Спорт • 01 Қаңтар, 2020

Токио табысты болғай

249 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әрбір төрт жылда бір айналып келетін жаһанның басты жарысы, айтулы аламаны – Олимпиялық ойындардың кезеңі де келе жатыр. Биыл – кезекті Олимпиада жылы. Бұл жолғы XXXII Жазғы Олимпия ойындары 2020 жылдың 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Жапонияның бас шаһары – Токиода өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы төрт жылдықтың басты додасы бұрын-соңды болмаған ең инновациялық Олимпиада болмақ.

Токио табысты болғай

 

Қазіргі таңда Токионың 13 ауда­нындағы спорт арена­ла­рын­да əлемнің түкпір-түк­пі­рі­­нен жиналатын спортшылар 33 спорт түрінен 339 медаль жи­ын­­тығын сарапқа сала­ды. Токио Олимпиадасына жа­ңа­дан бес спорт түрі енді. Олар: бейс­бол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг. Биылғы дода­ға әлемнің 206 елінен 11090 спорт­шы қатысады деп жос­пар­лан­ған. Спортшылардың 49%-ы әйелдер болмақ. Бұл – ген­дер­­лік теңдікті білдіреді. 2017 жылы Халықаралық Олимпиада ко­ми­­те­тінің атқарушы комитеті кезек­­тен тыс бас қосып, Токио Олим­пиадасының бағдар­ла­ма­сы­на бір­ша­ма өзгеріс енгізді. Басты мақсат – төрт жылдық дү­бірлі додаға қатысатын ерлер мен әйел­дер­дің санын теңестіру. Сөй­тіп жеңіл атлетика, су спорты түр­ле­рі, ны­сана көздеу, ауыр атлетика, бокс және күрес түрлеріндегі ер­лер жол­да­маларының (лицензиялар) саны қысқарып, әйелдердің үле­сі­не бе­рілді.

Жапония дүбірлі доданы осы­мен екінші рет қабылдамақ. Күн­­шығыс елі ең алғаш Жазғы Олим­пия ойындарын 1964 жылы өткізген. Сол жылы 93 елдің спортшылары бақ сынап, спорт­тың 19 түрінен жүлделерді сарапқа салған-ды. Ол уақытта қазақстандық спортшылар Кеңес Одағының құрамында бақ сынаса, биыл Тәуелсіз ел ретінде жетінші Жазғы Олимпия ойындарына қатыспақ. Қазірге дейін еліміздің саңлақтары 25 жолдамаға қол жеткізіп отыр. Алда əлі талай іріктеу сайыстары тұр. Солар арқылы тағы қаншама атлетіміздің бағы жанатынына сенгіміз келеді.

Жазғы Олимпия ойындарына (ЖОО) Тəуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеміз. Ең алғаш егемен ел ретінде 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадаға қатыстық. Ол біздің спортшылар үшін өте жақсы басталды. Аламанда 3 алтын, 4 күміс жəне 4 қола медаль алған саңлақтарымыз жалпы есепте 24-орынға табан тіреді. Атлантада грек-рим күресінен Юрий Мельниченко, боксшы Василий Жиров жəне бес­сайысшы Александр Парыгин атой салды, ал мылтық атудан Сергей Беляев – екі, ал ауыр атлет Анатолий Храпатый бір күміс медальды қоржынға салды. Бокс­шы­лар Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов, мерген Влад­имир Вохмянин жəне еркін күрес шебері Мəулен Мамыров Олим­пиа­даның қола жүлдегері атанды.

Жаңа ғасырдағы Сидней Олим­пиа­дасында (2000) да жер­лес­­теріміз тәуір нәтиже көрсетті. Жеті медаль (3 алтын, 4 күміс) олжа­ла­ған саңлақтарымыз жал­пы­командалық есепте 22-орыннан көрінді. Алтын ме­даль­­ды боксшылар Бекзат Сат­тар­ханов пен Ермахан Иб­ра­йы­мов, жеңіл атлет Ольга Ши­ши­­гина, күміс медальды бокс­­­шылар Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдабеков, ве­ло­спорт­­шы Александр Вино­ку­ров жəне еркін күрес ше­бе­рі Ислам Байрамуков əперді.

2004 жылы Афина Олим­пиа­да­сында спортшыларымыздың нәтижесі біраз төмендеді. Онда 1 алтын, 4 күміс жəне 3 қола медаль алып, жиынтығында 8 медальға тоқтаған қазақстандықтар жалпы есепте 40-орынға табан тіреді. Жалғыз алтынды боксшы Бақтияр Артаев қанжығасына байласа, күміс медальды қазіргі таңда кәсіпқой бокста қарсыластарын қоғадай жапырып жүрген Ген­на­дий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, грек-рим кү­ресінен Георгий Цурцумия, еркін күрестен Геннадий Лалиев ен­шілесе, қола медальды онсайыс­шы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов жəне грек-рим күресі шебері Мхитар Манукян ие­ле­нді.

2008 жылы өткен Бейжің Олим­пиадасында 13 спортшымыз жүлдегерлер қатарынан кө­рінді. Алайда, допинг тексерісінен кейін, ХОК 5 отандасымыздың жүлдесін қай­та­рып алды. Ауыратлет Илья Ильин допинг қолданды деген айып­пен Олимпиада чемпионы деген атағынан айырылса, дәл сондай айыппен Таймураз Тигиев (күрес) пен Ирина Некрасова (ауыр атлетика) күміс, Мария Грабовецкая (ауыр атлетика) пен Әсет Мәмбетов (күрес) қола жүлделерін қайтарып берді. Ал өзге елдің спортшылары допингпен ұсталып, нәтижесінде 2008 жылы күміс алған отандасымыз Алла Важенина (ауыр атлет) арада 8 жыл өткенде Олимпиада чемпионы атанса, Нұрбақыт Теңізбаев (күрес) пен Ольга Рыпаковалардың (үш қарғып секіру) қола жүлделері күміске айналды.

Сөйтіп бұл додада қазақ­стан­дық­тар жалпы саны 2 алтын, 3 күміс жəне 4 қола медаль алып, командалық есепте 37-орынға тұ­рақ­та­ды. Қазақстанның алғашқы алтынын ел қоржынына бокс­шы Бақыт Сəрсекбаев салса, екін­ші­сі жоғарыда айтқандай Алла Важенинаға тиесілі. Күміс медаль­ды Асхат Житкеев иеленсе, қола медальдар əйелдер күресінен Елена Шалыгинаға, еркін күрестен Марид Муталимовке, боксшы Еркебұлан Шынəлиевке жəне таэквондошы Арман Шылмановқа бұйырды.

2012 жылғы Лондонда өткен Олимпия ойындарда қазақс­тан­дық спортшылар толайым табысқа жетіп, алғаш рет Олим­пиа­дада 7 алтын алдық деп бөр­кімізді аспанға атып едік. Сөйт­сек, бекер қуанған екенбіз. Арада 4 жыл өткенде Илья Ильин бастаған ауыратлеттеріміз Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова допинг қолданды деген айыппен алтын медальдарын қайтарып берді. Есесіне тағы бір ауыратлетіміз Анна Нұрмұхамбетова мен еркін күрес шебері Дәулет Шабанбай қола жүлдегер атанды.

Бүгінде Лондондағы табысы­мыз 11 медаль (3 алтын, 1 кү­міс, 7 қола). 2012 жылы алтын жүлделер легін велоспортшы Александр Винокуров бас­тап берген еді. Жеңісті жолды әрі қарай боксшы Серік Сəпиев пен жеңіл атлет Ольга Рыпа­ко­ва жалғап, Отанымыздың даң­қын асыра түскен-ді. Боксшы Əділбек Ниязымбетов күміспен күптел­се, қола медальды грек-рим күре­сі­нен Даниял Гаджиев, еркін кү­рес­т­ен Ақжүрек Таңатаров, бокс­тан Марина Вольнова мен Иван Дычко, əйелдер күресінен Гүзел Манюрова олжалады.

2016 жылғы Рио Олим­пиа­дасында да сайыпқыран саң­лақ­тарымыз ауыз толтырып айтар­лық­тай нәтижеге қол жеткізді. 3 алтын, 5 күміс, 10 қола жүлде (18) олжалаған спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте 22-орынға тұрақтады. Жүзу спортынан Дмитрий Баландин, ауыр­атлет Ниджат Рагимов және бокс­шы Данияр Елеусінов ел мерейін асырып, алтыннан алқа тағынды. Ал Елдос Сметов (дзюдо), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Василий Левит (бокс), Әділбек Ниязымбетов (бокс), Гюзель Манюрова (күрес) Рио төрінде күміс, Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Фархад Харки, Карина Горичева, Денис Уланов, Алек­сан­др Зайчиков (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Элмира Сыздықова, Ека­те­ри­на Ларионова (күрес), Иван Дычко, Дариға Шәкімова (бокс) ел қоржынына қола медаль салды.

Осылайша Тəуелсіз Қазақстан құ­рамасы 1996 жылдан бері 7 Олимпиадада 15 алтын, 21 күміс жəне 28 қола медаль олжалап, жалпы саны 64 жүлдеге жеткізді. Енді алдағы шілде-тамыз айларында өтетін Токио Олим­пиа­да­сын­да осы жүлделер саны арта түседі деп үміттенеміз.

Бүгінге дейін саңлақтарымыз Токио Олимпиадасына 25 лицензия жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Юрий Юрков (нысана көздеу), Сәрсенкүл Рысбекова (стенд ату), Ришат Хайбуллин (спорт­тық­ құзға өрмелеу), Дмитрий Ба­ландин (100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт, лицензия командаға беріледі), садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжан Мұсаев; ко­ман­­далық және жекелей сын), Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Екатерина және Александра Немич (синхронды жүзу), Милад Карими (спорттық гимнастика), Валентина Исламова, Эльмира Сыз­дықова (әйелдер күресі), Асхат Ділмұхамедов, Мейрамбек Айна­ғұлов (грек-рим күресі), Нұрис­лам Санаев, Дәулет Нияз­беков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали (еркін күрес) Олимпиада жолдамасына қол жеткізген болатын.