Экономика • 14 Қаңтар, 2020

Жалтырдың жүйріктері

192 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шоқжұлдыздай шағын ғана Жалтыр ауылында жан жадыра­тар жаңалық көп. Мұндағы экономикалық белсенді 2173 адам 219 шаруашылық нысанында жұмыс істейді. Ауылдық округтегі 176 жеке кәсіпкерді қосып есептегенде, 2018 жылы бюджетке 37480 мың теңге салық түскен. Мұның өзі 2019 жылдың қатталып-шотталып жатқан қорытынды көрсет­кіш­­тері бұдан да ауқымды болатынына шүбә келтіруге бол­май­тындай. Кей жерде екі қолға бір күрек таба алмай қаң­та­рылып қарап отыратындар қарадай қарныңды аштырса, жұмысы қысы-жазы қайнап жататын еңбекқор, тындырымды тұр­ғындары көп Жалтырыңыз өзіне тартып тұратын ауылдар қа­тарында.

Жалтырдың жүйріктері

Осы жолы арнайы ат басын бұруымызға аудан әкімі Нұрлан Сейіловтің Мусиндердің отбасы жайлы риза көңіл әңгімесі себепкер болып еді. Осындағы жеті ағайынды жігіт астық кеп­тіргіш кешенін шығарады. Жай ғана шығарып қоймайды, то­лық циклде, яғни еліміздің кез келген аймағынан тапсырыс берушілерге өз қолдарымен да­йын­да­ған күрделі жабдықтарды өздері барып, орнатып береді және шеберлік сыныбын өткі­зе­ді. Бұған әрине, селт етпейтін кісі болмас.

Бірақ журналистер қауымы «AZAM-КC» серіктестігінің ты­­ныс-тіршілігінен мүлдем хабар­сыз деуге келе қоймас. Жал­тыр­­да­ғы жақсы істер жайында бұ­рын да естігенбіз. Ұмтылысы ерекше ұжымды Аязбек Му­син­нің құрғандығы, 2016 жылы өңірлік сында 1 орынды жеңіп ал­ғандығы, «Алтын сапа», «Қазақ­станның үздік тауары» бай­қауларына қатысқандығы, 2018 жылы республикалық байқауда жүлделі үштіктің қата­ры­на қосылғандығы, ал 2019 жылы «Қазақстанның үздік тауары» облыстық байқауында жеңімпаз атанғаны туралы құлағдармыз. Әйткенмен, ауыл жастарымен жақын кездесіп, ашық әңгімелесудің сәті түс­пеп еді. Бүгінде Қарағанды уни­верситетінің түлегі Аязбек Сейілбекұлы ірі компания мәр­те­­бесіне көтерілген ұжым бас­­шысы болса, інісі Заманбек Жал­тыр­дағы кәсіпорынның дирек­торы екен.

Аязбек інісін ертерек шың­да­ғаны байқалады. Заман­бек­ті қара жұмыстың бар­лы­ғына да салып, университет­те үздіктер қатарында бол­уын қатаң қадағалағандай. Әсі­ресе Төңкеріс астық қа­был­дау кәсіпорнында атқа­ру­шы директор қызметін атқарған­дығы ­тәжірибе қалып­тас­тыру ғана емес, жаңа ізде­ніс­тер­ге бастағаны деп ұқтық. За­манбектің сөздерінде техни­ка­лық терминдер көбейе бастаған шақта, аздап күлімсіреп, біз­ді алып ангардағы өндіріс құ­ша­ғы­на бастады.

Мұндай кәсіпорында тар­сыл-гүрсілсіз бола ма? Әйт­кен­мен, кейбір зауыт­тар­да­ғыдай найзағай жарқылдап, жер сіл­кіндіргендей құлақ тұн­дырар қатерлі жағдай жоқ мұн­да. Барлық жұмыс көп дең­гейлі жүйемен авто­мат­тан­дырылған. Жұмыс ба­рысы әлемдік деңгейдегі «OVEN» компа­ния­сының элект­ро­ни­калық жабдықтарымен басқа­ры­лады. «3D» деңгейіндегі 18 түрлі лазерлік станоктар конс­труктор Артем Леоновтың сызбаларына сәйкес пішіліп, кесіліп, әп-сәтте құрастыру жабдықтарына айналып жатыр. Бұл ақылды станоктарды Қытай мен Ресейдің өндіруші ұйымдарының өкілдері орнатып, жергілікті операторларды машықтандырып кетіпті. Ал шикізат өз елімізден.

Жалтырдағы зауыт әріп­тес­теріне дәнді, майлы және бұр­шақ дақылдарын өңдейтін «КС» маркалы заманауи астық кептіргіштерінің үш түрін ұсы­нады. Мұндай кешендер бастапқы ылғалдылығы 35 па­йыздық өнімді сағатына 25, 30 және 50 тоннаға дейін кеп­­тіреді және түпкі нәтиже 8 па­йыз­ға төмендейді екен. Яғни, қабылданған дақыл 1-2 кластық базалық кондицияға жеткізіледі. Жалпы, «Optim-Мus» кеше­ні­нің толық қамтылған құ­ра­мы «Бастау+» қауыз таза­ла­ғыштарынан, «Калибр» және аэродинамикалық «Ко­лос» сұрыптау машина­ла­­­ры­нан, кең алымды «Са­мұ­рық» елеуіштерінен, қуатты жел­деткіштерден, металл шө­міш­ті транспортерлерден, жылу өткізгіштерінен, өртке қарсы жабдықтардан, тағы басқа тех­но­логиялық көмекші құ­рал­дар­дан тұрады. Астық кептіргіш кешенінде табиғи және сұйық газ, дизель отыны пайдаланылады. Осы жерде экологиялық талаптар толық қамтамасыз етілетін кешендегі жылу генераторлары Қазақстан мен Ресей мамандары тарапынан жоғары бағаланып, осы елдердің 5 патентіне ие болғанын атап өткіміз келеді.

Ал сапа жағына келсек, «AZAM-КC» ЖШС бүкіл жұмыс ауқымына тұрақты мониторинг жасауды бірінші кезекте ұстайды. Мұнда «СТ РК ИСО 9001-2009» арнайы сертификатталған сапа менед­жмен­ті жүйесі енгізілген. Ұжым «Қазақстан машина жасаушылар одағы» бірлестігінің мүшесі, өнім­дері «Агротехника» агро­өнеркәсіптік кешені Мем­ле­кет­тік бағдарламасының несие реестріне және дайындалған жаб­дықтарын 25 пайыздық мөл­шерде субсидиялаудың Мем­лекеттік инвестициялық бағ­дар­ламасыне енгізілген. Барлық өнім сертификатталып, арнайы патенттелген. Осының өзі кең ауқымды өндірістегі біршама жағдайды аңғартса керек.

Қа­зіргі күннің тала­бымен қарасақ, кез келген кәсіп­орын­ның бәсекеге қабілетті болуы – бизнестегі басты шарт. Жал­тыр­лық жігіттердің өнімді шы­ғарып қана қоймай, оның өнді­рісте қалтқысыз жұмыс істеу­ін қамтамасыз ететіндігі тәнті етеді. Мұнда мынадай жүйе қалыптасқан: «Жеткізу – ірге­та­сын қалау – құрастыру – электр жүйелерін орнату – іске қосу – оқыту – бір жылдық кепілді қызмет – одан кейінгі сервистік қызмет». Бұл оңай шаруа емес. Дегенмен, «AZAM-КC» осынау басты ұстанымын үнемі биік ұстайтыны ғанибет. Бұл жұмысқа жүз бірдей кісі жұмылған. Вахталық әдіспен қызмет көрсететін жедел топтар арнайы техникалармен қамтамасыз етілген. Қоймада қажетті қосалқы бөлшектердің 3000 түрі тұрақты қорланған және бұл бөлшектер мен тиісті ма­мандар өздері орнатқан ны­сан­­дарға бір тәуліктің ішінде же­тіп барады.

Біз зауыт директоры Заман­бек Мусинге бір сұрақ қой­дық: «Осының бәрі қалай басталып еді?».

– Біз көп балалы отбасынанбыз. Әуелі мектептегі бауырла­рым­мен бірге қара металл сы­нық­­тарын жинап, өткізумен айна­лыстық. Бәріміздің бір­дей жоғары білім алуға мүм­кін­дігіміз болмады. Бірақ іні­ле­рім­нің барлығында орта кәсіптік білім бар. Университет бітірген мен заңгермін. Аязбек ағамның қамшылауымен алға ұмтылуға тырыстық. Жиған-тергенімізді өндіріске салдық. Бастапқыда Астрахандағы бос тұрған ғима­ратты жалға алғанбыз. Төң­ке­рісте жүргендегі көрген-түй­ген ойларымды бауырларым қол­да­ды. Жалтырда 2017 жылы жеке ангар тұрғызып, алғашқы астық кептіргіш қондырғысын сыннан өткіздік. Интернеттің көмегімен болашаққа негіздел­ген озық технологияларды зерт­­тедік, бизнес-жоспарларымыз мақұлданып, патент­терге ие болдық. Алғаш­қы қон­дыр­ғы­мыз 2018 жылы Бұланды ауданындағы «Новоб­рат­ское» ЖШС-де ойдағыдай нәтиже берді. Ең бастысы, бауыр­­­ларым Аязбек, Арыстанбек, Ән­уарбек, Мұратбек, Рүстем­бек, Айбектердің маған сен­­геніне, бастамаларымды іліп алып кеткеніне, қиындықтарға төз­ге­ніне, табандылығына ризамын.

– Соңғы екі жылда Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл облыстарында біздің 50 астық кептіру кешеніміз жұмыс істеп тұр. Биыл­ға да тапсырыстарымыз бар. Біз әріптестік байланыстарды құр­меттейміз және сенімнен шығуды өмірлік ұстанымымыз санай­мыз, – дейді Заманбек бауы­рымыз.

Жал­тырдағы жақсы істер жал­пақ жұртқа өнеге.

        

Ақмола облысы,

Астрахан ауданы