Ұлттың Қайта өрлеу дәуірі болатындай, мемлекеттің де өз жолында айрықша қарқынмен дамыған, бел-белес жетістіктерге қарымдап емес, қарыштап ұмтылған кезеңдері болады. Әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізуде, саяси, экономикалық салаларда заманаға сай бейімдеп дамытуда сүбелі жетістіктерге жету Тұңғыш Президент, Елбасының қажырлы еңбегінің нәтижесінде әлеуметтік мемлекетті құрып, дамудың қазақстандық жолын қалыптастыра алдық.
Бұл мақала – еңбек жолын қарапайым тергеушіліктен бастап Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, Жоғарғы Сот төрағасы дәрежесіне дейін көтеріліп, кейінгі жылдары өзінің үлкен арманы – ұстаз болуға бет бұрып, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің президент-ректорлығын абыроймен атқарып келе жатқан белгілі қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев туралы болмақшы.
Мақсұт Сұлтанұлы соғыста Отан үшін шейіт болған қазақ жауынгерінің баласы. Сараң тағдыр мен сарабдал тарих, көзін ашпай жатып, әкесі соғысқа аттанды. Қаңқасы, сүйегі қайда қалғаны белгісіз (кейін тапты) қайран әкелеріміздің, жесірліктен жеркүйік боп кете жаздаған аяулы аналарымыздың сұрапыл соғыс салдарынан жетімдіктен көзкүйік болғаны баршамызға аян. Бесіктен белі шықпай жатып, іштегі мұңға сырттағы алапай ұласты. Қабырғасы қатпай жатып жоқтық, жетімдік көрді. Көкірегіндегі зарды байқатпай, көзіндегі жасты көрсетпей, қасарыса жүріп қайрат, алыса жүріп ақыл жиып өсті. Мақаң түскен еңіс қандай тұңғиық болса, ол жеткен жеңіс сондай тым биік. Өзінен басқа ешкім айтып жеткізе алмайтын өзіндік тағдыр-талайы бар, оның тұңғиығына тек өзі ғана бойлайтын, өзіндік экзистенция, тылсым сырлары, мол өмірлік қоры мен табиғи даралығы, талғампаздығы, кемелденген келбеті, даусыз мойындалып отырған үлкен талант иесі.
“Кемшілігі жоқ адам – адам емес”, деген екен Бауыржан Момышұлы. Кез келген адам кемшіліксіз емес. Қарақан басының қамымен ғана келіп, соны түсінбедің деп өкпелейтіндер де, ештеңенің бабына бармай байбалам салатындар да, әдейі жоқ жерден жау тауып, ілік іздейтін, аңысын аңдап, есеппен келетін алакөңілдер де болды. Мақсұт Сұлтанұлы осынау қилы-қилы көзқарастарды, түрлі тағдырларды салқынқандылықпен қабылдап, мәселенің мәнін, келген кісінің жанын түсініп, байыбына барып, дұрысын-бұрысын сараптап алып, шеберлікпен шешіп отырды.
Мақаң қазақ саяси, құқықтық ойлау жүйесінің жаңа белестерін қамтитын сындарлы толғаулар мен салдарлы мақалалар жазды.
Біз адамдардың кемшіліктерін көргішпіз де, жақсылықтарын мойындауға келгенде мүлдем сараңбыз. Мақсұт Сұлтанұлы Жоғарғы Сотқа төраға болысымен жиырма бес күннің ішінде барлық судъяларға мантия кигізген. Еліміздегі белгілі үлгішілер мен суретшілерді қатыстыра отырып, конкурс жариялап, судьялардың қазіргі киіп жүрген мантиясын таңдап шыққан.
Астанадағы үш бидің ескерткіші, Алматыдағы “Фемида” алаңы да Мақаңның тікелей араласуымен жүзеге асқан.
Мақсұт Сұлтанұлы ісімен ірі, әрекетімен айдынын асырған, жан-жақты көңілі жүйрік, көкжиегі кең, айналасындағылардан, уақыттан, уақиғалардан атын оздырып, беделін биіктеткен азамат. Жарық дүниені жарық деп білетін және оны жарық ететін жаны жайсаң адам.
Зиялықтың үлгісін, саңлақтардың сабағын игерген Мақаң өзінің өсу жолдарында, биіктеу баспалдақтарында адам бағасын, маман қадірін, өмір мәнін, заман заңын саралады. Мемлекетшіл, Отанын ойлайтын, Елбасы саясатын қолдайтын және оны жан-жүрегімен мүлтіксіз орындайтын жансебіл жан. Замана үмітін ақтайтын, әрі өз қадір-қасиетін сақтайтын, жақсылық пен жаңалықты жақтайтын, халық мақтайтын тура, тұрлаулы, көпшіл, қамқор басшы. Ол “Әділет” партиясының көшбасшысы.
Ұлттың ақыл-ой әлеуеті бүгінде бізде жоғары оқу орындарында жасалады. Реформалардың өміршеңдігі сапалы білім беру қызметтерін ұсыну, мамандар даярлау, инновациялық қағидаларды енгізу және соңғы кезекте тиісінше заңдық қамтамасыз ету саласындағы жекелеген мәселелерді шешуге тікелей байланысты. Білімсіз болашақ жоқ, елсізді елдіге, азды көпке, жоқты барға теңгеретін білім мен ғылым. Қазақ жастары сапалы білім алып, өмірден өз орнын табуы керек. Жастарымыз басқалармен тереземіз тең болуы үшін терең білім алуға, ел игілігіне қызмет етуге тиіс.
Жаhандану үрдісінен тыс қала алмайтын Қазақстан үшін бәсекеге қарсы тұрар жан-жақты даярлығы бар, білімді де білікті мамандар керек. Елдің болашағы солардың қолында. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Білім беру реформасының басты өлшемі тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады”, – деп қадап айтқан.
Қазақ гуманитарлық-заң университетінің мазмұны мен формасы, оның болмысы – Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың бүкіл елімізге, қазаққа салдырған, қалдырған ескерткіші. ҚазГЗУ түлеп, түрленіп, оның ғимаратының өзі Астананың көркіне көрік қосып, жасанып шыға келді, оның әрі мен мәнін қоса келтірді. Астананың дастаны сөз болғанда біз ең алдымен батырларға тән батыл қадамға барып, ұлы қалалардың бой көтеруіне ұшан-теңіз үлес қосқан азаматтарды еске алып, соларға ерекше тағзым еткеніміз абзал. Сарыарқаның сайын дала, сағымды белдерінде, Астанамызда Мақаң зәулім оқу орнын салды. Астананың сәні мен мәнін, мазмұны мен тұрпатын салтанатты, күмбезді, мұнаралы сарайлар, алып ғимараттар, тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер, гүлзарлар, саябақтар, субұрқақтар әшекейлесе, соның бірегейі – біздің ҚазГЗУ.
Ұлы көште жаңа Астанаға Мақаңның өзімен бірге келген, сенімді серіктері шапағатына бөленді. Бәрімізді қамқорлыққа алып, туысқандай баулып, көңілдің қыбын, істің жігін табуға, қиын түйіндерді шебер шешуге ұмтылды. Ол жақсыны көріп сүйінгенін, жаманды көріп күйінгенін жасырмайды. Мақаң жүрген жер өмір талғамы, ол сөйлеген сөз кемелді ойдың ұйытқысына айналады.
Мақсұт Сұлтанұлы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі талантты ұстаздарға әдейі іздеу салды, Алматы мен Қарағанды, Шымкент пен Ақтөбе, Талдықорған мен Қызылордадағы тарландарды жинады. Мақаң бәріміздің рухани қамқоршымыз бола білді, жоғары білім жүйесін, заң ғылымын өте жақсы біледі, басшылық, ұйымдастырушылық қабілеті, адамгершілік қасиеттері, ұстаздық таланты, университет ұжымының жағдайын, оқу-тәрбие жұмыстарының сапасын бақылап, талдап, оқу бөлімдеріне көмек көрсетіп отырады.
ҚазГЗУ-да студент үшін барлық жағдай бар. Еркіндік, тәуелсіздік, студент үшін қажетті ақпарат та, дерек те, мәлімет те жеткілікті. Бүгінгі студент білім алумен қатар, белсенді өмірлік ұстанымы, өзіндік көзқарасы бар, адами құндылықтарды бағалайтын, мәдениетті, парасатты азамат болып қалыптасуы тиіс.
Мақаңның қамқорлығымен білім жүйесінде көптеген жастар өсіп жетілді. Олардың ішінде көрнекті қайраткерлер, ірі ғалымдар, заң орындарының, ғылыми-зерттеу орталықтары мен оқу орындарының жетекшілері бар. Көптеген шетелдерге шығады, олардан жинап-теріп әкелген жаңалықтарын електен өткізіп, саралап, ең маңыздыларын ҚазГЗУ білім жүйесіне енгізіп отырады.
Мақсұт Сұлтанұлы алдына келген адамнан ақыл-ойын аямайды. Ой-өрісі кең кәсіби маман, үлкен қайраткер, білікті басшы, жоғары мектептің ірі ұйымдастырушысы. Ол қарапайым, кішіпейіл, өте таза, адал, қайырымды. Әділдікті сүйеді, барлық мәселелерді әділдікпен шешуге тырысады. Оның адами болмысы, атқарған қызметі, тындырған тірліктері кейінгі жастарға үлгі болады, үлкен тәрбиелік мәні зор.
Мақсұт Сұлтанұлын ерекше толғандыратын мәселе – ұлттық мүдденің қайнарында жатқан құндылықтар – ана тіліміздің бүгінгі күйі. Әлбетте, тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы бағытында көп нәрсе жүзеге асты. Егемендіктің алғашқы жылдары мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміз 1995 жылы конституциялық шешімге ие болды. Ол тіл туралы заңда нақтылана түсті. Мұны жүзеге асыру бағытында Үкіметтің арнайы қаулы-қарарлары мен мемлекеттік бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Көптеген жылдар теперіш көрген тіліміз кеңістігінде оң өзгерістер орын алып, жаңа бағыттар қалыптасты.
Мақаңның тіл тағдырын, діл дегбірін, дін тағылымын ұштастырған ұлағатты пікірлері мен ұрымтал ойлары жүрекке ұялайды. Ол өз тілін, дінін, ұлтын өте жақсы көріп құрмет тұтады. Қазақ тілінің майын тамызып сөйлеп, жазғандағы сауатының өзінен біздер тәнті болып, тағылым алып жатамыз. Ол “Жазушы” баспасынан шыққан “Неміс жазушыларының повестері” атты жинақтағы екі повестің тәржімашысы. “Тергеуші” атты повесін жазған. Сазгер. “Жетісу-жерұйығым” және тағы бірқатар әндердің авторы. Спорттық хоббиі – теннис, жеңіл атлетика, шаңғы, гольф, атқа шабу. Кабинеті де, үйі де жиналған кітаптарға толы. Олар жай кітаптар емес, бүкіл энциклопедиялық, көздің жауын алатын әлемдік інжу-маржан туындылар. Сонымен бірге, қазақтың классикалық ақын-жазушыларының көркем әдебиеттері де жинақталған. Кітаптарды жинап қана қоймай, оларды оқып, үнемі ізденісте өз қажетіне тиімді пайдаланады.
Қазақтың қамын жейтін, елдің мүддесін ойлайтын, еліміздің егемендігін талмай насихаттайтын, азаматтық, қайраткерлік, қабілет-қарымы, болмыс бітімі адам таңырқарлық перзенттік махаббатпен аялаған әке бақытты. Мақсұт Нәрікбаев сынды қамқор әкесі болған балалар қандай бақытты, сонымен бірге Талғат, Қанат сықылды тәрбиелі, әрі дарынды балалары болған әке де қандай бақытты. Сүйікті әкенің шынайы азаматтық, әрі адами келбетін ұғыну, оның ерекше қасиеттеріне үңілу, өмірінің маңызды да, қызғылықты сәттерін бағамдау, әкенің бітім-болмысынан, дүниеауи бейнесінен, өмірлік экзистенциялық философиясынан нәр алу қандай бақытты. Әке мен бала арасындағы жүрек елжіретер қарым-қатынас бұл.
Мақсұт Сұлтанұлы – тереңнен толғар пайыммен, қоғамға, ортаға, адамға деген қырағы көзқарасымен, шыншылдығы мен шынайылығы, көк семсердің жүзіндей байыпты, нысаналы сөзімен халқымызға танылған замана перзенті, қазақтың бітімін толықтырып, сапасын арттырып, қуатын шарықтырып тұрған Мақсұт – дәйекті құбылыс, феномен, өшпес қазына, асыл мұра боларлық тұлға. Замана сырын жан-жүрегімен сезіну, халық тілегін терең оймен барлау – Мақсұтқа тән қасиет. Мақсұт – маңдай алдыңнан туып, жолыңа жарық түсіріп тұрған, адастырмайтын – мақсат, замана нысаны.
Шерхан ағамыз: “Алпыс – тал түс екен” десе, Әбіш ағамыз: “Талтүстен кейін сары бесін келмеуші ме еді. Ендеше, жетпіс жердің түбі емес, сол айтқан сары бесін. Алыс жолдағы жолаушының аз-маз ат шалдырып алып, қайтадан атқа қонатын кезекті аялдамасы”, – деген.
Халқына бергенінен берері әлі көп, жолыңыз, яғни жасыңыз ұзақ, саралы сапарыңыз сәтті болғай, Мақсұт аға!
Нұртас ИМАНҚҰЛ, философия ғылымдарының докторы, профессор.