Экономика • 23 Желтоқсан, 2019

Цифрландыру экономикалық өсімге жол ашты

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа технологиялар ұлттық экономиканың артуына қолғабыс етуде. Мәселен, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» трансформация бағдарламасын жүзеге асыру арқылы пайда көлемін 86 млрд теңгеге арттыруды көздемек. Ақпараттық технологиялардың осы және өзге де игіліктері жайлы Digital Samruk-2019 конференциясында айтылды.

Цифрландыру экономикалық өсімге жол ашты

«Цифрлы трансформация: ел экономикасының өсу нүктелері» – конференцияның отырысына осы тақырып ар­қау болды. «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ» АҚ басқарма төр­ағасы Ахмет­жан Есімовтің ай­туынша, қор цифр­лы трансформация бағдар­ламасының нәтижесінде нақ­ты жобаларды жүзеге асыру ар­қылы соңғы екі жылда пай­да көлемін 86 млрд теңгеге жет­кізбек.

– Бұл тек тікелей пайда. Биыл 11 айдың қорытындысына сәйкес қордың тобындағы ком­паниялардың таза табысы шамамен 1 трлн 150 млрд теңгені құрады. Бір жылдың ішінде Үкіметке түскен дивидендтер көлемі 2 есеге, ақшалай түрде 5 есеге артты, – деді А.Есімов.

Басқарма төрағасы негізгі көрсеткіштерді, оның ішінде трансформацияны жүзеге асы­ру есебінен жақсартуды жал­ғастыратынын атап өтті.

2018 жылы жаңа топ-ме­недж­­менттің келуімен 2014 жы­лы бекітілген трансформация бағдарламасы қайта қара­лып, өндірістік бизнес-процестерді цифрландыруға назар аудара отырып, өзектілігін арттырды. Қор жаңа IT технологияларын әзірлеу мен енгізуді көздейтін нақты мақсаттармен цифрлы трансформацияға көшті.

– Біз IT саласындағы жаңа жобалар топтамасын түбегейлі қайта қарадық. Ауқымды IT аудит жүргізілді. Нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 60 млрд теңгеге тиімділік тұрғысынан кү­мәнді жобаларды іске асы­руға арналған шығыстар оң­тай­­ландырылды. Биыл тіке­лей пайда 2,5 млрд теңгені құрайды. Қазақ­стан темір жолы «мобиль­ді диагностикалық кешендерді енгізу» жобасын табысты жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде жол диагностикасын жүргізу жиілігі 12 есе ұлғайып, ақауларды анықтау сапасы 90%-ға артады, – деді А.Есімов.

Басқарма төрағасы бұл жол­дың нақты ахуалы бойынша жөндеуге көшуге мүмкіндік бе­ретінін, сондай-ақ пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай әсер ететінін жеткізді.