Мына ғаламдастыру ғасыры сіздің кешегі беделіңізге қарайтын емес. Кешегі беделге қарайтын болса, адамзат үшін Парсы мәдениеті, Бағдат мәдениеті, Шам мәдениеті дейтін брендтік ұғымдарды қалыптастырған Иран, Ирак, Сирия мемлекеттерінің дәл қазір ауыздарынан ақ май төгіліп, мейманалары тасып отырған болар еді ғой. Мұны Шығыс өркениетінің шегінісі деп қабылдасаңыз, Батысыңыздың да оза шапқаны байқалмайды. Адам құқы, демократия дейтін қасиетті ұғымдарды еуропалық ағайын бұл күнде білгеніңді істеу, адами құндылықтарды аяқасты ету деп түсініп қалғандай әсер қалдырады. Бір жыныстылардың некелесуі, атаның баладан, баланың атадан безуі деген рухани кеселдердің ошағы Еуропада жатыр. «Еуропа азған жұрт осы күнде» дегенді Шәкәрім қажы осыдан жүз жыл бұрын айтқан екен. Шәкәрім атамыз осынау жырын жазған кезде «қарт» құрлықта әдебиет пен өнердің, ғылымның патшалық құрып тұрған-ақ кезі. Атамыз соның өзінде Батыстағы ағайынның тұрмыс-тіршілігінен бір кінәратты көргені ғой. Шәкәрім атамыздың ол пікірін қисынсыз айтылған пікір дейін десеңіз Еуропаның қазіргі рухани хәлін бәріміз де көріп отырмыз.
Кез келген кесел түпкі себебін тапқанда ғана оңай әрі тез емделеді. Бұл кеселдердің түпкі себебі жер бетіндегі халықтардың өздерінің рухани тамырларынан көз жазып қалғандығында жатыр. Экономикасы құлдыраған мемлекетті кез келген уақытта аяғынан қайта тұрғызып алуға болады. Ал руханияты азған елді ешнәрсе де құтқара алмайды. Осыны әлем мемлекеттері басшыларының ішінде бірінші болып қапысыз ұққан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Қапысыз ұққаннан кейін де «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи дүние өмірге келді. Осынау бағдарламалық мақаланың қазақстандықтарды ғаламдық қатерлерден құтқару үшін жазылғанына бүгінде руханиятты түсінетін адамдардың көздері жетіп болды.
Елбасы аталған еңбегінде бізді ұлттық кодымызды табуға міндеттейді. Ұлттық кодты қайдан табуға болады? Әрине, оны өз ұлтыңыздың сандаған ғасырлар бойы жасаған руханиятынан табасыз. Бабаларымыздың бізге қалдырған рухани жауһарларын бір сүзіп шықсаңыз аз олжаға кенелмейсіз. Ұлттың ұлы тұлғаларының кесек-кесек туындылары сіз үшін айсыз түнде темірқазық болып шығады.
Елбасымыздың дана шешімінің арқасында әділдік салтанат құрып, ғасырлар бойы ұлт руханиятының алтын бесігінде тербетілген Түркістан өңірі өз алдына дербес облыс болып, Шымкент қаласы Қазақстандағы үшінші мегаполис атанды. Ел де, Елбасы да Түркістанды Түркі дүниесінің алтын бесігі деп таниды. Тәуелсіздіктен бергі жылдардың ішінде Шымкент шаһары да тек Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы сұлу, ғажайып қалалардың қатарына қосылды. 2020 жылы Шымкент қаласының 2200 жылдығы ЮНЕСКО аясында аталып өтілмек. Сонымен бірге 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін жоғары дәрежеде атап өтеді. Міне осының бәрі шымкенттіктерге зор міндеттер мен жауапкершілік жүктейді. Шымкентті көркейтуге атсалысқан әлденеше ұрпақтың осынау әсем қалаға деген сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Алайда әлемде болып жатқан құбылыстар Шымкентті де айналып өтпесе керек. Ал Елбасы бізді, қазақстандықтарды, оның ішінде шымкенттіктер де бар, ұлттық кодымызды табуға шақырып отыр. Не істемек керек?
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында:
«Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады» деген болатын.
Мемлекет басшысы айтқандай келесі жылы елімізде аталып өтетін ең айтулы мерекелердің бірі – ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы. Кіндік қаны Отырар жерінде тамып, уақыт өте келе есімі бүкіл әлемге мәшһүр болған бабамыздың мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтілмек. Осы орайда ұлы бабамыздың «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты белгілі философиялық еңбегіне сүйене отырып, Шымкент қаласына «Қайырымды қала» деген балама атау ұсынғымыз келеді. Яғни Шымкент шаһарының анықтамасы, оның халқы – қайырымды қаланың тұрғындары болады. Әл-Фараби бабамыз «Тұрғындары бір-біріне мейірімді, қайырлы, қамқор, еңбекқор, ең бастысы, өздерінің туған қаласын ерекше сүйетін қауым – қайырымды қаланың тұрғындары» дейді. Баршаңызға белгілі, кейіндері көшпенділікке бет бұрған қазақ халқына берекелі мекен, құтты қоныс болған Ұлы Далада орта ғасырларда қала мәдениеті де кеңінен дамыған.
Бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген шығармасындағы мемлекеттің пайда болуы, ондағы тексіздіктің өмірге келуі, идеал қала халқының моральдық бейнесі, қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер, әр адамның бақытқа жету үшін бүкіл қоғам болып тіршілік ету керектігі туралы айтылған пікірлері бүгінге дейін өзекті.
Ғылымы мен білімі, мәдениеті қарыштап дамыған Отырар қаласынан шыққан әл Фараби бабамыз «Қайырымды қала тұрғындары» трактатын жазу барысында Шығыстың жүздеген шаһарын аралап көрді. Көне Шам мен даңқы дүрілдеген Бағдатқа да барады. Сол сапарларда көрген-түйгендерінің, рухани ізденісінің нәтижесінде «Қайырымды қала тұрғындары» атты теңдессіз еңбек дүниеге келді. Сол бабамыздың ойын біз мың жылдан кейін қайта жазып, оны жас ұрпақ санасына сіңіре беруді көздеп отырмыз. Біз әл-Фараби, Абай сынды ұлы тұлғалар еңбектерінің мемлекеттік тәуелсіздікті нығайту, ұлт тұтастығын ұйыстыру, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеудің негізі екенін ұмытпауымыз керек. Әл-Фарабиді таныған, Абайды түсінген ұрпақ өзінің ұлттық кодын тез табады деген ойдамыз.
Дегенмен, әл-Фарабиді тану, Абайды түсіну оңай шаруа емес. Осынау алып тұлғалар өз биігін оңай алдырса, ұлы бола ма?! Фарабиді, Абайды түсінуге үлкен ішкі дайындық керек. Әл-Фарабиге, Абайға бару үшін алдымен өз замандастарыңды түсін. Шымкент қаласының үлкен көшелеріне бүгінгі қазақ поэзиясының жарқын өкілдерінің бір-бір шумақ өлеңдерін ілудегі бір мақсат осы. Екінші бір мақсат, өлең оқып өскен ұрпақтың ішкі әлемі сұлу болады. Ішкі әлемі сұлу адам қылмыстан қашық болады, адамдарға қайырымдылық жасауға асық болады. Қайырымды адамдары көбейсе, қала да қайырымды болады. Ұлттық кодты табуды жүзеге асырудың ең сенімді жолы – руханиятыңа оралу!
Осы жерде бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Кешегі демалыс күндері әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласында жаңажылдық шырша мерекесі басталып, оның қайырымды қала концепциясымен жүзеге асырылатыны, «Қайырымды қала» дейтін әннің тұсауы кесілетіндігі жария болып, оған отандастарымыз өздерінің пікірлерін қызу білдірді. Пікірлердің көпшілігі «Шымкент өзін қайырымды қала етіп жариялағаннан кейін елордалықтардың мұндай қадамға баруы «жиендік жасау», яғни плагиат болып табылады» дегенге келіп саяды. Біз мұндай пікірлермен мүлде келіспейміз. Рас, «Қайырымды қала» деген идеяны жүзеге асыруға алғаш талпыныс жасаған – Шымкент қаласы. Бірақ ол басқа қалалар қайырымды қала болмасын дегенді білдірмейді. «Қайырымды қала» деген идеяны жалғыз Нұр-Сұлтан қаласы емес, еліміздің басқа қалалары да іліп әкетсе, қанеки! Оған тек қуану керек, елордалықтардың осынау қадамын қуана құптау керек. Еліміздің бүкіл қаласы қайырымды қала болып жатса, байтақ Қазақстанымыз әлемге қайырымды мемлекет болудың үлгісін көрсетпей ме?! Үлкеніміз де, кішіміз де осы мұраттың жолынан табылсақ, ол Шәкәрім атамыз айтқандай, «Жетпесең де алғаның» болып шықпай ма?!
Келесі жылы 175 жылдығы мемлекетімізде кең көлемде аталып өтілетін Абай атамыз «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді!» дейді. Ендеше, іске сәт, «Қайырымды қала мен оның қайырлы тұрғындары!»
Ерлан АЙТАХАНОВ,
Шымкент қаласының әкімі