкіндіреді. Мысалы, еліміздің батыс өңіріндегі облыстар мен Түркістан облысында екпеден қашу өзге өңірлерге қарағанда жоғары екенін айтқан Ж.Бекшин түсіндіру жұмыстары арқылы биыл бұл санаттағылар санының азайғанына тоқталды. Дегенмен бұл үрдістің сақталуы қоғамымызды ойландыруы тиіс. Екпе алған адам тіпті тұмау вирусын жұқтырған жағдайда да аурудың ауыр өтуінен және одан әрі асқынуынан құтылатыны белгілі. Осыны ойлаған Үкімет жыл сайын халықтың 10%-ын тұмауға қарсы вакцинациялап, биыл 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымға бюджет қаражатынан 1 млрд 600 млн теңгеден астам сомаға Ресей Федерациясында өндірілген, құрамында алдағы маусымның штамдары бар «Гриппол плюс» вакцинасының 1,8 млн дозасын сатып алған.

Журналистермен жүздесуде бас сани­тар вакци­на­циялаудан басқа тұмау­дың және басқа да респираторлық инфек­циялардың алдын алудың спе­ци­­фикалық емес тәсілдеріне де тоқ­тал­ды. Бұл – көпшілік жиналатын жер­лерге, әсіресе жабық үй-жай­лар­ға (кинотеатрларға, балалар ертең­гі­лік­те­ріне) баруды шектеуді, бөлмелерді жиі желдетуді, иммундық түзетуші препараттарды (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), гомео­патиялық препараттарды, оксолин, антивир тәрізді жақпамайларды қол­дану, поливитаминдерді, әсіресе лимон, итмұрын, қара қарақат, анар, тұздалып ашытылған қырыққабат тәрізді С витаминіне бай тағамдар мен кешкі ас уақытында сарымсақ пен пиязды көбірек тұтынуды ұсынды. Сондай-ақ зүмбір­дің де иммунитетті нығайтуға және тұ­мау­мен ауырудың алдын алуға көмек­тесе­тінін, қолды мұқият жуып, науқас адаммен қарым-қатынасты шектеп, өзін өзі емдеумен айналыспау ке­рек­тігін де еске салды. Өйткені әшейін тұмау ғой деп елемей өзін өзі емдеудің аяғы көбі­не гайморит, отит, бронхит, трахеит, сину­сит, пиелонефрит, цис­тит, миокар­дит, т.б. тәрізді елеулі асқынуларға алып ке­ле­ді.

Жыл басынан бері 55 мың асқынған респираторлық инфекция тіркелген. «Биыл тұмауды тіркеу бір ай бұрын басталды. Тұмаудың 11 оқиғасын анықтап, лабораторияда растап, қандай штам екені нақтыланды. Халықты вакцина алуға шақырамын. Өйткені вакцина 2500-3500 теңге тұрады. Асқынбаған жағдай болса да 10-15 мың теңге жұмсаймыз. Стационарда 40 мың теңге, асқынған болса емдеуге 130 мың теңгедей қаражат жұмсалады. Сондықтан ауырғаннан гөрі сақтану арзанға түседі. Біздің міндетіміз – ауру­лар туралы ескерту, ақпараттандыру. Қай жерде вакци­нациялауға болатыны туралы ақпа­рат­ты аумақтық органдардан алуға бо­лады», деді бас санитар дәрігер. Жан­дарбек Бекшин ел аумағында тұмау­дан өзге көптеген инфекцияның түр­лері бойынша эпидемиологиялық жағ­дайдың тұрақтылығынан да хабардар етті. Атап айтқанда, былтырмен салыстырғанда 28 инфекциялық ауру түрі төмендеген. Халық арасында сары ауру аталатын «Гепатит А»
42%-ға, менигококк инфекциясы 36%-ға төмендеген. Туберкулез жылдан-жылға азайып, 7-8%-ға төмендеуімен 2018 жылы Қазақстан бірінші рет эпидемия зонасынан шықты. Мәселен, 2018 жылы 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 48 болған.