Медицина • 20 Қаңтар, 2020

Жекеменшік емхана жүйесінің дамуына не кедергі?

1013 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанның бас шаһарында шамамен 100 мыңнан аса адам бастапқы медициналық-санитарлық көмекке зәру. Себебі алғашқы медициналық қызметті көрсететін емханалардың көбі тұрғын жайлардан шалғай орналасқан. Демографтардың болжамынша жыл сайын елордадағы халықтың саны 60 мыңға көбейіп келеді. Осыдан-ақ аталған проблеманы шешу маңызды міндеттердің қатарында екенін аңғару қиын емес. Яғни, жекеменшік медицинаны дамыту кезек күттірмейді.

Жекеменшік  емхана жүйесінің дамуына не кедергі?

Ашылмай жатып жабылған

Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты білім беру және денсаулық сақтау саласымен тығыз байланысты. Жасыратыны жоқ, қазір жұрт отандық медицинаны жерден алып, жерге салып жатады. Әлбетте, саладағы олқылықтар аз емес. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға тағы болмайды. «Алғашқы көмек адамдарға барынша жақын болу қажет. Тұрғылықты жеріне қарамастан барлық азаматтарға толық көлемдегі сапалы медициналық қызмет қолжетімді болуы тиіс. Таяу жылдары қоғамдық денсаулық сақтау қызметіне және алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жұмсалатын шығыстардың көлемін саланы қаржыландырудың жалпы есебінен 60%-ға дейін ұлғайту қажет. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай алдын алу шараларына бағытталған шығындардың көлемі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне жетеді». Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Ақтөбе облысында өткен дәрігерлердің халықаралық құрылтайында айтқан сөзі. Демек, денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Бірақ оның орындалу барысы қалай? Жақын жерден ем-дом алуға жағдай жасалған ба? Жекеменшік медицинада әділ, бәсекелестік орта қаншалықты қалыптасқан? Жергілікті атқамінерлер алға қойылған міндеттерді орындап келе ме? Міне, бұл – үлкен сұрақ. Айталық, бас қалада жаңадан ашылған бірнеше жекеменшік медициналық емхана тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін жүзеге асыруға қатыса алмай жүр.

Емхана басшылары тұрғындарды тіркеу науқанынан тыс қалып, оған елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасын кінәлап отыр. Мәселен, жас дәрігер Бектас Қайып Нұр-Сұлтан шаһарының инфрақұрылымын дамыту бірыңғай жоспарына сәйкес «Үйдегі дәрігер» жобасы арқылы сол жағалаудан жеке емханасын ашқан. Әйтсе де қуа­нышы ұзаққа созылмаған жас кәсіпкер кәсібінің нәсібін көрген жоқ. Себебі медициналық орталық бар-жоғы 8 айдай ғана жұмыс істеген. Осы уақыт ара­лығында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан бірде-бір қолдау көрсетілмеді деп налиды іскер азамат.

– Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қаншама ресми хат жаздым. Жауап келмеді. Қолдаймыз деп құр сөз жүзінде уәде берді. Ал 8 айда қаншама моральдық әрі материалдық шығын шектік. Ай сайын ғимаратты жалдау ақысына 1,5 млн теңге төленді. Ал оның алдында емхананы жөндеуге, қажетті қондырғыларды алуға едәуір қаражат жұмсалды. Бұдан кейін емхананы сатуға тура келді. Басында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшылары халықты тіркеуге көмектесеміз деп уәде берді. 30 қызметкер жұмыссыз қалды. Жоспарда 8 учаске ашып, 12 мың адамды бастапқы медициналық-санитарлық көмекпен қамту көзделген болатын, – деді Б.Қайып.

 

Тұрғындарға қолайлы аумақта ашуды көздеген

Салы суға кеткен кәсіпкердің бірі – Аида Омарбекова. Оның емханасы медициналық қызметке рұқсат беретін лицензияны 21қарашада ал­ғандықтан халықты тіркеу науқанына қатысып үлгермепті. Ал қосалқы мер­дігер ретінде тек консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету құ­қығы беріледі екен. Соның өзіне қатысу мүм­кіндігі бұйырмай отыр.

 – Қосалқы мердігерлік қызметке мемлекеттік емхана бізбен келісім­шартқа отыруы екіталай. Бұған еш­кім 100% кепілдік бермейді. Бұл мәселені де қарастырып жатырмыз. Консультациялық-диагностикалық қыз­­мет көрсетуге байланысты өтініш бер­дік. Бірақ хаттамада өтінішіміз мақұлданбады. Өйткені мұндай қызметті көрсету үшін емханаға тір­келген адам болуы тиіс. Тіркеу мау­сымынан тыс қалғандықтан қызмет көрсетуге құқығымыз жоқ. Біз алғашқы медициналық көмекті емханасы жоқ ауданда, яғни тұрғындарға қолайлы аумақта ұсынғымыз келді, – деді А.Омарбекова.

 

Тіркеу науқанына қатыспаған

Десе де жоғарыдағы айтылғандармен жауапты орган өкілдері келіспейді. Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орын­басары Әлия Рүстемованың сө­зінше, гәптің бәрі Денсаулық сақтау министрлігінің №281 бұйрығында жатса керек. Бұйрық бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмекті көрсетуші ұйымдар халықты тіркеу кезеңіне қатысу керек. Бұл жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қарашаның аралығында өткізіледі. Тәртіпке сәйкес тіркеуге алынған тұрғындардың саны 1500-ден көп те, аз да болмауы шарт.

– Нормативті актілердің дерегіне сәйкес, тіркеу науқанының нәтижесі бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы жа­нындағы комиссияның отырысы өт­кізіледі. Комиссия медициналық қыз­меттерді ұсынушы жаңа ұйымдарды анық­тайды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қо­сымша жаңа үш ұйым белгілі болды. Бұл хаттамада жоғарыдағы өтініш білдірушілер жоқ. Себебі олар тіркеу науқанына қатыспады. Бұл тәртіптен тек бір жылдың ішінде мем­лекеттік бюджет есебінен салынған емханалар мен мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтін медициналық ұйымдар босатылады, – деді Ә.Рүстемова.

Сол секілді қоғамдық денсаулық сақ­тау басқармасы басшысының орын­басары жекеменшік емханаларға қа­тысты тұрғындардың шағымдары бар екенін айтты. Ә.Рүстемованың сөзіне қарағанда, ондағы қызметтен бас тартып, қайтадан мемлекеттік медициналық ұйымдардың есебіне тұрып жатқан халық аз емес.

 

Заң қарсы, мемлекеттік стратегия қолдайды

Ал заңгерлердің пікіріне сүйенсек, құқықтық-нормативтік актілердің негі­зінде басқарманың уәжі ақылға қонымды. Дегенмен бұл екінші жағынан мемлекеттің денсаулық сақтау саласын дамыту стратегиясы мен елдегі шағын және орта бизнесті өркендетуге қарама-қайшы фактор. Соған қарамастан мамандар бұл парадокстан шығудың амалы жоқ емес деп санайды.

– Басқарманың шешімімен ке­ліспеуге болады. Олар Денсаулық сақ­тау министрінің бұйрығына сіл­теме жасады. Атап айтқанда, №591 бұй­рықта мемлекет қазынасынан я болмаса мемлекет-жекеменшік әріптестік шеңберінен тыс, жеке инвестициялар есебінен салынған емханалар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін жүзеге асы­руға қатыса алмайды деп алға тартуда. Сондықтан заңға сәйкес олар тіркеу науқанынан шет қалды. 4 кәсіпкер 270 млн теңгеден астам несие алған. Қазір ай сайын ғимаратты жалдағаны үшін және коммуналдық қызметтерге байланысты 6 млн теңгеден төлеп жатыр. Бүгінде олардың жұмысы жабылудың аз-ақ алдында тұр. Өйткені адам тіркелмегендіктен емдейтін еш­кім жоқ әрі ақша да бөлінбейді. Бұл кәсіпкерлер елорда әкімдігі сайтындағы интерактивті картадан емханасы жоқ аудандарды таңдаған. Осы қажеттілікті негізге ала отырып, олар жекеменшік емхананы ашуға бел буған. Енді әкімдік оларды қажетсіз деп санап отыр. Жалпы, жоғарыдағы 4 кәсіпкер шамамен 60 мыңға жуық адамға қызмет көрсетуді мақсат еткен, – деді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының заңгерлік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуанышбек Мұқаш.

Республикалық электронды денсау­лық сақтау орталығының ресми мәлі­метінше, астанадағы №4 қалалық емханада тіркелген халықтың саны 80 мыңнан асып жығылады. Негізгі шекті деңгей – 50 мың. Сондай-ақ №9 қалалық емханада тіркелгендер 90 мыңға тақау. №5 емханада бұл көрсеткіш 70 мың адамды құрайды. «Ниет» отбасылық денсаулық сақтау орталығын қоса алғанда артық жүктеме 100 мыңнан асады. Демек, 100 мың елордалық сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізе алмай келеді.

P.S. Бүгінгі дәуірдің ырғағы ақ­параттық технологиямен тығыз қабысқаны анық. Экономикадан бас­­тап барлық маңызды салалар цифр­ландырудың сүзгісінен өтіп жатыр. Енді мына қызықты қараңыз. Жоға­рыдағы іскер азаматтар кәсіп­ті бастамас бұрын әкімдіктің пор­талындағы интерактивті картадан емханасы жоқ аудандарды таңдаған. Іс жүзіне келгенде бұл аймақтарда жекеменшік медициналық орталықтар бар болып шықты. Соған қарағанда елорда билігі сайттағы мәліметтерді жаңартуға бас ауыртпайтын сыңайлы. Егер бұлай болмаған жағдайда аталған проблема мүлдем қаузалмас еді деген ойға келесің...