Заң жобасын ұсынушылардың айтуынша, мұндай қадамға баруға электронды құрылғылардан қалатын қоқыс әсер етіп отыр. «Қуаттағыштардың әртүрлі болуы қолдану үшін ғана тиімсіз емес. Жыл сайын электронды құрылғы қоқысын 51 000 тоннаға арттырып отыр. Бұл – өте көп», дейді Еуропа парламентінің мүшесі Хилде Ваутманс.
Еуропарламенттің тағы бір депутаты Петра де Сюттердің сөзіне қарағанда, бүкіл телефонға ортақ қуаттағыштың болмауының басты себебі – алпауыт компаниялардың лобби жасауында жатыр. Мәселен, Apple компаниясы нарықтағы өз жүйесін ұстап қалуды көздейді.
«Қарт құрлықта» мұндай жоба алғаш рет ұсынылып отырған жоқ. 2009 жылы Еуропалық комиссия электронды құрылғы өндірушілермен келісіп, бірыңғай қуаттағыш шығаруға келіскен болатын. Тіпті кез келген келісімге көне қоймайтын Apple компаниясы да мұндай талапқа көніп, Еуропалық одақта қолданылатын арнайы қуаттағыш шығарған-тұғын.
Алайда, бұл бастама ерікті түрде жүргендіктен, 2014 жылы оның мерзімі аяқталды. Сөйтіп электронды құрылғы өндірушілер қайтадан бұрынғы әніне басқан-ды.
Жалпы, бірыңғай қуаттағыш шығару ең әуелі Apple компаниясына әсер етпек. Өйткені Huawei, Samsung секілді телефон нарығындағы үлкен компаниялар USB-C қуаттағышын қолданады. Apple секілді кейбір өндірушілер ғана құрылғыларын дербес қуаттағыш түріне бейімдеген.
2018 жылы Еуропалық парламент қайтадан бастама көтеріп, электронды құрылғы нарығына қатысы бардың бәрін үнқосуға шақырды. Көп ұзамай Apple осыған байланысты арнайы мәлімдеме жасаған-ды. Компанияның сөзіне сүйенсек, мұндай талап телефон қуаттағышын шығарушылардың жұмысына кедергі келтіреді. Өйткені олар ізденіп, жаңаша әдіс ұсынудың орнына бір орында тұрақтап қалмақ.
Сондай-ақ Apple экологиялық таза қуаттағыш шығаруды қолға алғанын да алға тартты. Қазіргі таңда 1 миллиардқа жуық осындай өнім саудаға шығарылып үлгеріпті. Дегенмен компания сақтық ретінде кейбір өнімдерін USB-C түріне ауыстыра бастады.
Еуропа парламентіндегі бүкіл саяси топтар да бұл жобаны қолдап отыр. Осыған байланысты қарар ақпанда дауыс беруге ұсынылмақ. Қысқасы, алда-жалда Еуропалық парламент Apple секілді компанияларды бірыңғай қуаттағыш шығаруға міндеттесе, мұның бүкіл әлемге әсер ететінін болжау қиын емес. Өйткені түрлі нарыққа арнап бірнеше қуаттағыш шығарғаннан, бір түрін ғана өндірген тиімді болатыны түсінікті.