01 Тамыз, 2013

Тарихшылар жаңа оқулық жазуды қолға алады

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

История

Тарих пәні бойынша мектеп оқушылары мен студенттерді шатастырмайтын оқулық жазылады. Алдын ала жасалған жоспар бойынша «Әлем тарихы», «Орта Азиялық мемлекеттер тарихы» атты кітаптарды ғалымдар оқырмандар игілігіне жаратуды мақсат тұтып отыр. Бұл жөнінде мәлімдеген Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяғанның дерегіне сүйеніп, «Айқын» газеті жазды.

Б. Аяғанның мәлімдеуінше, бұл жолы тарихшылардың тиянақты жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Сондықтан оқырмандарға шынайы деректі қамтыған тұщымды дүние ұсынылады. Институт жетекшісі айтқан мәліметтерге жүгінсек, еліміздегі 59 жоғары оқу орнында Қазақстан тарихы кафедралары жұмыс істеуде. 4 мемлекеттік, 9 акционерлік, 9 жеке жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедралары жаңадан ашылып, жұмысқа кіріскен. Тарих мамандығы бойынша жоғары білім беретін кадрларды даярлауға да мемлекеттік тапсырыс көбейіпті. Сонымен бірге, тарих саласындағы PhD докторларын даярлауға артық грант берілген. Осыған орай ұлт тарихын қайта зерделеуге мүмкіндік жасалып отыр. Мәселен, Кеңес Одағының батыры атанған Әлия мен Мәншүктің өмірлеріне қатысты біз білмейтін деректер айтыла бастады.

«Мәншүк соғысқа өз еркімен сұранып аттанды. Неге? Себебі оның әкесі халық жауы ретінде ұсталып, атылып кеткен. Мәншүк әкесінің ұсталғанын білген. Оның соғысқа қатысуы «әкемді орыс жерінен аман алып шыға­мын ба?» деген арманымен бай­ла­нысты болуы мүмкін. Біз Мән­шүк­тің ерлігін айтамыз да, шық­қан тегін айтпаймыз. Себебі ол жағы әлі ашылмаған» деген Б.Аяған репрес­сияға ұшыраған­дардың балаларының ҰОС кезін­де со­ғысқа өз еріктерімен сұра­нып бару үрдісі болғанын айтады.  Ол сонымен бірге Әлияның Молдағұлова атануы әкесінің ауқатты қазақ болуына байла­нысты деген ақтөбелік тарихшы­лардың пайымдауын қолдай­тынын біл­дірді. «Әлия қалайша Ленин­град­қа барды? Әлияның әкесі ауқатты болған. Бай-кулак ретінде ұсталып кеткен. Ал анасын атып тастаған. Әлия нағашы ағасының қолында өсіп, сол кісі­нің фамилиясын ал­ған. Фами­лия­сын бай тұқымы деп қудалан­басын деген сақтықтан ауыстыруы мүмкін» дейді Бүркітбай Аяған. Бұл біз білетін қос батыр қы­зымызға қатысты ғана болжам деректер. Әлі сырын ішіне бүгіп жатқан тың деректер қаншама?!

Данияр Түймебай.