Руханият • 23 Желтоқсан, 2019

Күлкі керуені № 29

3660 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Күлкі керуені № 29

Ерекең айтқан екен...

Нарынқолдық Ібітанов Еркін адуынды ақын ғана емес, әзіл-оспақтың да айтқышы. Оқыстан шыққан, тапқыр қалжыңдары ел құлағын елең еткізіп, көпшілік арасына сіңіп, ауыздан-ауызға көшіп жүре береді. Айналасын күлкіге кенелткен қиқар жауаптардың әр жағында астарлы ойлардың жатқанын аңғару қиын емес. Ендеше, Ерекең не дер екен, алқақотан отырып, тыңдап көрелік.

ӨЗДЕРІҢЕ ҚИЫН БОЛДЫ-АУ

Ауыздығымен алысқан Горбачевтің арақты қымбаттатқан күні екі-үш қайнағасы: «Ол мына жаңалықты әлі естіген жоқ, бір қатырайық», — деп байлам жасапты.

— Ереке-ау, жаңа ғана радиодан берді, сізге оңай соқпайтын шешім қабылданды.

—  Ол неғылған қиындық?

— Арақтың бағасы қымбаттап кетіпті.

— Ой, бәтшағарлар, маған емес, нағыз қиындық өздеріңе орнап тұр екен қой.

— Heгe, — деді олар қосарлана.

— Өйткені, арақты алатын сендер, ішетін мен ғой, — деген екен.

                       

БҰЛ – ӘКЕМНІҢ МАШИНАСЫ

Қарасаздағы Мұхаметжан қарияның баласы Жекен «Волга» машинасын алған күні Ерекең сол ауылға барыпты. Жолай інісі кездесіп қалып, қуанышына ортақтасуын өтінеді. Жүк салғышта «ас - су» мол, ұрттап-татып ызғытады.

Аядай ауылда жаңалық жата ма, екі туысқанның сән-салтанаты қарияға да жетеді. Ол мына қылыққа ашуланып, дереу күреңіне міне салып шаба жөнеліпті.

Машинадағылар мәз болып келе жатса, қамшысын МАИ қызметкерлерінің таяқшасындай көлденең ұстап әкелері тұр. Сасқалақтап қалады.

— Қап, құртатын болды, — деп санын соқты Жекен.

— Сен үндеме, жауабын өзім беремін, — деді Ерекең.

Машина жер тістеп тоқтады. Қария ұрса жөнелді.

— Мынау сұмдық қой. Техника ат емес, байқамай біреуді қағып кетсеңдер не болады, ә?! — деп бастырмалатты. Сонда Ерекең:

— Аға, бұл әкеңіздің машинасы ма? — дейді.

— Е, жоға.

— Онда бізді кінәламаңыз, тіптен, жұмысыңыз болмасын, себебі, мынау біздің әкеміздің машинасы, — деген екен.

                               

ӘЙ, ПРОРАБ!

 Таң атқанша өлең жазып шаршап, жексенбіде есік алдына шықса, аты да, заты да таныс жолдасы көшені кесіп өтіп барады. Шақырайын десе, табанда есімінің аузына түспей қалғаны. Әйтеуір оның кәсібін жақсы біледі. Сонда:

— Әй, прораб!

(Ол жалт қарапты).

Әкелші бір арақ?

Стакан сұрап aп,

Ішейік тұра қап, —деген екен.

                

ПАРТОРГ БОЛҒАНЫН ҚАРАШЫ

Іссапарға барған Ерекеңді шаруашылықтың жаңа сайланған жас парторгі алып жүріпті.

— Қазір солға! — дейді ол жүргізушіге алдыңғы жақты иегімен нұсқап. Бірақ, қателесіпті. Парторг дереу:

— Ой, айтпақшы оңға! — деп қалады.

Бәрін бақылап отырған Ерекең:

— Әй, құдай-ай: оң мен солын танып үлгермеген біреулердің парторг болғанын қарашы, — деген екен.

                      

МАҒАН ҰЯТ ЕМЕС

Аупарткомның бірінші хатшысы Ерекеңе ертеңгі сағат 7-де телефон шалады.

— Ереке, «Жетісу» газетінің 50 жылдығына арнап анау күнгі мен тапсырған екі шумақ өлеңді жаздың ба! — депті.

— Айтқаныңыз сол сәтте-ақ орындалған.

— Бәрекелді! Шоферімді жіберейін, алып үйге келші, — дейді.

Хатшы жазылған дүниеге бек разы болыпы. Күн жексенбі.

— Ал, Ереке, мынау жуатын нәрсе екен. Таң атпай жүздетіп жіберсек, ұят емес пе, —дейді. Сонда Ерекең:

— Сізге ұят болар, ал маған ұят емес, — деген екен.

                       

БАЛ БОЛМАСА, МАЛ…

... Қараша айында бір колхоз төрағасына Ерекең:

— Хафеке, бал берші, — депті.

— Ойбай-ау, осы күзде бал болушы ма еді. Әлде қашан ада жасадық. Сұрайтын мезгілді білмейді екенсіңдер, — деп дызақтаған көрінді. Сонда Ерекең:

— Жарайды, онда мал берші, — деген екен.

        ҚАРА ЖҰМЫСҚА КЕСІЛГЕН СИЯҚТЫМЫН

— Қалтаңызда неге ақша жүрмейді? — депті бірде қызметтес інісі.

— Бала, осы мен мәңгілік қара жұмысқа кесілген сияқтымын.

— Heгe?

— Өйткені, айлықты корректор болып істейтін жеңгең алады, мен тек қол қойып беремін, — деген екен.

                    

МАХАББАТТЫҢ ДА КӨГІЛДІРІ БОЛА MA ЕКЕН?

«Сенбісің көгілдір махаббатым...» деп шырқалатын Шәмшінің әнін тыңдап отырған Ерекең:

— Ой, тоба-ай! Махаббаттың да көгілдірі болады екен-ау! — деген екен.

                                         

Батық МӘЖИТҰЛЫ