Киевке бағыт алған PS752 ұшағы Тегерандағы Имам Хомейни әуежайынан көтеріле бере құлаған. Ирандағы Украина елшілігінің мәліметіне сүйенсек, алдын ала болжам бойынша ұшақтың құлауына қозғалтқыштың істен шығуы себеп болған.
«Алғашқы ақпаратқа сай, техникалық себептерге байланысты қозғалтқыштың істен шығуынан ұшақ құлады. Қазіргі таңда оқиғаға террористік шабуылдың қатысы анықталып жатыр», делінген Украина сыртқы істер министрлігінің сайтында.
Апаттан қаза тапқандардың басым бөлігі – Иран азаматтары (82 адам). Сондай-ақ Канаданың – 63, Украинаның – 11, Швецияның – 10, Ауғанстанның – 4, Ұлыбританияның – 3 және Германияның 3 азаматы қайтыс болған.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматы жоқ. «Иран Сыртқы істер министрлігінің Қазақстанның Тегерандағы елшілігіне берген алдын ала ақпараты бойынша, Украина әуе компаниясының құлаған ұшағының жолаушылары арасында қазақстандықтар жоқ. Сонымен қатар елшілік консулдық есепте тұрған Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен байланысып жатыр», деді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров. Қазіргі таңда Иранда Қазақстанның 174 азаматы тіркелген.
Ұшақтың апатқа ұшырауына байланысты Украина президенті Володимир Зеленский Оманға сапарын тоқтатып, Киевке қайта оралды. Сондай-ақ ресми мәліметтен бұрын тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұрады. «Барлық жолаушылар мен экипаж мүшелерінің туыстарына және достарына қайғырып көңіл айтамын», деді В.Зеленский.
Осы оқиғадан кейін Украина халықаралық әуежолдары (UIA) Тегеран бағытындағы бүкіл рейсті тоқтатты. Иран бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, құтқарушылар ұшақтың «қара жәшігін» тапқан. В.Зеленскийдің сөзіне қарағанда, Украина қаза тапқандардың денесін елге жеткізу үшін арнайы ұшақ әзірлеген. Қазіргі таңда Иран тарапының мақұлдауын күтіп отыр.
Апатқа ұшыраған ұшақтың қызмет көрсете бастағанына көп болмаған. Боинг 737-800 NG әуе кемесі 2016 жылы жасалып, қолданысқа берілген. Содан бері ұшақ UIA компаниясына мүлтіксіз қызмет етіп келген екен. Оның үстіне, Иран әуе апаты жиі болатын елге жатады. Кейінгі үш жылда осы елде
3 мәрте ұшақ құлап отыр.
Боинг компаниясы әуе кемесінің құлауын тексеруді жіті бақылайтынын мәлімдеді. «Ирандағы апат туралы хабардармыз. Қазіргі таңда ақпарат жинап жатырмыз», деген Боингтің баспасөз хатшысы CNN арнасына берген сұхбатында. Айта кету керек, кейінгі бірнеше жылда Боингтің жаңа ұшақтары жиі құлап жүр. Мәселен, 2018 жылы Lion Air компаниясының Boeing 737 Max ұшағы және 2019 жылы Ethiopian Airlines компаниясының Boeing 737 Max ұшағы құлап, жалпы саны 346 адам қаза тапқан-тұғын. Содан бері компания Boeing 737 Max сериясындағы бүкіл әуе кемесін қайтарған-ды.
Дәл осы Boeing 737-800 әуе кемесі де жиі құлайды. 2016 жылы FlyDubai компаниясының осындай маркалы ұшағы Ресейдің Ростов қаласына қону кезінде апатқа ұшырап, 62 адамның өмірін жалмаған еді. 2010 жылы Air India Express компаниясының ұшағы Үндістанда құлап, 150-ден астам адам қаза тапқан-ды.
Әдетте Боинг компаниясы осындай апаттарды тексеру жұмысына көмегін аяған емес. Бірақ бұл жолы компанияның қолы байлаулы болып тұр. АҚШ-тың Иранға салған санкциясына байланысты америкалық компания апат салдарын анықтауға толыққанды көмектесе алмауы ықтимал.
Қазіргі таңда апаттың себебі анықталып жатыр. Украина сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қорытынды шығаруға әлі ерте.