Адам баласының басына төнер қауіптің саны көп. Соның бірі – аяқ астынан болатын жарақат түрлері. Жөңкіліп жатқан көлік қақтығыстарында, күнделікті тұрмыста, құрылыста, өндірісте, әйтеуір әр жерде, түрлі сипатта, түрлі дәрежеде жарақаттанып, «Жедел жәрдем» қызметі шақырылады. Міне, сондай сәтте жаныңнан табылатын дәрігер білігіне көп дүние байланысты. Ауруханаға жеткізілместен бұрын жасалған алғашқы көмектен бастап, жолда, көлік үстінде, одан клиникаға апарған кездегі жәрдемнің деңгейі қандай? Әрі оны қалай жақсартуға болады деген ой жетегі ТМД көлемінде алғаш рет халықаралық стандартқа жауап беретін PHTLS (Prehospital Trauma Life Support – Жарақат кезінде ауруханаға дейінгі жедел жәрдем жаттықтырушыларын) даярлау қажет деген мақсатқа алып келеді. Осылайша Ұлттық шұғыл медициналық көмектің үйлестіру орталығы халықаралық NAEMT (National Association of Emergency Medikal Technikans – Жарақаттану бойынша жедел жәрдем мамандарының ұлттық ассоциациясынан) сертификаттандырылған жаттықтырушыларды шақыртып, қазақстандық алғашқы 10 жаттықтырушыны оқытты.
Сертификатты табыстау рәсімінде сөйлеген Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаева алғашқы нұсқаушы-жаттықтырушыларға: «Сіздер алған сертификаттың мерзімі 4 жылға белгіленген. Жаттықтырушылық – өзгеше абыройлы міндет. Осы жылдар ішінде алдыңызға келген мамандармен білгендеріңізбен бөлісіп, нұсқаушы-жаттықтырушы қызметін атқарып, сіздер таратқан тәжірибе арқылы тұтас ел көлемінде халықаралық стандартқа жауап беретін жедел жәрдем қызметінің жұмысы жүреді. Сондықтан мойындарыңызда жауапты да, абыройлы міндет тұр» деді.
Ұлттық шұғыл медициналық көмектің үйлестіру орталығындағы Оқыту орталығының жетекшісі Ғұмырбек Ағыбаевты сөзге тартқанымызда ол алғашқы 10 нұсқаушы-жаттықтырушының арнайы оқытылуының маңызына тоқтала келе: «Жасыратын жай емес, бүгінде еліміз бойынша жол-көлік оқиғаларынан көптеген адам зардап шегіп, талай жас қыршынынан қиылып жатады. Ал оқып шыққан мамандар осындай кезде көмектің қандай жағдайда, қай түрі тиімді екенін пайымдап, бірінші кезекте не атқарылуы тиіс, ауруханаға жету жолында қандай кәсіби жәрдем көрсетіледі, соның бәрін арнайы оқытып үйрететін сертификатты мамандардың алдын көріп, білімдерін жетілдірді. Енді әрқайсысы өз өңірлеріне барып, «Жедел жәрдем» мамандарын жарақаттану кезінде көрсетілетін көмектер жүйесі бойынша оқытады, осылайша өз мамандарымыздың тізбегі қалыптасатын болады», деді.