Руханият • 09 Қаңтар, 2020

Интеллигент

1188 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертеректе, Кеңес өкіметінің әбден гүлденген, халықтың оқуы жетіліп, көзі ашылған заманында Қазақстан Орталық партия комитетінің бір нұсқаушысы батыстың дамыған елдерінің біріне халықаралық конференцияға қатысуға іссапармен барған екен. Ол шет тілін және саясат, тарих, философияны жақсы білсе керек. Өзінің білімімен, мәнерімен жұртшылықты таңғалдырады. Шетелдік әріптестері өмірбаянын, қайда білім алғанын сұрастыра бастайды. Жұмыс­шының баласы екенін, алған білімін, қай­да қызмет істейтінін, өзін интеллигент (біздіңше зиялы) санайтынын айтады. Сонда қасындағы шетелдік әріптестерінің бірі әзіл-шыны аралас «жоқ, сіз әлі толық интеллигент емес екенсіз» депті. Неге деп сұраған екен. «Сіз шынайы интеллигент болу үшін сіздің әкеңіз және оның әкесі де интеллигент болу керек» депті жаңағы шетелдік азамат.

Интеллигент

Байқасаңыз, осы сөзде терең мән бар. Жақсы адамды жақсы орта ғана емес, жақсы заман тәрбиелейді. «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі» деп Абай атамыз тегін айтпаған. Бүгінгінің жеткіншегі ертең зиялы болып қалыптасардай дұрыс тәрбие алуы үшін көкорай шалғын ортасында ылғал мен күн шуағына, самал жел, саф ауаға қанығып, желкілдеп жетілетін жеміс ағашы секілді ең әуелі өскен ортасы дұрыс болуы керек. Тектілік дегеннің өзі содан кейін пайда болатын құбылыс. Жалпы, тектілік, ақсүйектік дегеніміздің өзі жақсы жағдайда өмір сүрген адамдар ұрпағының бірнеше буынынан кейін барып қана пайда болады деп ойлаймын.

Біз, қазақ халқы – талай топалаңды бас­тан кешірген халықпыз. Тыныш, мамыражай өмір сүрген заманымыз аз. Атадан балаға мирас болып жалғасып келе жатқан қазақтың тектілік тәрбиесін Кеңес заманы бұзды. Ол өз адамдарын тәрбиеледі. Барлық жерде мектептер ұйымдастырып, халықтың көзін ашты. Экономиканы көтеру үшін халықты жаппай еңбекке жұмылдырды. Өзгеше идеологиялық қырлары болды. Осыдан халықтың білімі жетілгенімен жалпы қоғам жаппай қоңырқай тартты. Сол қоңырқай топтың ортасынан жүрегі таза, білімі мен мәдениеті жетіле бастаған жақсы адамдар, интеллигент аталатын тұтас бір әлеуметтік топ қалыптаса бас­тап еді, оны нарық келіп бұзды. Жұрттың бәрі ақшаның соңынан жүгірді. Сондықтан өз өмірімде қазақтың шынайы зиялы азаматтарын, мәдениетті интеллигенттерін аз кездестірдім деп айта аламын. Әрине Кеңес заманының ең мамыражай шағы болған өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басындағы біздің студенттік кезімізде ұстаздарымыз арасынан қазақ интеллигенттігінің аздаған шоғыр өкілдерін байқадым. Солардың арасынан қазақтың атақты тілші ғалымы Сәрсен Аманжоловтың баласы – қазақтан шыққан алғашқы түрколог ғалымдардың бірегейі Алтай ағай Аманжоловтың бейнесі көңіл өлшеміме сәйкес келген тұлға ретінде ерекше жатталып қалды. Ол кісінің өмір жолына, білімі мен мәдениетіне және шынайы болмысына қарап тектілік тәрбиесінің қалай бастау алып, қалай жетілетіндігін ұққандай болдым.

Менің түсінігімде, интеллигент адам тәрбие мен білімнің ұштасқан үдерісінде ұзаққа созылатын үздіксіз процесс нәтиже­сінде барып жетіледі. Қоғамдық ортада олар басқа тастар арасындағы саф алтындай ерек­шеленіп тұрады. Әрине жарқырауы жағынан бірден көзге түспеуі мүмкін, бірақ ешуақытта бойындағы қасиетін жоймайды. «Асыл адам айнымас» дегендей олардың бойындағы негізгі адамгершілік ұстыны – тәрбие. Тәрбие адамгершіліктен, адалдықтан аттауға жол бермейді. Ал бі­лім дегеніміз соның үстіндегі жапсырма секіл­ді, ол адамды шешім қабылдаған кезде қате­лестірмейді. Мұндай адамдар қоғамның ақыл-ойы мен ар-ұжданының үлгісі мен бас­тама­шысына айналған кезде қоғам сирек қателеседі. «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» демеп пе еді Абай атамыз. Біздің қазіргі қазақ қауымын жөнге салуға әлеуеті бар әлеуметтік топ, ол – зиялылар қауымы деп түсінеміз. Әрине бұл үшін олардың өзі жетіліп алуы керек.

Қазіргі қазақ қоғамының бір қателігі – қоғамдық ортада білімімен көзге түскен адамды, әсіресе ақын-жазушыларды зия­лы деп есептейтіндігі, солардың сөзіне сенетіндігі. Бұған келісуге де, келіспеуге де болар. Өйткені олар атақты ақын Қа­дыр Мырза Әлі айтқандай, «қоғамның қолты­ғындағы градусник» болуы, ақиқатты айтуы, көп мәселеде бастамашы рөлін атқаруы мүмкін. Бірақ әркез қоғамның ақыл-ойы мен ар-ұжданы бола алмайды деген ойдамыз.