«Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған» деп бағаланатын Маңғыстауда құрақ көрпе құрау ұзақ жылдардан бері анадан қызға, келінге жалғасып келеді. Маңғыстауда өткен ғасырдың 80-жылдары есін біліп, бойжетіңкіреп қалған қыз балалардың ісмерлікпен айналыспағаны кемде-кем. Себебі киіз үйді бау-басқұр, шашақ-әдемі желбау, қоржын, өзге де қазақы нақыштағы бұйымдармен жасандыру, сондай-ақ, жүн сабап киіз басу, түр ойып текемет басу, ұршық иіріп, оны ширатып киім тоқу, ши орау, көрпе құрап, сырғалақ айналдыру, өзге де халқымыздың төл өнері ел арасында сәнге айналды ма – әйтеуір сол кезде жасөспірім қыздардың шеберлігі бірінен-бірі асып түскендігіне бүгінгі күн куә. Себебі бүгінгі халқымыздың төл өнерін насихаттап, оны жастар арасына үйретіп жүрген буын – сол кездегі балаң қыздар – бүгінгі апалар, ақ жаулықты аналар. Кей кезде ол үрдіс «ел арасында сәнге айналды» деп айту бекер сияқты болады, құдды ақ жаулықты аналар кеңестік кезеңнің қыспағына қарамай жастарға төл өнерді жанталаса үйретіп, бүгінге жалғай жеткізіп кетуге еңбек еткен-ау деген ой келеді.
Бүгінгі ұрпақ бабалардан, аналардан қалған төл өнерді заманауи үлгіде дамытып, жан-жақты жетілдіре түсуге ұмтылуда. Матаның қат кезінде қолда бар мүмкіндік шегінде ғана құрай алған көрікті көрпелерді бүгінгі шеберлер кездеме маталарды – жұмсағы керек пе, қаттысы керек пе, оюлысы ма, әле оюсызы ма, гүлдісі ме, жоқ па, түктісі керек пе, түксізі қажет пе, ақ, қызыл, жасыл, сары – қасына тау ғып үйіп қойып қалауынша пайдаланып, көрпені құбылта құрауда. Бірақ оның арғы бастауы бәрібір баба мұрада жатыр.
Маңғыстауда жыл сайын құрақ көрпеден фестиваль өткізіліп келеді. Бұған дейін екі жыл қатарынан Жаңаөзен қаласында өткен шара биыл Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен Ақтау қаласында жалғасын тапты. Оған өңірдегі бес
аудан мен екі қаладан 28 қатысушы жиналды.
– Құрақ – «адамның басы құралсын» деген ырыммен тігілетін көрпе. Мақсатымыз – ұлттық қол өнерімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету. Үйде отырып іс тігіп, оны онлайн түрде саудаға шығарып отырған облыстың әр түкпіріндегі нәзік жандылардың басын қосу, бір-бірінен тәжірибе алмастыру. Жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді кәсіпке баулып, ынталандыруды көздейміз, – дейді Жаңаөзен қалалық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Тілектес Болатбаева.
Фестивалге көздің жауын алатын сан түрлі көрпелер қойылды. Мақпал, барқыт, шыт, т.б. маталар түрінен құралған көрпелерден Маңғыстаудың ежелгі қөлөнерінің жарқын көріністерін байқауға болады. Ши құрақтардың арасына түйе бейнесін, тастағы ежелгі таңбалы белгілерді салып тігу, жаңаша сән кіргізуді көздеген үлгілері де бар.
Танымал ісмер-шебер апалар қазылық еткен байқауда жүлдегерлер арнайы орындармен бірге «Көрермен көзайымы», «Жас шебер», «Ынталандыру», «Ою құрақ шебері», «Ісмер әйел», «Күміс қол», «Алтын оймақ», «Құрақ әлемінің ханшайымы» сынды жүлделермен марапатталды.
Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Оған жастардың қызығушылығы да жоғары. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау сан қырлы идеялармен жаңара жетіліп жалғаса түседі деуге болады.
Маңғыстау облысы